Металлургтер жалақыны көбейтуді сұрайды

"АрселорМиттал Теміртау" жұмысшылары. 2013 жылдың сәуірі. (Көрнекі сурет)

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы металлургтері мен шахтерлері теңге девальвациясына қарай жалақыны да көбейтуді сұрайды. Компания басшылығы «бұған дағдарыс мұрша бермейді» дейді.

Евгений Х. Қарағанды облысындағы негізгі өнеркәсіп ошағы - қара металлургия алыбы әрі Еуропа мен Азияның көп елдерін металмен жабдықтап отырған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының домна цехында жұмыс істейді. Соңғы 12 айда Евгенийдің 80 мың теңге «таза» жалақысы долларға шаққанда екі еседей құнсызданды. Евгений «40 мың теңге айлық алатын әйелім жұмыс істемегенде сылдыр сорпаны талғажау етер едік» дейді.

- Баспана сатып алуға және оны жөндеуге алған несием бар, оның ай сайынғы төлемі 50 мың теңгеден асады. Коммуналдық төлемдер 15 мың теңгедей. Өзге шығындарым да бар. Жаңа киім алуды айтпай-ақ қояйын, ал демалысты мүлде ұмыттық. Жұрттың көбі секонд-хенд дүкендерінен немесе жаппай сатылым кезінде киінеді. Металлург мамандығының қадірі қашып, жалақысы жыл сайын құлдырап бара жатқаны қынжылтады. Жалақы бағаға ілесе алмай қалды, - дейді Евгений Азаттыққа.

Металлург мамандығының қадірі қашып, жалақысы жыл сайын құлдырап бара жатқаны қынжылтады. Жалақы бағаға ілесе алмай қалды.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен металлургия комбинаты қызметкерлерінің айтуынша, зауытта 50 мың теңгеге жетпейтін жалақы алатындар да, қолына 200 мың теңге тиетіндер де бар (бірақ кокс-химия өндірісінде жұмыс істейтін кейбір жұмысшылар болмаса, ондайлар аз). Жұрт мұндай ақша табу үшін ең қиын әрі қауіпті учаскелерде жұмыс істейді. Ондай жұмысшылардың дені - дистрибьютерлер мен конвертер цехындағы бұрын ең абыройлы әрі жалақысы көп мамандық саналған болат қорытушылар, кокс-химия өндірісіндегі «есікшілер» мен «люкшілер». Домна цехындағы жұмысын «тозақ» деп атайтын көрікшілердің жалақысы - 150 мың теңге. Комбинатта 70-80 мың теңгеге жуық жалақы алатын «газ құтқарушыларының» жұмысы да қауіпті.

Кәсіподақ белсенділері «доллар бағамы 150-170 теңгеден аспай тұрғанда металлургтер жалақысын жартымды санаушы еді, ұлттық валюта девальвациясынан кейін бағалар өсіп, жұмысшылар жалақысы түкке тұрғысыз болып қалды» дейді. Қазір доллардың ресми бағамы - 360 теңге, яғни кейінгі жылда теңге шамамен екі есе құнсызданды.

КӘСІПОДАҚ ЖАЛАҚЫНЫ КӨБЕЙТУДІ СҰРАЙДЫ

Теміртау қаласындағы кәсіподақ ұйымдарына жұмысшылардан «жалақыны көбейту мәселесін жұмыс берушімен талқылау қажет» деген ұсыныстар түсіп жатыр. Металлургтер мен көміршілер кәсіподағы жалақыны көбейтуге негіз бар деп санайды. Кәсіподақ жетекшілері «теңгенің құнсыздануы металл экспортынан түсетін кірісті көбейтіп, компанияның қаржылық көрсеткіштерін жақсартты, бірақ жұмысшылар жағдайын нашарлатып жіберді» дейді. Қаңтардың 14-і күні Астанада өткен жиналыста жалақы көбейту мәселесі қаралып, оған кәсіподақ белсенділері де қатысқан.

- Жиналыста компания өкілдері жалақыны көбейту жайлы ешқандай уәде бермеді, ештеңе айтпады. Бүгін [бас директор Виджай] Махадеван жалақыны индекстеу туралы бұйрыққа қол қойды. Бірақ олар жалақыны онсыз да индекстеуі тиіс. Біз жалақыны көбейтуге мүмкіндік бар деп санаймыз. Кезінде компания басшылығы «егер доллар 230 теңге болса, компания қалыпты режимде жұмыс істей береді» деген, ал қазір доллар 360-қа шықты. Меніңше, жалақыны көбейтуге толық негіз бар. Бірақ әзірше ешқандай болжам айта алмаймын, - дейді шахтерлер кәсіподағы төрағасы Марат Миргоязов.

Кәсіподақ жетекшілерінің айтуынша, жалақыны индекстеуге қатысты 2015 жылдың тамызында басқарма өкілдері мен кәсіподақ арасында қол қойылған келісім-шарт толық орындалуы тиіс. Ол кезде теңгенің долларға шаққандағы бағамын бақылап, жалақыны көбейту шараларын уақтылы жасау туралы шешім қабылданған.

Әдетте директорлармен кездескенде «пайда түсіп жатса, бөлісеміз» дейді. Бірақ пайда түскенде оны ешкім бөліскісі келмей қалады. Бұл әбден жалықтырды.

- Әдетте директорлармен кездескенде «пайда түсіп жатса, бөлісеміз» дейді. Бірақ пайда түскенде оны ешкім бөліскісі келмей қалады. Бұл әбден жалықтырды. Жұрт наразы, ақыры неге соқтыратынын айта алмаймын. Сондықтан кәсіпорын басшылығына жұртқа жағатын шешім қабылдауды ұсынамын, - дейді металлургтер кәсіподағы төрағасының орынбасары Юрий Баранов.

«АрселорМиттал Теміртау»компаниясы басшылығын «жалақыны көбейтуден жалтарды» деп қала әкімі Ғалым Әшімов те айыптайды. Қала әкімі жергілікті журналистердің сұрағына былай жауап берді:

«Болат қорыту өнеркәсібіндегі ең ірі компаниялардың бірі ретінде «АрселорМиттал Теміртау» ел президенті жолдауын қолдауы тиіс. Бірақ ондай қолдауды әзірше байқамадық. Бұл мәселеде біз металлургтердің «Жақтау» кәсіподақ комитеті және оның төрағасы Виктор Щетининмен тығыз байланыстамыз. Жалақы мәселесі күн сайын дерлік қозғалады, сондықтан ортақ түсіністікке келеміз деп үміттенемін, оның үстіне түсті металлургия саласындағы басқа әріптестер жалақы көбейту жайлы шешім қабылдап жатыр».

ШИКІЗАТ НАРЫҒЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫС

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ғимараты алдындағы жазу.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басшылығы бұл мәселеге қатысты «өнім сату нарығындағы қаржылық жағдай біз үшін ұтымды болмай тұр» деген уәж айтады. Кәсіподақтың жалақыны көбейту жайлы үндеуіне орай «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бас директоры қол қойған хатта «Теңге девальвациясы проблемаларды толық шешкен жоқ. Валюта бағамын реттеу тәсілінің өзгеруі - дұрыс қадам, бірақ бұл проблемаларды шеше алмады. Валюта бағамын реттеу ресейлік бәсекелестермен салыстырғанда кәсіпорын өнімділігіндегі айырманы азайтуға әсер етпеді, оның үстіне бұл темір кені мен көмір бағасының арзандауына байланысты шикізат активтеріміздің проблемасын шеше алмайды. Нарықтағы жағдай өте қиын. Бұған қоса Қазақстанның ішкі нарығына Қытай мен Ресейден келетін болат импортына қатысты қиындықтарға да тап болдық» деп жазылған.

Компания басшылығы жауабында кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әлі көп күш салу қажет екені көрсетілген. Хатта жалақыны индекстеу туралы ережені ұжымдық шартқа енгізу мүмкіндігі ғана қалдырылған әрі жалақыны индекстеу міндетті емес екені көрсетілген жаңа еңбек кодексіне де сілтеме жасалған.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бас директоры Виджай Махадеван кәсіподақ үндеуіне берген жауабында «кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын көбейтіп, сыйақы беру жайлы ұсынысты орындаудан бас тартуға мәжбүрміз» деп жазған.

Өткен аптада «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басшылығы жалақыны 6,8 пайызға индекстеу туралы бұйрыққа қол қойды. Оның өзі екі сатымен (қаңтардың 1-інен - бірінші кезең, шілденің 1-інен - екінші кезең) іске асады.

Шахтерлер кәсіподағының төрағасы Марат Миргоязов кәсіподақтар талабы индексация емес, металлургтер мен шахтерлер еңбек ақысын көбейту екенін айтады

«АрселорМиттал Теміртаудың» жұмысшылар саны кейінгі жылдары қысқарып келеді. 2015 жылдың басында компанияның металлургиялық мекемесінде 13 мың 889 адам жұмыс істеген еді, 2015 жылдың желтоқсанында 13 мың 009 адам қалды. Тұрғыны 1 миллион 358 мың адам болатын Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында 17 мыңдай адам еңбек етеді. Ал Теміртау қаласында 181 мың адам тұрады.