Ақпанның 17-сі күні Жамбыл облысы тауында жауынгерлік дайындық жаттығулары кезінде 23 адам қар көшкіні астында қалып, қорғаныс министрлігінің жеті әскери қызметшісі опат болды. Қаза тапқандардың арасында бір офицер – аға лейтенант, контракт бойынша қызмет атқарған алты әскери қызметші – үш кіші сержант, бір ефрейтор және екі қатардағы сарбаз бар. Қалғандары құтқарылған.
Your browser doesn’t support HTML5
Ақпанның 21-і күні Астанада қауіпсіздік кеңесі отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырған болатын.
МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ ЖӘНЕ «ЕРІКТІ КӨМЕК»
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 51-бабына сәйкес, әскери қызметші қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай үлес көлемінде бір реттік өтемақы төлеу қарастырылған.
Әскери қызметшілердің бір күндік жалақысы аударылатын арнайы есеп-шот ашылды, ондағы ақша түскеніне қарай бөлінеді.
Бас штаб бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Әмір Халиков Азаттық сауалына жолдаған хатында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына төленетін өтемақы контракт бойынша жалданған қатардағы сарбаздың отбасына 3,96 миллион теңгеден (12,5 мың доллар) офицер отбасына 7,33 миллион теңгеге (23 мың доллар) дейінгі аралықтағы көлемде белгіленгенін хабарлайды.
Генерал-майор Әмір Халиковтің хабарлауынша, Жамбыл облысында қаза тапқан әскери қызметшілерді жерлеу, ас беру, құлпытас орнату үшін олардың отбасыларына «әскери ұжымдар ерікті түрде жинаған қайырымдылық ақша есебінен әр отбасыға 500 000 теңге (шамамен 1,6 мың доллар) қаржылай көмек көрсетілген».
«Бұған қоса, әскери қызметшілердің бір күндік жалақысы аударылатын арнайы есеп-шот ашылды, ондағы ақша түскеніне қарай бөлінеді» деп жазады генерал-майор Әмір Халиков Азаттыққа.
ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
Совет-ауған соғысына қатысқан запастағы полковник Сергей Пашевич қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына заңда белгіленген мөлшерде төленетін бір реттік өтемақыны мардымсыз санайды. Азаттықпен әңгімесінде ол Совет Одағы күйрегеннен кейін әскери қызметші қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған жағдайда әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қорғау деңгейі мүлде нашарлап кеткен. Пашевич әскери ұжымдардан «ерікті түрде жылу жинауды» масқара құбылысқа балайды.
Қорғаныс министрінің әскери ведомство құрылған кездегі бұрынғы орынбасарларының бірі (аты-жөнін айтқысы келмеді) Азаттыққа әлгі қайырымдылық ақша онсыз да «қайыршының шайлығындай» жалақы алатын офицерлер мен контрактниктерден әдетте «ерікті-мәжбүрлі түрде» жиналады дейді. Бірақ министрдің отставкадағы орынбасарының сөзінше, қаза тапқан әскери қызметшінің отбасын ауыр жағдайдан бір реттік жәрдемақы да, жұрттан жиналған жылу да құтқара алмайды.
Олардың соғыс емес, бейбіт заманда қаза тапқаны маңызды емес. Олар қызметтік борышын орындау кезінде мерт болды. Сондықтан мемлекет әскери қызметшілердің отбасыларыа бір реттік өтемақы ғана төлемей, өмір бойы қарайласуы тиіс.
2000 жылы отставкаға шыққан генерал-майор әрі қорғаныс министрінің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болған Әмірбек Тоғысовтың айтуынша, қазіргі кезде контракт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілердің материалдық жағдайы өте ауыр, сондықтан олардың көбі бұл саланың келешегінен күдер үзіп, қызметін тастап кетеді. Оның сөзінше, ал офицерлер әдетте болашақтағы тәуірлеу зейнетақыдан үміттеніп, күтуге мәжбүр.
Жамбыл облысындағы тауда жеті әскери қызметшінің қазасына байланысты Азаттыққа берген комментарийінде генерал Әмірбек Тоғысов «Олардың соғыс емес, бейбіт заманда қаза тапқаны маңызды емес. Олар қызметтік борышын орындау кезінде мерт болды. Сондықтан мемлекет әскери қызметшілердің отбасыларыа бір реттік өтемақы ғана төлемей, өмір бойы қарайласуы тиіс» дейді.
ӘСКЕРИЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ
Генерал-майор Әмірбек Тоғысов әскери қызметшілердің жағдайын «әсіресе кейінгі 5-6 жылда мүлде нашарлатып жіберген» әскери заңдарға ерекше назар аударады. Ол әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау жағын жақсарту үшін парламент заңдарды қайта қарауы қажет деп санайды.
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшесі Михаил Чирковтың Азаттыққа айтуынша, әскери заң мәселелерімен оның әріптесі, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал-майор Абай Тасболатов айналысатынын айтады. Бірақ Тасболатовтан комментарий алу мүмкін болмады
Азаттық әңгімелескен сарапшылардың айтуынша, Қазақстан билігі екі елдің салыстырмалы қаржылық көрсеткіштері шамалас деп мәлімдегенімен, қазақстандық әскери қызметшілердің жалақысы ресейлік әріптестерінен әлдеқайда аз.
Мысалы, asker.kz сайтының хабарлауынша, қазақстандық полковник 198 мың теңгеден 245 мың теңгеге дейін (620-770 доллар), ал лейтенант 114-135 мың теңге (360-430 доллар) жалақы алады.
Ал контракт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметшілердің жалақысына келсек, мысалы кіші сержанттың жалақысы жалдамалы әскерилер жалақысының орташаландырылған қаржылық қамту көрсеткіші болып саналады. Әлгі сайттың дерегінше, қазақстандық кіші сержант 70-85 мың теңге (220-270 доллар) жалақы алады.
Ресейлік әскери қызметшілердің жалақысына қатысты contract-army.ru сайтының хабарлауынша, ресейлік кіші сержанттың жалақысы доллармен есептегенде, 550 долларға жуық, бұл қазақстандық лейтенанттың жалақысынан көп, бірақ қазақстандық полковниктің жалақысынан аз. Ал ресейлік аға сержанттың жалақысы - 830 доллар, бұл ең көп дегенде 770 доллар алатын қазақстандық полковниктің жалақысынан көп. Ресейлік сайттардың дерегінше, бір жарым мыңға жуық доллар алатын Ресей армиясы полковнигінің жалақысы қазақстандық полковниктің жалақысынан әлдеқайда көп.
Сарапшылар «салыстыруға келмейтін шамаларды салыстыруға болмайды» деген уәжбен қазақстандық әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау деңгейін Батыс елдерінің көрсеткіштерімен салыстырудан бас тартты.