Азаттықтың сауалына Қазақстан бас прокуратурасы департаменті бастығының орынбасары Рамазан Ынтықбаевтың қолымен жіберілген жауапта Ресей азаматы Дмитрий Демушкинге қарсы Қазақстанда қылмыстық іс қозғалмағаны айтылған.
«Құқық қорғау органдарымен (Қазақстанның – ред.) Ресей азаматы Демушкинге қарсы Қазақстанда билікті күшпен басып алу, Қазақстанның конституциялық құрылысын күшпен құлатуға не өзгертуге, аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыруға қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Тергеу амалдары жүргізілген жоқ» дейді прокуратура.
Бұған дейін ресейлік баспасөз құралдары «Қазақстан ресейлік азамат Дмитрий Демушкинге «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айып таққаны» жайлы ақпарат таратқан. Демушкин 24 қазанда Азаттыққа жазбаша берген жауабында: «Маған бұл жайында бір ай бұрын айтқан еді. Бірақ мән бермегенмін. Ал кеше Мәскеудің Тверь аудандық сотында Поткинге жіберілген материалды оқыды, онда барлық жерде менің фамилиям жүр» деген еді.
Демушкин ресейлік басылымдарға берген сұхбатында өзіне қатысты істің «Русские» қозғалысының жетекшісі Александр Поткин (Белов) ісімен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан. Ресей тергеушілері Поткинге қазақстандық қуғындағы саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязовпен байланыста болып, бөтеннің мүлкіне қатысты заңсыз іс-әректеттер жасаған деген айып тағып, қамауда ұстап отыр. Поткин өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Бұған дейін Ресей баспасөзі Қазақстанның құқық қорғау органдары Александр Поткинді «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп айыптап отыр деген ақпарат таратқан еді.