Accessibility links

ҰҚК орыс ұлтшылы Поткинді «ұлтараздық қоздырды» деп айыптайды


Ресейлік ұлтшыл Александр Поткин (Белов).
Ресейлік ұлтшыл Александр Поткин (Белов).

Қазақстанның бас прокуратурасы Азаттыққа ресейлік белсенді Александр Поткиннің (Белов) үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Қазақстанның бас прокуратурасы Ресейдегі заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалыстың (ДПНИ) бұрынғы жетекшісі Александр Поткиннің (Белов) үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Азаттыққа берген ресми жауабында Қазақстан бас прокуратурасы «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсендіні қылмыстық кодекстің 164-бабы бойынша («әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе
дiни араздықты қоздыру») айыптап отырғанын» жазды.

Жазбаша жауапта «2014 жылдың 20 мамырында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдары Ресей Федерациясының азаматы А.Поткинге қатысты Қылмыстық кодекстің 164-бабы 1-бөлімі бойынша («ұлтараздық қоздыру» - ред.) қылмыстық іс қозғағанын, қылмыстық қудалауды жүргізу үшін [істің] Ресей Федерациясының тиісті органдарына жолданғанын хабарлаймыз» деп жазылған.

Азаматтық белсенді Жанболат Мамай.
Азаматтық белсенді Жанболат Мамай.

Поткиннің «ұлтараздық қоздыратын» қандай әрекеттер жасағаны айтылмайды. Мамырдың 21-і жергілікті БАҚ-тың бірі: «Жанболат Мамай мен Қазақстан қоғамына аса белгілі емес ресейлік ұлтшыл Александр Белов-Поткинге қатысты «ұлтараздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлаған еді. Агенттіктің жазуынша, «Белов-Поткин мен Мамай қазақ ұлты мен славян халқы арасында араздық қоздыратын әрекет ұйымдастырған». Бірақ Жанболат Мамай өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын, бұл істе тек куәгер екенін айтқан. Оның сөзінше, «Бұл - (өзін тергеуді айтады - ред.) Қазақстанның Еуразия Одағына кіруіне наразылықтарды болдырмау үшін жасалған қысым».

Бұған дейін Ресей баспасөзі «Қазақстан құқық қорғау органдары Александр Поткинді мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптап отыр» деген ақпарат таратқан еді.

Қазақстанда «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыпталып отырған Александр Поткинге Ресейде «БТА Банк» ісі бойынша да айыптар тағылған. Қазан айының ортасында үйқамаққа алынған Поткин кейіннен тергеу изоляторына ауыстырылды.

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, тергеушілер Поткиннен «Мұхтар Әблязовтің атынан оның банктен Мәскеу түбіндегі жер телімдері ретінде заңсыз шығарылған активтерін бірнеше жыл басқарып, заңдастырумен айналысқан» деп күдіктенеді.

Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.

Ал қорғау тарабы Поткинге тағылған айыптарды дәлелсіз санап, оның қуғындалуынан саяси астар іздейді.

«БТА Банк» ісі бойынша Қазақстан Мұхтар Әблязов негізгі күдікті деп таниды. Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов өткен жылдың жазынан бері Францияда қамауда отыр. «Қаржылық алаяқтық жасап, 6 миллиард доллар жымқырған» деген айып тағылған Әблязовті Ресей мен Украина сұратып отыр. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптардың «саяси астары бар» екенін айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG