Ресейге көшкісі келгендер әртүрлі себеп айтады

Ресей мемлекеттік шекарасынан өтіп келе жатқан әйелдер. (Көрнекі сурет)

Ресейлік «Отандастар» бағдарламасына ілініп, сол елге көшкісі келетін қазақстандықтар құжат тапсырудың әуресі көп екеніне наразы.
Семей тұрғыны Светлана Кукотина Ресейге қоныс аударғысы келетін азаматтарға арналған «Отандастар» бағдарламасына іліккісі келеді. Ол Ресей көші-қон қызметі жұмыс тобының Өскемен қаласындағы кеңсесіне құжатын тапсырып шыққанына қуанып тұр.

– Құжатты екі терезеден қабылдап жатыр. Бірінде алдын-ала жазылған, өзге өңірлерден келген азаматтарды қабылдайды. Ал екіншісінде жергілікті тұрғындарды кезек бойынша қабылдайды. Ол кезектің ұшы-қиыры жоқ, алдыңғы күні барғанымда жүзден астам адам тұрған, – дейді ол.

КЕЗЕККЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Светлана Кукотинаның айтуынша, мұнда кезекке іліну үшін түнеп, кезектен айрылып қалмау үшін күніне бірнеше мәрте соғып кететін азаматтар өте көп, олар бюрократиялық кедергілердің көп екеніне де ашулы.

– Кейбір нәрселерді осында-ақ алуға болатындай етсе болады ғой. Ұсақ-түйекке бола құжаттарды қайтарып жатады, – дейді Светлана Кукотина.

Мәскеудің Домодедово әуежайындағы паспорт тексеретін орын. (Көрнекі сурет)

Құжат тапсыру үшін бірнеше рет келген Ольга Анатольевна (өзін солай таныстырды – ред.) есімді тұрғынның сөзінше, мұнда бір адамнан құжат қабылдау үшін шамамен бір сағаттай уақыт кетеді.

– Осындағы адамдардың айтуынша, олар күніне сегіз-ақ адам қабылдайды екен. Мұнда бірінші рет келіп, құжаттарын тапсырған адам кемде-кем, – дейді ол.

Ресей көші-қон қызметі жұмыс тобының Өскемен қаласындағы кеңсесі жыл басынан бері осы өңірден Ресейге кеткісі келетін азаматтардың құжаттарын қабылдап жатыр. Жұмыс тобының өкілі Наталья Ботораева «құжат қабылдайтын үш адам күніне 20 адамнан артық қабылдай алмайтынын» жергілікті ақпарат құралдарына айтқан.

Орталық жыл басынан бері қай өңірден қанша адам Ресейге кетуге өтініш бергенін де «құпия мәлімет» деп жария етпеді. Жұмыс тобының жетекшісі бұдан бұрынғы сұхбатында Қарағанды, Теміртау, Петропавл, Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларынан көбірек өтініш түсетінін мәлімдеген.

ҚАЗАҚСТАННАН КЕТУДІҢ СЕБЕПТЕРІ

Ресейге көшу үшін құжат жинап жүрген Светлана Кукотина «Қазақстанда жұмыс табу өте қиын болғандықтан отбасымен қоныс аударуға бел буғанын» айтады.

– Қазақстан оған қоса әйелдер 63 жасында зейнетке шығатын етіп жасап қойды. Оған ғұмырымыз жете ме? Балаларым әзірше осында жұмыс істеп жатыр. Біз Ресейге барып орныққаннан кейін олар да келеді, – дейді семейлік Светлана Кукотина.

Ал Өскемен тұрғыны Ольга Анатольевна туыстары Ресейде тұратындықтан сол жаққа көшкісі келетінін айтты.

– Балаларымыз Ресейде оқиды. Ол жақта Қазақстанға қарағанда оқу арзанырақ, – дейді Ольга Анатольевна.

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бекеті. (Көрнекі сурет)

Республикалық «Лад» славян қозғалысы Өскемен қалалық бөлімшесі жетекшісінің орынбасары Игорь Любимовтың айтуынша, қазақстандықтардың Ресейге кетуінің экономикалық себебінен гөрі мәдени астары көбірек.

– Жастар мұнда қалуда болашақ жоқ деп есептейді. Мемлекеттік тілді білмей еш оқуға түсе алмайсың. Себебі мектептерде қазақ тілін жүйелеп оқытпайды. Тілді сауатты үйрететін бағдарламалар аз. Сондықтан барлығы да мемлекеттік тілді жөнді білмейді, – дейді ол.

Азаттық тілшісі Ресейге кеткісі келетіндердің құжат тапсыру мәселесіне қатысты Ресейдің Өскемендегі бас консулы Сергей Анненковқа хабарласқанымен, ол «бұрын бұл жайлы сұхбат бергенін» айтып, жауаптан жалтарды.

Ресейдің «Отандастар» (ресми атауы – «Шетелде тұратын отандастардың Ресей федерациясына өз еркімен көшіп келуіне көмектесу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама») бағдарламасы 2006 жылы қабылданған. Бағдарлама «Ресейдің халқы азайып, елдің стратегиялық маңызды аймақтарынан жұрт көшіп жатқанын» айта келе, шетелден азаматтар әкелу арқылы «демографиялық ахуалды толық өзгертіп, Ресейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына септесуді» мақсат етеді.

Бағдарлама алғашында 2012 жылға дейін бекітілгенімен, кейін мерзімі ұзартылды. Ресей президенті Владимир Путин бұл бағдарлама бойынша жылына 300 мың адамға дейін көшіріп алу керегін айтқан. Ресейдің аймақты дамыту министрі Игорь Слюняев 2013 жылы бұл бағдарламаға 25 мың адам қатысатынын, 2014-2015 жылдары 50 мыңға жететінін мәлімдеді.

Қазір Қазақстанда бұл бағдарлама бойынша өтініштерді Алматы, Астана, Орал, Өскемен қалаларында қабылдап жатыр.