Атырауда тергеу абақтысында төрт айдан бері қамауда отырған 43 жастағы азаматтық белсенді Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына қатты алаңдаушылық білдіреді. Белсендінің қарындасы әрі қорғаушысы Жанаргүл Боқаеваның айтуынша, Макс Боқаевтың денсаулығына жақында жүргізілген медициналық зерттеу түрмеде отырған кезде тұтқынның ескі дерті қайта өршігенін анықтаған.
- Макс С гепатитінің созылмалы түріне шалдыққан науқас ретінде бес жыл бұрын дәрігердің есебіне алынған. Бұдан екі жылдай бұрын емдеу курсынан соң беті қайтқандай болған дерті қамауда отырғанда тағы асқынғанға ұқсайды, - дейді Жанаргүл Боқаева.
Туыстарының бірнеше мәрте талап етуінен соң қыркүйектің 7-і күні Атырау облыстық ауруханасында Макс Боқаевтың денсаулық жағдайына тексеру жүргізілген. Сараптама нәтижесі оның қорғаушыларының қолына екі аптадан соң тиген.
- Зерттеу қорытындысында оған ағзасында анықталған С гепатиті вирусының қатерлі түріне қарсы дәрігерлердің бақылауымен ем қабылдап, арнайы диета сақтау қажеттігі айтылған. Біз денсаулығына байланысты Макске бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап қыркүйектің 14-і күні прокуратураға өтініш бердік, енді жауабын күтеміз, - деді Жанаргүл Боқаева.
Ол Макс Боқаевтың денсаулық жағдайына жүргізілген тексеру жайлы Атырау облыстық аурухана мамандары өзімен сөйлесуден бас тартқанын айтты. Аталған аурухана мен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері науқасты абақтыда емдеудің мүмкіндігі жайлы білмек болған Азаттық тілшісінің сұрақтарын жауапсыз қалдырды.
Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы Мирболат Көпесов тергеу абақтысында отырған Макс Боқаевтың денсаулығы туралы тек жазбаша сауал алған соң ғана жауап беретінін айтты.
Қыркүйектің 2-cінде Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қыркүйектің 30-ына дейін қамауда ұстау туралы Атырау қалалық сотының тамыздың соңында тергеу абақтысында өткен көшелі отырыста шығарған шешімін күшінде қалдырған.
Қос белсендінің үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеп жатқан Атырау облыстық ҰҚК департаменті өкілі тамыздың соңындағы сот отырысында іс материалдарымен танысу үшін тағы бір ай уақыт керек екенін мәлімдеген.
Мамырдың 17-сінен бері қамауда отырған Макс Боқаев пен Талғат Аянға «алауыздық тудырды», «заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыптар тағылған. Олар сәуірдің 24-і күні Атырауда жер реформасына қарсы көпшіліктің қатысуымен өткен жаппай наразылық шеруінен кейін тұтқындалған еді. Қамаудағы белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.