Арон Атабек «жабық» түрмеден колонияға қайтарылды

Арон Атабек тергеу изоляторында. Алматы, 2007 жыл, ақпан.

Ақын әрі диссидент Арон Атабек Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колонияға қайтарылды. Саяси тұтқын ретінде танылған Арон Атабекке жазасын өтеуде 2006 жылдан бері алғаш рет сәл жеңілдік жасалды.
Кассациялық сот Арон Атабекті екі жылға Арқалықтағы «жабық» түрмеге ауыстыру туралы былтыр шыққан сот шешімінің күшін жойды. Арон Атабек (Едігеев) Қостанай облысы Арқалық қаласындағы «жабық» түрмеден Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониясына этаппен жіберілді. Қарашаның 6-сы күні оның ұлы Асқар Айдархан Азаттық тілшісіне «Ол енді 18 жылдың қалған мерзімін осында өтеуі тиіс» деп хабарлады.

Тұтқын Арон Атабек Қарағанды облысы кассациялық сотының шешімі негізінде алғаш түскен түрмесіне қайтарылды. Кассациялық сот Қаражал қалалық сотының оны Арқалықтағы «жабық» түрмеге ауыстыру туралы былтыр шыққан шешімінің күшін жойды. Туыстары мен қоғам саяси тұтқынның жағдайынан көз жазып қалған қазан айының басынан бері Азаттық бұл оқиғаның барысын бақылап отыр.

ПРОКУРОР КОЛОНИЯҒА ҚАЙТАРДЫ

Қаражал қалалық сотының Арон Атабекті Арқалықтағы «жабық» түрмеге ауыстыру туралы шешімінің күші жойылғаны туралы ақпаратты Қазақстандағы адам құқықтары бюросы Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер де растады. Атабектің жазасын өтеуді жеңілдетуді прокуратура сұраған.

Қаражал түрмесі.

Жұрт Қазақстандағы «түрме ішіндегі түрме» деп атап кеткен Арқалықтағы түрмеде билік «ерекше қауіпті» деп тапқан қылмыскерлер жазасын өтейді. Олар тәулік бойы камерадан шықпайды, таза ауадағы серуенге де қолдарына кісен салып, тұтқындар бір-бірімен байланыс орнатпасын деп бастарына қап кигізіп аз уақытқа шығарады.

Ресми болжамға сәйкес, Арон Атабек тұтқындарға арналған мінез-құлық ережелерін өрескел бұзғаны үшін «түрме ішіндегі түрмеге» жіберілген. Бірақ Арон Атабек «жабық» түрмеге бір емес, екі мәрте түсті. Атабек «түрмеде жазған диссиденттік шығармаларым үшін жазалады» деп есептейді. Арқалық түрмесінде Атабекті сыртқы дүниемен мүлде байланыстырмады. Ал түзету мекемесінің көп таралған түрі колониядағы тәртіп сәл жеңілдетілген. Мысалы, мұндағы тұтқындар ортақ бөлмеде ұйықтайды, тамақ ішеді, басқалармен әңгімелеседі, ара-тұра хат-хабар, сәлем-сауқат алып тұруға және телефонмен сөйлесуге рұқсат алады.

Қарағанды облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы полковник Қабдырахман Шотаев Арон Атабектің қазір Қаражал қаласындағы колонияда (ресми атауы – АК-159/22) екенін растады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің жетекшісі, полковник Ғалымжан Хасенов Азаттық тілшісіне «Арон Атабектің денсаулығы қалыпты» деп хабарлады. Тұтқынның Қаражалға келген күні туралы сұраққа Хасенов «бұл жайында білмеймін» деп жауап берді.

САЯСИ ТҰТҚЫН

Прокуратураның Арон Атабекті Қаражал түрмесінен «Арқалықтағы «жабық» түрмеге» ауыстыру туралы сот шешімінің күшін жою туралы бастамасы оның жақтастары үшін күтпеген оқиға болды. Арон Атабек Арқалықтағы «жабық» түрмедегі тәртіпті бұдан ертеректе «азаптаудың бір түрі» деп атаған еді.

Арон Атабектің баласы Асқар Айдархан «прокуратураның өз бастамасымен қарсылық білдіруі және оны кассациялық соттың оң қабылдауы – биліктің

Арон Атабектің баласы Асқар Айдархан. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі алдында халықаралық қоғамдастықтың алдында жақсы көрінгісі келгенінің дәлелі» дейді. Арон Атабекті саяси тұтқын ретінде танитын халықаралық қауымдастық оны қорғауға үнемі үн қосып келеді. Асқар Айдарханның айтуынша, «билік бұл қадамы арқылы Арон Атабектің саяси тұтқын екенін еріксіз мойындап отыр».

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, биыл қазақстандық бірнеше құқық қорғау ұйымы Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныған.

Ақын әрі диссидент Арон Атабек «2006 жылдың жазында Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданындағы үйлерді бұзу кезінде билік өкілдеріне қарсылық әрекеттерін ұйымдастырды» деген айыппен 2007 жылдың қазанында 18 жылға сотталған. Полиция мен Шаңырақ тұрғындарының қақтығысы кезінде жас полицей қаза тапты.

Арон Атабек – Қазақстан демократиялық күштері тағайындаған «Азаттық» сыйлығы, «Шығармашылық еркіндігі» (Freedom to Create) халықаралық сыйлығының «Тұтқындағы шығармашылық иесі» номинациясының лауреаты. Ол бұл наградалармен түрмеде отырғанда марапатталды.