Мамырдың 28-і күні Астанада жер мәселесі бойынша үкімет жанынан құрылған комиссияның үшінші отырысы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға беру мәселесін талқылады.
Жиынға қатысқан 62 адамның 30-ға жуығы пікірлерін ортаға салды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша комиссия құрамындағы үкімет мүшелері мен депутаттар, топ жетекшілері сөйледі. Комиссия келесі аптадан бастап аймақтарға шығып, тұрғындармен кездескеннен кейін ғана шешім шығаруды ұйғарды.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ «АРАНДАТУШЫЛЫҚ» ПЕН «МАЗАҚ»
Жиынды ашқан комиссия төрағасы, бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желілерде комиссия отырысын сынап, келемеждеп жатқандарды мінеді.
- Біз жұмысты бастамай жатып, бізден үлкен шешім күтіп тұр. Менің ойымша, бұл - біздің жұмысымызға кірбің келтіру, алдағы жұмысымызға арандатушылық салу, - деді ол.
Комиссияның міндеті – алдағы жарты жылда жұрттан түскен ұсыныс-тілектерді жүйелеп, парламентке ұсыну екенін айтқан Сағынтаев «ел пікірімен санаспай, ақылға салмай, сараптамай, бір жүйеге келтірместен бірден шешім шығар деу - қате түсінік, арандатушылық» деді.
Комиссия мүшесі Жанұзақ Әкім жер дауы мен комиссия жұмысы әлеуметтік желіде «мазаққа» айналып кетті деп санайды.
- Біздің жиынды көрсетіп осында отыз шақты бұқаралық ақпарат құралдары жүр. Бірақ солардың бәрі біржақты ақпарат беріп жатыр. Қарап отырған ел шаршады. «Хабар», тағы басқалары «бізде бәрі керемет», «бәрін қатырып жатырмыз» дейді. Олай емес. 76 адамның 76 ойы бар ма - соны елге жеткізе алмай отырмыз, - деді ол.
Қоғамда «комиссияға біртүрлі көзқарас бар» екенін комиссия ішінен құрылған ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Мұрат Әбенов те айтты. Оның сөзінше, қоғам комиссия жұмысын «шектелген азаматтардың тобы жиналып, бірінші кезекте іске асып жатқан жер реформасын түсіндіреді» деп қабылдайды.
- Осы уақытқа дейін дау туғызған жер кодексі баптарын ғана емес, басқа сыни көзқарастар да бұқаралық ақпарат құралдарынан берілсе, жан-жақты ақпараттар айтылса, сонда азаматтарға шешім қабылдауға мүмкіншілік болар еді, - деді ол.
БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ
Комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан жер дауы бойынша қамалғандарға қатысты үндеу жасау туралы бастамасын бұл жолы да көтерді. Ол комиссия отырысы қарсаңында бас прокуратура «өте қатал» мәлімдеме жасағанын айтып:
- Мен осында отырған Артур Платоновқа (мәжіліс депутаты, КТК телеарнасынң жүргізушісі – ред.) айтпақшымын: Артур, митингіге шыққан азаматтарды жамандауды тоқтат! Олар – Қазақстан азаматтары. Олар ешқандай бұзақылық жасаған жоқ. «Митинг үшін ақша төлеп жатыр» дейді, т.т. Бәлкім, біреу біздің бүгінгі процесімізді бұзғысы келіп жатқан шығар. «Ұлтаралық алауыздық», «ақша үшін», «бөтеннің мүддесі» дейді, «билікті жаулап алғысы келді» дейді. Ондайға бой бермеу керек. Мен өтінемін, тиісті органдарға үндеу жасайық, - деді ол.
Тайжанның сөзіне жиынға қатысып отырған депутат Артур Платонов жауап қатпады. Ал үндеу жайлы ұсынысты «Желтоқсан» қоғамдық ұйымы жетекшісі, комиссия мүшесі Нұрлыбек Қуанбаев қолдады.
- Астана қаласында мамырдың 21-індегі прокурордың мәлімдемесі шықпай тұрып, Құрманғазы Рахметов деген жігіт 15 күнге қамалып, түрмеде отыр. Бұл жігіт кезінде Совет Одағында Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 7 жылға сотталған. Қазақстан мектептеріндегі тарих оқулығына аты-жөні еніп, қаһарман ретінде танылған жігіттің осындай жағдайда түрмеде отырғаны ұяттау. Бұл жігітті Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамыз жақсы таниды, - деді.
«Нұр Отан» саяси партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Құрманғазы Рахметов қай қалада қамауда отыр?» деп сұрады. «Астанада» деп жауап қатты Қуанбаев.
Жер дауында қамалғандар мен мамырдың 21-і ұсталғандар жайын ақын Мұхтар Шаханов та айтты.
- Мамырдың 21-і күні тек Алматы қаласында Қазақстан жерін шетелдіктерге сатуға, жалға беруге қарсы көшеге шамамен 15 мыңдай адам шықса, соның 2 мыңдайын қолын қайырып, ұстап, қамаған. Солардың ішінде 43 журналист бар екен. «Жас Алаш» газеті редакторы Рысбек Сәрсенбайдан бастап, кейбіреулері 42 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген. «Билікті күшпен басып алуды насихаттады» деген сылтаумен белгілі әнші, сазгер Жанат Есентаевтан бастап, Талған Аян, Ерлан Башақов, Макс Боқаев сияқты адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылғалы жатыр. Осындай мәселеге бей-жай қарап отыра береміз бе?- деді Шаханов.
Жанұзақ Әкім мен Асылбек Қожахметов жазаға ұшыраған белсенділер жағдайын алаңдаушылық білдіргенімен, жиында комиссия атынан үндеу қабылдау туралы ұсынысты үнсіз тыңдаған көпшілік ол мәселені елеусіз қалдырды.
Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко қамалғандар мен ұсталғандарға қатысты жауап берді. Оның айтуынша, әкімшілік жауапқа тартылған 51 адамның төртеуі әкімшілік қамауға алынып, 12 адамға айыппұл салынған, 21 адамға сот ескерту жасаған. Және ол «мамырдың 21-і күнгі оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалған жоқ» деп мәлімдеді. Кравченконың сөзінше, прокуратура «митингке шығу - заңсыз» екені туралы алдын ала ескерту жасап, оған қатысуға ниетін ашық білдірген әрбір азаматпен жеке әңгіме өткізгеніне қарамастан адамдар «өздерін не тосып тұрғанын біле тұра» көшеге шыққан.
- Олардың әрбіріне келеңсіз жайтқа кезігуі, полиция мен оның арасында проблема туындауы мүмкін екені туралы ескертілді. Соған қарамастан кейбірі шықты, - деді Кравченко.
Оның айтуынша, қазіргі кезге дейін полиция өкілдерінің іс-әрекетіне қатысты азаматтардан прокуратураға түскен 30 шағымның 8-і мамырдың 21-і күнгі оқиғаларға қатысты.
- Мәселен, Ақтөбеде ұсталып, сот әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған екі адамның өтініші қаралды. Сот оларға шығарылған әкімшілік жаза мерзімін 7 тәулікке қысқартқан соң кеше олар босталды, - деп хабарлады Кравченко.
«Жер комиссиясы» мүшесі Мұхтар Тайжанның кей азаматтардың үстінен «ұлтаралық араздық қоздыру» және «билікті күшпен өзертуге шақыру» туралы баптар бойынша қылмыстық істер қозғалғаны туралы ақпаратқа қатысты қойған сауалына бас прокурор орынбасары Андрей Кравченко ондай айыптауларға «айғақтарды бүгінгі комиссия отырысынан кейін жеке кездесіп көрсетуге» дайын екенін айтты.
Комиссия мүшелері арасында жер дауына қатысты елде азаматтар мен белсенділердің қамалып, ұсталғандарынан бейхабар жандар да бар болып шықты. Комиссия мүшесі Мырзатай Жолдасбеков Мұхтар Тайжаннан «соншама адам түрмеде жатқаны рас па?» деп анықтап сұрап жатты.
Мамырдың 21-і Қазақстанда бірнеше қалада «жер мәселесіне» қатысты жиынға келгендерді полиция жаппай ұстап әкеткен еді. Ұсталғандар арасында бұл күнгі оқиға туралы хабар дайындауға барған ондаған журналист те болды. Ресми билік ол күні ондаған азамат ұсталған десе, азаматтық белсенділер полиция көшеден бірнеше жүз адамды заңсыз ұстап әкетті деген уәж айтады.
Айта кету керек, мамырдың 21-іне дейін Қазақстанның әр аймағында жалпы саны шамамен 30-ға жуық адам әкімшілік кодекстің «шеру өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша сотқа тартылып, 10 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынған.
Қазақстанның бірнеше аймағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жекешелендіру және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық акциялары өткен соң ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев мамырдың 5-і күні заңның даулы баптарына мораторий жариялап, жер реформасын талқылау үшін үкімет жанынан комиссия құрылған. Оның құрамына парламент депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері, ғалымдармен бірге енгізілген азаматтық белсенділердің кейбірі комиссия құрамынан шығатындарын мәлімдеген.