Белсенділерді қамау: Медиа-кеңістікті «тазалау» ма, қорғау ма?

Белсенді Болатбек Біләловті ұстап жатқан полиция қызметкері. Астана, 16 маусым 2015 жыл. Азаттық видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)

Кей сарапшылар блогерлер мен азаматтық белсенділерді қылмыстық айыппен қудалау жиілеп кетуін экономикалық дағдарыспен де байланыстырады. Бұл жайт AzattyqLIVЕ бағдарламасында да қозғалды.

Азаматтық белсенділерге қатысты соңғы істер Астананың 42 жастағы тұрғындары Болатбек Біләлов пен Мақсат Ілиясұлына қатысты қозғалды.

Қарашаның 9-ы күні Астанада «БАҚ-ты (әлеуметтік желілерді) пайдалану арқылы әлеуметтік және ұлтаралық араздық қоздыруды көздейтін қасақана әрекеттер жасады» деген күдікпен Біләлов ұсталды. «Демократия және адам құқығы институты» ұйымының жетекшісі Астананың уақытша тергеу абақтысына қамалды. Қарашаның 11-і күні сот оны екі айға қамау туралы шешім шығарды. Енді ол Астананың тергеу абақтысында отыр.

Болатбек Біләловтің есімі үйлерін сүріп, жер телімдерін алғаны үшін төленетін өтемақы сомасымен келіспейтін тұрғындардың мүддесін сотта қорғаумен танылған. Ол - отын ретінде гептилді пайдаланатын ресейлік зымырандарды Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының мүшесі. Кейбір жазбаларында ол «неміс фашизмі Нюрнберг процесімен аяқталды, ал «орыс фашизмі» тіршілігін әлі тоқтатқан жоқ» деп мәлімдеген.

Қарашаның 10-ы күні Астанада азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы ұсталған. Ілиясұлының айтуынша, оны өз пәтерінде - Біләловті тұтқындауға қарсы наразылық акциясына баруға жиналып жатқан кезде ұстаған. Астананың ішкі істер департаментіндегі тергеуден кейін оны бес сағатқа жуық ұстап босатқан. Өз айтуынша, оған «алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтірді» деген айып тағылған, бірақ бұлтартпау шарасын тағайындамаған. Мақсат Ілиясұлы тағылған айыпты «қолдан жасалған» деп санайды. Ол баспана үшін күрескен астаналық тұрғындардың мүддесін қорғаумен айналысатынын айтады.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевты ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Алматы, 17 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұдан сәл ертеректе блогерлер мен белсенділер - Игорь Сычев, Ермек Тайшыбеков, Ермек Нарымбаев және Серікжан Мәмбетәлиннің үстінен қылмыстық істер қозғалған. Ресейшіл сауалнаманы жариялаған Сычев пен Ресейшіл пікірлерімен танылған Тайшыбековтың ісін қазір сот қарап жатыр. Ал Ресейге қарсы позициясымен танылған Нарымбаев пен Мәмбетәлинге қатысты тергеу амалдары әзірше аяқталған жоқ.

Жұрт биліктің блогерлер мен азаматтық белсенділерді қамауға қатысты әрекетін «репрессияның күшеюі» деп атай бастады. Бақылаушылар «Оларды дәл қазір қудалаудың сыры неде?» деген сұраққа жауап беруге тырысады.

КӨРШІЛЕСТІК, ҚОРҚЫНЫШ, ТЫҒЫРЫҚ

Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов бұл қудалаулардың негізгі себебін елдегі қазіргі қаржы-экономикалық дағдарыспен байланыстырады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне сілтеме жасаған Дуванов «жұрттың көбі жағдай бұдан әрі нашарламайды деп ойлайды, бірақ елде дағдарыс енді ғана басталды, жағдай бұдан да нашарлайды» дейді. Дувановтың айтуынша, мұның бәрі қоғамда наразылық тудырады, ал оппозициялық БАҚ қалмағандықтан жұрт наразылығын әлеуметтік желілерге, әсіресе Facebook желісіне үйіп-төгеді. Кейде бұл наразылық қарсылық акцияларынан да байқалады. Сондықтан билік жұртқа танымал блогерлер мен азаматтық белсенділерді қудалай бастайды.

"Антигептил" тобының мүшесі Мақсат Ілиясұлы Астанада наразылық шарасын өткізіп тұр. 13 қаңтар 2014 жыл.

– Оларды қилы себеппен қамап жатыр. Бұл – құр сылтаулар. Не үшін қамағаны емес, кім екені маңызды. Ең бастысы, олар –әлеуметтік желі реперлері. Дағдарыстың кесірінен қоғам алаңдап, танымалдығы күн санап емес, сағат санап артып бара жатқан әлеуметтік желілер билік үшін қауіпке айнала бастады. Бұрын оппозициялық БАҚ-тан төнген қатер режимге енді әлеуметтік желілерден тарай бастады, – дейді Сергей Дуванов.

Саясатшы Айдос Сарым қазір Қазақстан билігі экономика мен қаржы саласында да ғана емес, саясатта да мүлде тығырыққа тірелді деп санайды.

– Тығырыққа тірелген билік енді не істерін білмей дағдарып отыр. Билік негізі әлдебір шешім қабылдарда өзіне қысым жасалғанын ұнатпайды. Сондықтан қатер төндіруге қауқары мен қабілеті жететін және жұртты соңынан ерте алатын жандардың бәрін қоғамнан оқшаулап тастағысы немесе тұқыртып алғысы келеді, – дейді Айдос Сарым.

Блогер Ермек Тайшыбеков.

Журналист Гүлжан Ерғалиева мұның себебін геосаяси фактормен, атап айтқанда Қазақстанның Ресеймен көрші болуымен байланыстырады. Бірақ оның пікірінше, белсендінің ресейшіл екені немесе Ресейге қарсы позицияны ұстанатыны маңызды емес, Қазақстан билігіне бәрібір.

«Ұлттық банк, трамвай, девальвацияның жер-жебіріне жетіп, әлеуметтік суицидтердің жиілеп кетуіне наразылық білдіріңдер, Ермек Тұрсынов сияқты «ұлттың ар-ұяты» жайлы жазыңдар, жиені мен қыздарын сынаңдар, тіпті қызбалықпен ара-тұра «Шал, кет!» деуіңе болады, бірақ Украинадан Сирияға дейін созылып, қазақ даласын да айналып өтпеген миналар көмілген алаңға аяқ баспаңдар» дейді сақтыққа шақырған Гүлжан Ерғалиева.

«ЖАНДЫ ЖЕР» НЕМЕСЕ «ҚАРАБАЙЫР ҚАТЕЛІК»

Қарашаның 13-інде осы тақырыпты талқылаған AzattyqLIVE бағдарламасына құқық қорғаушы Андрей Гришинмен бірге қатысқан, өзін блогер санайтын Рустам Ниязовтың айтуынша, биыл биліктің интернет саласына назары күшейген жыл болды. Оның пікірінше, виртуалдық болғанымен, интернеттің қоғамға ықпалы үлкен. Бұл тұрғыдан алғанда, Ниязов Серікжан Мәмбетәлиннің ықпалын тұтас радиостанцияның ықпалымен салыстырады.

Рустам Ниязовтың айтуынша, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың көбі «виртуалдық кеңістікке заңның әмірі жүрмейді» деп қателеседі. Қазақстан мұсылмандары одағының жетекшісі Мұрат Телібеков авторлығынан бас тартқан кітаптың қоғамда жанжал тудырған үзіндісін Серікжан Мәметәлиннің репост жасауын Ниязов «қарабайыр қателік» деп атайды.

– Мұндай қателік жасамауы керек еді, – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласы тұрғыны, блогер Игорь Сычев.

Әлеуметтік желілердің көрнекті белсенділерін қамауды Ниязов «мемлекет ақпараттық кеңістігін ебедейсіз амалдармен болса да қорғауға тырысады» деп түсіндіреді.

– Ал үлкен іс құрбандықсыз болмайтынының жөні бөлек, – дейді ол.

Оның айтуынша, шенеуніктер Ресей мен Украина БАҚ-тары арасында байқалатын айтыс-тартыстың қазақстандық интернет салаға көшуіне жол бермеуге тырысады.

–​ Олар Қазақстанда ақпаратқа қатысты мұндай жүгенсіздікке жол беру - өліммен тең деп ойлайды, –​ деп түйіндейді Рустам Ниязов.

Бірақ Андрей Гришин «Серікжан Мәмбетәлиннің бұл қателігі болмаса да билік өзге ілік табар еді» деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстанда интернет кеңістікті қоғамға ықпалын жүргізе алатын, жұртты соңынан ерте алатын тұлғалардан тазартып жатыр. Белсенділердің қамалуы көрнекті әрі оппозициялық белсенділерді саяси ұстанымына қарамастан тұқыртып алу екенін қоғам байқап отыр.

Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбетәлин.

– Жұрт көшеге шықпайтын (наразылық білдіруді айтады – ред.) болды. БАҚ арқылы пікірін жеткізе алмайды, өйткені олар [тәуелсіз БАҚ] қалмады, ал қалған бірен-сараны бұғатталған. Сондықтан әлеуметтік желілер ғана қалды, бұл – жұрт әзірше ой-пікірін жазып, сынап, дауласа алатын сала. Сондықтан әлгі белсенділер көп жерде мемлекеттің жанды жеріне тиген еді, – деп болжайды Андрей Гришин.

Азаттық қонақтары айтқандай, кейбір блогерлер биліктің қысымына ұшырамайды. Былтыр Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов кейбір блогерлерді қабылдаған кезде қабылдауға кіре алмаған әрі әкімнің алалап шақыруына ашық наразылық білдірген блогерлерді полиция ұстап әкеткен. Жуырда Алматының жаңа әкімі Бауыржан Байбек те «таңдаулы» блогерлермен кездесу өткізгеннен кейін бұған дейін оны көбінесе сынаған әлеуметтік желілерде мақтаған пікірлер пайда болды.