Бұған дейін «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі маңдағы 12 гектар жерге 42 тұрғын үй салынып біткен. Алты және сегіз қабатты осы үйлердегі пәтер саны 1300-ден асады. «ЭКСПО қалашығына» 20-дан аса елден келетін қонақ аялдайды деп күтілген. Алайда ЭКСПО-ға келіп хостелдерге де орналасып тұрып жатқандары бар
Your browser doesn’t support HTML5
"БОЛЖАНҒАН БАҒАЛАР"
Хостелдердің бірінде тұрып жатқан – Түркия азаматы Үміттің Астанаға келгеніне жылға жуықтаған. Ол ЭКСПО көрмесіндегі құрылысқа жұмысқа келген екен. Үміт сол жағалаудағы төрт бөлмелі хостелде өзімен қатар жұмыс істейтін 45 отандасымен бірге тұрады. Олардың жатын орны бағасын жұмысы төлейді.
- Біз осында тұрғанымыз үшін ақы төлемейміз. Біз үшін фирма төлейді. Басшыларымыз осында орналастырды, - дейді Үміт.
Хостел иелері болса, ЭКСПО кезінде қонақ үйлер мен жалға берілетін пәтерлердің қымбаттайтынын алдын ала болжаған. Сондықтан, бұған дейін жеңілдікпен 3900 теңге тұрған хостелдегі бір керует көрме өтетін уақыта 6000 теңге болмақ. Хостел иелері: «бағаның өсуі келушілердің қалтасына салмақ салмайды» деген ойда.
ЭКСПО қарсаңындағы пәтер бағасы туралы видео:
Your browser doesn’t support HTML5
Хостел қызметкері Әлия Қосмағанбеттің пікірінше бағаның өскенінен бола адамдар көрмеге келмей қалады деген қауіп - бекершілік.
- Адамдар ЭКСПО-ға уақытша ғана, мәселен, екі күн немесе бір аптаға келуі мүмкін. Тіпті, олар көрме өтетін кезеңнің соңына дейін осында тұрса да біз оларға көңілдері толатындай жағдай жасай аламыз, - дейді Әлия Қосмағанбет Азаттыққа.
Ал, астаналық риэлторлар ЭКСПО қарсаңында сол жағалаудағы жалға берілетін жеке пәтерлер бір жарым есеге қымбаттағанын және көрме өтетін кезде баға тағы да екі есеге көтерілуі мүмкін екенін айтады.
Риэлтор Малика Тайшытаеваның айтуынша, сол жағалаудағы бір бөлмелі пәтерді бір айға жалдау бағасы бұрын 130 мың теңге болса, қазір 150-170 мың теңгеге көтерілген.
- Бұған дейін екі бөлмелі пәтер 200-250 мың теңге болса, бүгінде оны 300-350 мыңға жалдаймыз. Төрт бөлмелі пәтер бұлардан 100-150 мың теңгеге қымбат. Жалға алуға келсек, қазір бір бөлмелі пәтерді бір тәулікке жалдау - 40 мың теңге, екі бөлмелі пәтер 60 мың теңге тұрады, - дейді Малика Тайшытаева.
ЖАҢА ҮЙДЕГІ ПӘТЕРЛЕРДІ ЖАЛҒА АЛУ БАҒАСЫ
«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы қызмет көрсету департаментінің өкілі Әмір Ахметовтің айтуынша, көрме өтетін маңдағы 12 гектар жерге 42 тұрғын үй салған. Жаңа үйлердің жалға беру құны пәтер бөлмесіне қарай әртүрлі болып келеді.
- Пәтерлер 1-4 бөлмелі болып келеді. Төрт бөлмелі пәтерде алты адамға дейін тұра алады. «Силвер» класындағы бір бөлмелі пәтерді бір айға 570 мыңнан астам теңгеге жалға алуға болады. Ал, «Голд» класты пәтер 1 миллион теңгеден астам қаражатқа жалға беріледі, - дейді Әмір Ахметов.
Ұйымдастырушылар «30 күнге бөлгенде аталған қаражат қонақ үйлердің бағасымен бірдей болып шығады» дейді. Яғни, олардың сөзінше, бұл аса қымбат емес.
2017 жылғы ақпандағы дерек бойынша, Астанада 169 қонақ үй мен 36 хостел болған. Сол кезде қала басшылығы жазда тағы да 16 қонақ үй пайдалануға берілетінін айтқан. Сонымен бірге, қазақстандық ақпарат құралдары әкімдікке сілтеме жасап, жалға берілетін пәтерлерді қоса есептегенде, көрме кезінде барлығы 35 мыңға жуық жатын орын дайын болатыны жайында ақпарат таратты. Ал, шараны ұйымдастырушылар 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталатын «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне бес миллиондай адам келеді деп болжап отыр.