Әлеуметтік желі қолданушылары Астанадағы EXPO-2017 көрмесі алаңындағы қымбат тамақ бағасын сынап, қызу талқылап отыр. WhatsApp месенджерлері мен Facebook парақшаларында да көрмедегі ас мәзірінің суреті тарап жатыр.
Оңтүстік Кореялық Чо EXPO көрмесінде өз елінің павильонында жұмыс істейді. Ол көрме алаңындағы тамақтың бағасы тым қымбат екенін айтады.
- Баға өте қымбат. Өз басым күніне тамаққа 3 мың теңге жұмсаймын, - дейді ол.
Теміртаудан келген Ирина да көрме аумағындағы тамақтандыру орындары ұсынып отырған мәзірдің бағасы қымбат дейді. Сыртта әзірленетін астың сапасына да сене бермейтін Ирина ас-ауқатын үйден ала келген екен.
- Көрмеге бала-шағамызбен келіп отырмыз. Бәрін өзіміз үшін алып келдік, - деген ол осылай қаржы үнемдемек болғанын айтады.
Ал EXPO көрме алаңы орталығындағы ресторан қызметкері Рашид Байболатов кешеден бері ас мәзірі бағаларының көп сыналып жатқанын өзі де біледі екен. Көрме аумағында сатылып жатқан тамақтың қымбат екенін мойындағанымен Рашидтің бұған айтар өз уәжі бар.
- Біздікі кафе немесе асхана емес, ресторан ғой. Әр тапсырысты қымбат әрі сапалы азық-түліктен аспазшы жеке орындайды, - дейді ол Азаттыққа. Рашидтың айтуынша, олар ресторанда арзан баға қуалап, адам тартуға тырыспайды. Алайда ол арзан мәзір сату үшін өздерінің екінші сауда орнын ашып қойғанын айтты. Айтуынша, сондағы тамақтың бағалары едәуір. Мәселен, Ташкент палауы 950 теңге тұрады.
EXPO көрмесі алаңының ортасындағы Рашидтің ресторанында қазақтың ұлттық тағамдары қымбатқа сатылып жатыр. Төрт-бес адам үшін асылған ет 25 мың теңге тұрады. Алайда «бұл қала ішіндегі ресторандардағы бағаларымен бірдей» дейді Рашид. Ол жұмыс істейтін ресторанда палаудың кейбір түрі - 1600 теңге, ал тауық сорпасы 800 теңге тұрады.
Осы ресторанның іргесіндегі түрік мейрамханасында бір адамға арналған кәуаптың орташа бағасы 3 мың теңгеге жуықтайды.
EXPO көрме алаңы аумағында бағасы төменірек фастфуд сататын дүңгіршектер де бар. Ондағы сендвичтердің бағасы 700-1000 теңге арасында. Ал бөтелкедегі су бағасы қаладағы дүкеннен екі есе қымбат, 200-300 теңге тұрады. Пиццаның бір тілімінің бағасы - 400 теңге.
Тағы бір назар аудартқан жайт - кей дүңгіршектерде тамақ бағалары тіпті жазылмаған да. Сондай дүңгіршектердің бірінің сатушысы Әнуар өздеріндегі бағаның аса қымбат емесін айтады. Ал тамақтың бағасын Әнуар ауызша айта береді екен.
EXPO аумағында оннан аса фастфуд дүңгіршегі, бірнеше ресторан орналасқан. Қонақтарға далада отырып, жүрек жалғауға мүмкіндік берілген.
Your browser doesn’t support HTML5