Билікке жақпаған тұтқын азапталғанын хабарлады

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ғимараты қақпасы алдында тұрған полицейлер.

Арқалықтағы колонияда жазасын өтеп жатқан Александр Гапонов «11 сағат бойы қолымды желкеме қойғызып, жүрелетіп отырғызып азаптады» деп бас прокуратураға шағым жазды. Ол түрмедегі азаптаулар мен тұтқынның жұмбақ өлімі туралы хабарлаған.
Жазасын Қостанай облысы Арқалық қаласындағы УК-161/12 колониясында өтеп жатқан Александр Гапоновтың бостандыққа шығуына бір жылдан астам уақыт қалды. Ол Азаттық тілшісіне ертеректе берген сұхбатында «Ақмола облысындағы Аршалы кентіндегі түрмеде өлтірілген Евгений Федьконың қазасына қатысты ақпаратты жұртқа жариялағаным үшін қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) қызметкерлері өш алмақ» деген еді. «Тұтқындардың құқығы өрескел әрі жиі бұзылып, азаптауға ұшырайды» деп бірнеше мәрте мәлімдегені үшін Гапоновқа қоқан-лоқы жасалған.

Александр Гапонов «ақша бопсалады» деген айыппен 2005 жылы 10 жылға сотталған. Сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеген ол содан бері өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысып келеді. Түрмеге түскенге дейін әйелі екеуі Орал қаласында тұрған. Әйелі Наталья Гапонова «колония әкімшілігі тұтқын ретінде оған дұрыс қарауы тиіс» деп ерінің құқығын белсенді қорғап келеді. Кондитерлік цехта администратор болып істейтін Наталья Гапонованың үш баласы бар, кішісі үш жаста. Александрдың бала-шағасы түрмеде әділдік іздеген әкелерін үйге аман-есен оралады деп үміттенеді.

«ШОУ» КЕЗІНДЕГІ АЗАПТАУ

Тұтқын Александр Гапоновтың бас прокуратураға жолдаған екі хатының мазмұны туралы Азаттық тілшісіне адам құқықтары бюросының Қостанайдағы филиалының заңгері Елизавета Мокшева айтып берді. Бас прокуратураға жолдаған хаттарының бірінде тұтқын Гапонов «2014 жылдың 28 ақпаны күні жүргізілген жаппай тінту кезінде бірнеше сағатқа созылған азаптауға ұшырадым» деп жазған.

Оның айтуынша, бұл оқиға тұтқындардың жеке заттары мен камераларын тексеру үшін колония әкімшілігі жүргізген жаппай тінту кезінде болған. Арнайы жасақ

Қазақстандағы азап көрген адамдар жайлы мәлімет. Алматы, 26 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

сарбаздарының қатысуымен жүргізілетін мұндай тінтулерді тұтқындар «Маски-шоу» деп атайды. Мұндай жаппай тінтулер әдетте тұтқындардың «соққыға жықты, ауа райына қарамастан далада ұзақ отырғызып немесе тұрғызып қойды» деген шағымдарына ұласады. Тұтқын Гапоновтың жазуынша, 2014 жылдың 28 ақпаны күні оны камерадан сыртқа шығарып, жүрелетіп, қолын желкесінде ұстап отыруға мәжбүрлеген.

- Гапоновтың айтуынша, ол жүресінен 11 сағат отырған. Мұнша ұзақ уақыт бойы жүресінен отыруға оның денсаулығы жарамайды. Сондықтан ол бұл әрекетті азаптауға теңейді. Денсаулығы әлсіз адам үшін бұл шынымен де нағыз азаптау. Бірақ бұл фактіні дәлелдеу қиын, - дейді Елизавета Мокшева Азаттық тілшісіне.

Наурыздың 12-сі күні құқық қорғаушы Мокшева УК-161/12 колониясына барып, тұтқын Александр Гапоновпен кездескен. Тұтқын «өкшемнен ұрды» деп мәлімдеген. Құқық қорғаушы оның денесінен соққы іздерін көрмеген. Бірақ екеуінің құпия сөйлесуіне мүмкіндік бермеген.

Тұтқын мен құқық қорғаушының кездесуіне Арқалық қаласы прокурорының аға

Қазақстандағы түрмелердің бірінің қақпасы.

көмекшісі, колония бастығы және жергілікті қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары да қатысқан. Елизавета Мокшеваның айтуынша, осы себепті тұтқынмен ашық сөйлесе алмаған.

- Ол мекеме әкімшілігіне де, 28 ақпанда шұғыл тінту жүргізілген кезде колонияда болған прокурорға да сенбейді. Тінту шарасы кезінде тұтқындардан тыйым салынған көп зат тәркіленген. Тұтқындар тінту кезінде прокурорға өз шағымдарын жеткізген, - дейді Елизавета Мокшева.

Ақпанның 28-і күні Арқалық қаласындағы колонияда жаппай тінту жүргізілгені туралы Александр Гапоновтың әйелі Наталья Гапонованың интернетте жариялаған мәлімдемесінде де жазылған. Оның сөзінше, тінту кезінде УК-161/12 колониясына арнайы жасақ сарбаздары кіргізілген және тұтқындардың (ішінде Гапонов та бар) өкшелерінен таяқпен ұрған.

Адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы қызметкерлері бұл шағымды тексеру мүмкіндігін 12 күннен кейін ғана алған. Бірақ ол кезде де тұтқын Гапоновпен еркін сөйлесе алмаған.

ҚАЖК ПОЗИЦИЯСЫ

Билік Арқалық түрмесіндегі тұтқындарды, оның ішінде Александр Гапоновты азаптау әрекеттерін теріске шығарады.
Колониядағы жағдай бірқалыпты, мекеме ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес жұмыс істеп тұр.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті

Арқалық колониясындағы жағдайларға байланысты ҚАЖК-ке Азаттық тілшісі жолдаған сауалға комитет қызметкерлері «биыл УК-161/12 мекемесі тұтқындарына қарсы арнайы құралдардың заңсыз қолдану фактілері анықталған жоқ» деп жауап берді. Ақпанның 28-і күні жүргізілген тінту шаралары туралы ҚАЖК жауабында ештеңе айтылмаған. ҚАЖК қызметкерлері «колониядағы жағдай бірқалыпты, мекеме ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес жұмыс істеп тұр» деп жазады.

Олардың жазуынша, Александр Гапонов созылмалы сырқаттары бойынша мекеменің медициналық бөлімінде диспансерлік есепте тұр, бірнеше мәрте стационарда жатып емделген.

Билік Гапоновтың «жалпы денсаулығы ойдағыдай» деп сипаттап, тексеру барысында денесінен соққы іздері табылмағанын хабарлайды.

ҚАЖК баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасеновтың айтуынша, Арқалық колониясында жазасын өтеп жатқан кейбір тұтқындармен туыстары жүздесіп, олардың жағдайы жақсы екеніне көз жеткізген.

Бірақ Наталья Гапонова күйеуін көрмеген. Оның айтуынша, күйеуі наурыздың 17-сі күні ғана телефон соғуға мүмкіндік алып, «жағдайым жақсы» деп хабарлаған.