Сарапшылар биліктің «құпия соғысы» жария қарсылыққа кезікті деп санайды

Саясаттанушы Досым Сәтбаев, «Қазақстанның терроризмге қарсы жүйесі. Ондағы қоғамның рөлі мен проблемаларының диагностикасы» дөңгелек үстеліне қатысып отыр. Алматы, 16 қараша 2011 жыл.

«Қазақстанда терроризм күшейіп келеді» деп санайтын «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин оған «айналамыздағы тұрақсыздық әсер етіп отыр» десе, енді бір сарапшылар «Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы құпия соғыс аяқталды» дейді.

Қарашаның 16-сы күні Алматыда Ұлттық демократиялық институты (АҚШ) және Тәуекелдерді бағалау тобының (Қазақстан) ұйымдастыруымен «Қазақстанның терроризмге қарсы жүйесі: қоғамның рөлі мен проблемаларының диагностикасы» деген дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге қазақстандық саясаткерлер, әскери сарапшылар, қазақстандық БАҚ-тардың саяси шолушылары, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«ҚҰПИЯ СОҒЫС АЯҚТАЛДЫ»

Дөңгелек үстелдің модераторы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтбаев Қазақстандағы биылғы террористік әрекеттерді тізе келіп, одан төрт қорытынды жасағанын айтып берді.

– Біріншіден, республикада күні кешеге дейін экстремизм мен терроризмге қарсы құпия соғыс биыл ашықтан-ашық жүргізіле бастады. Бірақ бұған орталық билік те, жергілікті билік те, қоғам да дайын болмай шықты. Екіншіден, республикадағы қарсылық көңіл-күйдегі топтар радикалды қадамдарға ауысты, яғни сөзден іске көшті. Сөйтіп қоғамға ықпал етуі жөнінен тек биліктің ғана емес, оппозицияның да жаңа бәсекелестері пайда болды, – дейді Досым Сәтбаев.
Билік стратегиялық бастамашылдықтан айырылды. Ол тек заң аясындағы топтарды ғана реттей алады, ал көлеңкедегі стратегиялық бастамашылдық – радикалдық күштердің қолында.

«Бұл тұрғыда Қазақстан Өзбекстанның жолын қайталай бастады дегенді айтады» Досым Сәтбаев. Оның ойынша, билік саяси кеңістікте заң жолымен күресетін оппозициялық күштерді қудалай отырып, радикалды террористік топтардың пайда болуына мүмкіндік беріп қойды.

– Сондықтан билік стратегиялық бастамашылдықтан айырылды. Ол тек заң аясындағы топтарды ғана реттей алады, ал көлеңкедегі стратегиялық бастамашылдық – радикалдық күштердің қолында» дейді сарапшы.
Сәтбаевтың үшінші қорытындысы – сарапшылар мен мемлекеттік құрылымдар Қазақстандағы қарсылық көңіл-күйдің қанша пайызға жеткенін, яғни ол туралы ақпараттарды толық білмейді. Бұл – айтарлықтай қауіпті жайт.

Төртіншіден, 2014 жылдан бастап АҚШ Ауғанстандағы әскери контингентін қысқарта бастаса, Қазақстанда террористік әрекеттер ұлғая түсуі ықтимал.

Дөңгелек үстелге қатысушылар осыдан кейін «Не істеу керек?» деген «мәңгілік» мәселені талқылады.

«Қазақстанда терроризмге қарсы жүйені түбегейлі қайта жасап, бірінші кезекте оған қоғамның өзін қатыстыру керек. Қауіпсіздікті қорғай отырып, адам құқығына нұқсан келтірмеудің жолдарын тапқан жөн» десті жиналғандар.

– Осы уақытқа дейін тәжірибе көрсеткендей қандай да бір төтенше жағдай туа қалса, мемлекет одан әрі қыса бастайды. Ал ол мәселені шешпейді, қайта қоғамды керісінше одан сайын радикалдандыра түседі, – дейді Досым Сәтбаев.

ТЕРРОРИЗМНІҢ «СЕБЕПТЕРІ»

Дөңгелек үстелге қатысқан «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин «Қазақстанға төніп тұрған терроризм қаупіне бұрын назар аударылмағанын, бірақ соңғы жылдары эктремистер мен террористердің топ-тобымен ұстала бастағанын» айтып өтті.

– Қазақстан терроризм қаупінің күшеюіне сыртқы және ішкі факторларға қоса, аймақтық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі, айналамыздағы тұрасыздық себеп болды, – дейді ол.

Ерлан Қариннің дерегіне қарағанда, Қазақстан «Терроризмге қарсы күрес туралы» заңды 1999 жылы қабылдап, 2002 және 2004 жылдары екі рет өзгеріс енгізіп тастаған. Орталық Азияның өзге елдері мұндай заңды Қазақстаннан кейін ғана қолға алған.

Алайда тәуелсіз журналист Сергей Дуванов сөзін «Ерлан Қариннің сөзіне сене беруге болмайды» деп бастап, «экстремист» атанғандардың көбі жазықсыз дегенді айтты.

– Эстремизм мен терроризмге қатысты ұсталғандардың көбейіп бара

Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 16 қараша 2011 жыл.

жатқаны рас. «Экстремистік әрекеттер жасауға ұмтылды» деп айыпталған адамдардың біразы Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроға келіп шағымданып жатады. Өз басым олардың ішінен террорист көрген жоқпын. Олардың көпшілігі – экстремистік әдебиеттер мен қару-жарақтар әдейі тасталып, арандатушылықпен қолға түскендер, – дейді Сергей Дуванов.

«АРНАУЛЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ДЕҢГЕЙІ»

Сергей Дуванов сөз арасында Қазақстанның арнайы қызметін де сынап өтті.

– Алматыдағы оқиға кезінде 3 террорист және 11 құқық қорғау органының адамы, Таразда 1 террорист және 7 құқық қорғау органының адамы өлді. Бұл біздің арнайы қызметіміздің дайындығының деңгейін көрсетеді, – деді журналист .

Қазақстанның арнаулы қызметі сөз болғанда тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов та әңгімеге араласты:
Біз олардың "құпия жұмысын" күн сайын көріп жүрміз. Ұлттық қауіпсіздік комиеті террористермен емес, оппозициямен күресіп жүр.

– Осы дөңгелек үстел үстінде ұлттық қауіпсіздік мәселесі талқыланып отыр. Ал онымен тікелей айналысатын ұлттық қауіпсіздік комитетінен келген біреу бар ма осында? – деп сұрады Козлов.

Отырғандар бір-біріне қарасты, бірақ ортаға шыққан ондай қызметкер болмады.

– Осындай талқылауға қатысып, неге жұртшылықтың ой-пікірін тыңдамайды? Біз олардың "құпия жұмысын" күн сайын көріп жүрміз. Ұлттық қауіпсіздік комиеті террористермен емес, оппозициямен күресіп жүр, – деді оппозициялық саясаткер Владимир Козлов

«КИРКОРОВТЫҢ ӘНІ МЕН МУЛЬТФИЛЬМ»

Дөңгелек үстелге қатысушылардың бірі, Forum.kz ақпараттық-сараптамалық орталығының жетекшісі Әділ Қаукенов Тараздағы террорлық оқиға тұсында жұртшылыққа толық ақпарат жетпегенінін айтты.

«Форум.кз» ақпараттық-сараптамалық орталығының жетекшісі Әділ Қаукенов. Алматы, 16 қараша 2011 жыл.

Оның пікірінше, соның салдарынан әртүрлі алып-қашпа сөз күрт күшейіп, халық абыржыған.

– Тараздағы оқиға туралы әлеуметтік желілерде алғашқы хабарлар сағат 11-ден өте айтыла бастады. Бірақ анық емес. Сағат 12.30 шамасында Таразда суыт оқиға болғаны анықталды. Бірақ әлі түсініксіз. Тек түстен кейін ғана аздап ресми хабарлар тарай бастады. Телерналарға қарасақ, КТК-да Киркоров ән салып жатыр, «31 арна» мультфильм көрсетіп жатыр. Тек кешкі жаңалықтарда ғана оқиғаның жайын айта бастады, – дейді Әділ Қаукенов.