Accessibility links

Блогер Тайшыбеков сенатор болуға тырысқанын айтты


Ермек Тайшыбеков сотта отыр. Жамбыл облысы Қордай ауылы, 4 қараша 2015 жыл.
Ермек Тайшыбеков сотта отыр. Жамбыл облысы Қордай ауылы, 4 қараша 2015 жыл.

Ресейшіл пікірлерімен танылған сотталушы Ермек Тайшыбеков «қазақ ұлтшылдарының маған деген жеккөрінішін саналы түрде тудыруға тырыстым» деп мәлімдеді. Ол парламент депутаты болғысы келгенін де сөз етті.

«Ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылған блогер Ермек Тайшыбеков Жамбыл облысы Қордай ауылында өтіп жатқан сотының екінші отырысында «интернеттегі жазбаларымда өшпенділікті қасақана қоздырдым, бірақ тек мені ғана жек көрсін деп ойладым» деп мәлімдеді. Оның процесті алқабилердің қатысуымен және қазір тұрып жатқан Қордай емес, тіркеуде тұратын Алматы қаласында өткізуді сұраған өтініштерін сот қанағаттандырудан бас тартты.

СОТТАЛУШЫ СУ СҰРАДЫ

Қарашаның 9-ы күні блогер Ермек Тайшыбековті сотқа әдеттегідей айдауылдар әкелді. Сотталушыларды сот залына әкеліп арнайы орынға отырғызатын кезде олардың қолындағы кісенді шешетін, бірақ бұл жолы оның кісенін алмады. Судья Қайрат Белгішев отырысты бастады. Бір мезетте залдан «Құдды, адам өлтірген қанішер немесе зорлықшы маньяк сияқты оны неге кісендеп тастағансыңдар?» деген дауыс естілді. Судья бұл сөзге мән бермеді. Ол адвокат Анатолий Окуньковтің клиентінің қолындағы кісенді шешуді сұраған өтінішіне де мән бермеді.

Адвокат Анатолий Окуньков. Қордай, 4 қараша 2015 жыл.
Адвокат Анатолий Окуньков. Қордай, 4 қараша 2015 жыл.

Сотталушының қолындағы кісен сол күйі шешілмеді. Ал Тайшыбековке бір бума құжатты берген кезде оның кісенделген қолының ебі келмей, қағаз шашыла бастады. Осы сәтте судья адвокатқа «клиентіңіздің қағазды ұстауына көмектесіңіз» деді.

Бірақ шамамен жарты сағаттан кейін судья Қайрат Белгішев айдауылға сотталушының қолындағы кісенді шешуге бәрібір бұйрық берді. Ол бұл әмірін Тайшыбеков бірнеше мәрте су сұраған соң берді. Отырыс басталған кезде сотталушы (бұдан ертеректе ол сотқа «қан құрамында қантым көп» деп мәлімдеген) қатты шөлдегенін айтты. Судья айдауылдарға «сотталушыға су беріңдер» деп бұйырды. Сот залында отырған Тайшыбековтің бауырлары сол мезетте айдауылдарға пластик бөтелкемен су беріп еді, судья мұны бірден тоқтатып, айдауылдарға «суды өздерің әкеліп беріңдер» деп бұйырды. Айдауылдар суды шамамен 20 минуттан кейін әкелді. Тайшыбековті қатты шөл қысқан тәрізді, оның бетінен тер сорғалап, ернін жалай берді. Ақыры айдауыл су толы шыны құтыны әкелді. Қолы кісендеулі сотталушы суды бірден сіміре салды.

Әбден шөл қысқан сотталушының кісенделген әрі дірілдеген қолдарымен ыдысты ұстап, судың бір тамшысын төгіп алмауға тырысып, ашқарақтана жұтқан түрі залда отырғандардың кейбіріне әсер еткен сияқты, әйтеуір зал гуілдеп кетті. Залға көз тастаған судья айдауылдарға сотталушының қолындағы кісенді шешуді бұйырды.

«НҰР ОТАН» АРҚЫЛЫ СЕНАТҚА ЖОЛ ІЗДЕУ

Кеше блогер Ермек Тайшыбековтің сот процесін алқабилердің қатысуымен және тіркеуде тұратын Алматыда өткізуді сұраған бірнеше өтініші қаралды. Тайшыбеков айыпталатын қылмыстар бойынша алқабилер соты қарастырылмағаны анықталды. Сот процесін Алматыға ауыстыру өтініші де қанағаттандырылмады.

Ермек Тайшыбеков сияқты ресейшіл пікірді ұстанатынын айтқан алматылық блогер Қайрат Байгереев кеше сотқа келді. Байгереев Қордайға қорғаушы тараптың куәгері ретінде сотқа қатысу үшін келген. Бірақ судья «Байгереев өзге куәгерлермен бірге сот залынан шықпай, процесс барысын бақылап отырды» деген уәжбен процеске куәгер ретінде қатысуына рұқсат бермеді.

Куәгер Ботагөз Исаева. Қордай, 4 қараша 2015 жыл.
Куәгер Ботагөз Исаева. Қордай, 4 қараша 2015 жыл.

Ермек Тайшыбековтің үстінен талап-арыз жазған алматылық куәгер Ботагөз Исаевадан жауап алған кезде ол сотталушыға саяси айыптар таға бастап еді, судья «Процесті саясиландырмаңыз!» деген ескерту жасады. Ал Ботагөз Исаева «Бұл – саяси процесс» деп жауап берді. Судья бұл уәжге ештеңе демеді.

Бірақ сотта саясаттың лебі бәрібір сезіліп тұрды. Мысалы, судья Белгішевтің өзі Тайшыбековтен «Нұр Отан» партиясынан не үшін шықтыңыз?» деп сұрады. Блогер Тайшыбеков «Нұр Отан» партиясынан парламент сенатына депутаттыққа сайланғысы келгенін, бірақ «сіңірген бүкіл еңбегіне» қарамастан, партияның аймақтық филиалдары өзін қолдамағанын айтты. Тайшыбеков «бұл партиядан көңілім қалып, оның қатарынан шығып кеттім» дейді.

Тергеу қызған тұста Тайшыбеков жазбалары арқылы жеккөрініш қоздыруға тырысқанын айтты. Бірақ Тайшыбековтің түсіндіруінше, ол қазақ ұлтшылдарының «орыстар мен президент Путинге бағытталған жеккөрінішін» өзіне бұруға тырысқан.

– Яғни мен осындай амалмен олардың жеккөрінішін өзіме қарай бұрып, мені ғана жек көрсін деп ойладым, – деді Ермек Тайшыбеков.

Бұдан кейін Тайшыбеков сотқа өзін қоғамдағы «тұрақтандырғыш» рөлін атқаратын адам деп санайтындықтан тағылған айыптың мән-мағынасын түсінбейтінін мәлімдеді. Ал судья Тайшыбековті осы «жеккөрініш» сөзіне баса мән бере отырып тергеді.

Блогер Ермек Тайшыбеков «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыпталады. Оның соты Жамбыл облысы Қордай кентінде өтіп жатыр. Ермек Тайшыбеков өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі «қолдан ұйымдастырылған» деп санайды. Келесі сот отырысы қарашаның 11-іне белгіленді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG