Маусымның 19-ында Үштөбеге жарты ғасыр толатынын жергілікті шенеуніктер мен тұрғындар Азаттық радиосы тілшісінен білді. Осы қаланың құрылуына себеп болған мекеме - вагон жөндейтін депо жабылатынын естіген жұрт "жұмыссыздар саны өседі" деп алаңдап отыр.
Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен 1961 жылдың 19 маусымында Үштөбе елді мекеніне аудан деңгейіндегі қала статусы берілді. Үштөбе ауылдық кеңесі жойылып, Үштөбе қалалық кеңесі құрылған еді. Бұл оқиғаны Алматы облысы Қаратал ауданының әкімшілік орталығы Үштөбеде еске алған ешкім көрінбеді. Қазіргі жағдай халықтың думандатып тойлауына мұрша берер емес.
ҮШТӨБЕ ТОЙДЫ ЕМЕС, ДЕПОНЫ ОЙЛАЙДЫ
Қала іргетасы қалануына ұйытқы болған мекеме - вагон жөндеу депосының жабылуына қатысты көңіл құлазытатын әңгіме қалада өріп жүр. Үштөбе тұрғыны Арын Арықбаев Азаттық радиосының тілшісіне жерлестерінің уайымын айтты:
- Депоның жабылуына байланысты пойыздар мұнда бұрынғыдай 20 минут емес, 2-3 минут қана аялдайтын болады. Пойыздардың арқасында мұндағы вокзалда сауда-саттық жүріп, көптеген жан ас-суын ажырататын.
Анна Ошменская есімді жас ана жұмыссыздар саны өсе түсетінін айтады:
- Депоның барлық қызметкерлерін қысқартып жатыр, кезінде ол жерде аталарымыз бен әкелеріміз тер төкті. Бүкіл қала депоның арқасында
күнелтіп келген. Енді халық не істемек?
Батима Қалқанова вокзал маңындағы базарда Қытай тауарын сатады. Ол да депоның жабылуына алаңдайды:
- Үштөбеде жұмысқа орналасатын бірде бір фабрика, зауыт жоқ. Тек шойын жолдан ғана нәпақамызды табатынбыз. Енді тығырыққа тірелдік. Сондықтан көптеген адам бұл жақтан көшіп жатыр.
Үштөбе әкімшілігі су құбырын жөндеуге кірісіп кеткен екен. Халық канализацияның істен шығып, қала лас судың астында қалудың сәл-ақ алдында тұрғанын айтады.
Үштөбе әкімі Амандос Қабаров Азаттық радиосына вагон жөндейтін депоның жабылуы жайлы ақпаратты растады:
- Расында да біздің депоны Матай және Ақтоғай стансаларына ауыстырмақ. Қаламыз Транссібір теміржолы магистралін салу тұсында 1928 жылы құрылған еді. Депоға қоса тағы тоғыз қапталдас мекемелердің жабылатыны өкінішті-ақ.
КИІЗ ҮЙ ЖАСАУҒА ҚЫТАЙ КӨМЕКТЕСПЕК
Совет одағы тұсында Үштөбеде бұрынғы одақ бойынша киіз үй жасайтын жалғыз фабрика жұмыс істейтін. Бұл фабрика 1960 жылдардың орта тұсында ашылған еді. Оның өнімдері мал шаруашылығы саласында, құрылыс отрядтарында, демалыс орындарында, сонымен қатар жер сілкінісі мен су тасқыны сияқты табиғат апаттары кезінде қолданылды. Кезінде фабрика алтын медальге ие болған. Тәуелсіздік орнаған тұста комбинат құрдымға кетті. Инвесторлар мұнда оқтын-оқтын төбе көрсететін және оның жұмысын жандандыруға тырысып бақты.
Бірақ комбинатты қайта дамыту көптеген себептерге байланысты жүзеге аспады. 2010 жылы жаңа қожайын "Отау-Үштөбе" компаниясы келді. Компания комбинат корпустарының бірін қалпына келтірді. Осында
жүнді алғашқы түтуден өткізу цехын ашу жоспарланып отыр. Компания директорының орынбасары Еркін Қарауылов былай дейді:
- Аспап Қытайдан әкелінген. Құралды іске қосуға да қытайлық мамандар ат салыспақ. Бұдан кейін біз өзге де цехтарды іске қоспақпыз.
ТОҚАЕВ МҰРАЖАЙЫ - ҮШТӨБЕНІҢ МАҚТАНЫШЫ
2000 жылдардың басында Үштөбе мектептерінің біріне Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері және детектив жанрында жазған жазушы марқұм Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Ол - Алматы облысы Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылының тумасы, әрі мемлекет қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі.
Осы жылдың басында бұрыны сыртқы істер министрі, премьер-министр болған парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің директоры болып тағайындалды.
Кемел Тоқаев атындағы мектепте жазушының мұражайы ашылған. Ұстаздардың сөзіне қарағанда, бұл мекеме қаланың көрікті жеріне айналып келеді. Олар мұражайға мектеп оқушылары ғана емес, қала қонақтарының барып тұратынын айтады.
- Мұражайдың ашылуына Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мұрындық болған. Ол мұражайды құнды жәдігерлермен және кітаптармен қамтамасыз етіп тұрады. Мұражай жанында Кемел Тоқаев атындағы қор ашылған, - дейді мекеме қызметкері Светлана Рыжова.
Есімдерін атамауды жөн көрген кейбір мұғалімдер мектеп жиһазын көрсетті. Олар мұндағы мүліктерге қарауға ұялатындарын жасырмайды. Олардың айтуынша, парталарға 30 жылдың жүзі болыпты. Осыған орай инспекторлар да оқу орнының басшылығына ұдайы ескерту жасайды екен.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жайнаған Үштөбе қаласынан тәуелсіздік тұсында белгі де қалмаған. Халық жағдайдың қиындап бара жатқанын айтады. Арықтағы судың әлі күнге дейін лас екенін алға тартады жұртшылық. Бірақ балалар осыдан 30 жыл бұрынғыдай суға шомылып жүр.