Астанадағы бұрынғы саяжайлардағы үйлерін сүріп, жерлерін «мемлекет қажетіне» алуға қарсы бес әйелдің аштық жариялап жатқандарына сегізінші күнге ұласты.
АШТЫҚ ПЕН ЖҮКТІЛІК
Аяғы ауырлағанына үш ай болған Сандуғаш Серікбаева аштықты тоқтатуды ойлайды. Сегізінші күні оның жағдайы күрт нашарлап кеткен.
– Ішім бүріп ауырады әрі өзімді жайсыз сезінемін. Аштықты тоқтату керек шығар деп ойлаймын. Өзімді емес, баламды уайымдаймын, – дейді Сандуғаш Серікбаева Азаттық тілшісіне.
Ол аяғы ауыр екенін аштық жариялағаннан кейін үшінші күні кездейсоқ білген. Бұған дейін ол өзге төрт әйелмен бірге президент әкімшілігі басшысы Нұрлан Нығметуллиннің қабылдауын күтіп, үкімет үйі жанында наразылық акциясын өткізген. Әйелдер бес түн бойы үкімет үйі алдында түнеп шыққан.
– Парламент депутаттарымен кездесу үшін өзімізді шынжырлап тастауға тура келді. Ал Нығметуллинді көру үшін бес күн бойы үкімет үйі табалдырығында ұйықтадық. Енді президенттің қабылдауына кіру үшін аштық жарияладық, – дейді Сандуғаш Серікбаева.
Аштық жариялаған кезде әйелдер Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына кіру талабынын бөлек, Астана әкімдігінен оларды бұрынғы саяжайдағы үйлерінен күшпен шығару туралы сотқа берген талап-арызын қайтарып алуды талап еткен. Енді наразылар «Қазақстан президенті қабылдасын деген жалғыз талап қоямыз» дейді. Олар «тұрмысы нашар азаматтардың жерін әлдекімдерге беру үшін «мемлекет қажетіне» деген желеумен тартып алып жатқанын президентке айтып, шындықты жеткізгіміз келеді» дейді.
БИЛІК ПОЗИЦИЯСЫ
Астана әкімдігі ішкі саясат басқармасының Азаттықтың сауалына жолдаған ресми жауабында «аштық жариялағандардың талаптары орындалмайды, бұрынғы саяжайлардағы жер телімдерін мемлекет қажетіне алатын мемлекеттік органдардың әрекеті заңды» делінген.
Астана әкімдігінің хабарлауынша, қаланың бас даму жоспарына сәйкес, саяжайлық массивтер алынуы тиіс әрі қалада бау-бақша шаруашылығын дамыту немесе саяжай салу қарастырылмаған.
Астана әкімдігі жауабында: «Кейбір бау-бақша учаскелері иелерінің наразылығының себебі – олар саяжайды тұрақты бспана етіп алған, жерін алған кезде мемлекеттен тұрмысқа жайлы баспана беруді талап етеді немесе жеке тұрғын үй құнына тең өтемақы сұрайды. Ал өздерінің жерлері сияқты жер телімдерінен бас тартады» деп жазылған.
Азаттық сауалына жауапта аштық жариялаушы әйелдердің жағдайы денсаулық сақтау қызметкерлерінің бақылауында екені, оларды күнделікті медициналық тексеруден өткізетіні хабарланған.
Әкімдік наразылардың президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қабылдауына кіру талабына қатысты ештеңе айтпаған.
Ал аштық жариялаған әйелдер «мүмкін емес ештеңе сұрамаймыз» дейді. Олар бұрынғы саяжай массивіндегі жер телімдері үшін ақырына дейін күреспек.
– Егер олардың әрекеттері заңды болса, жерімізді «мемлекет қажетіне» алудың заңдылығын тексеретін жұмыс комиссиясын құруға неге рұқсат бермей қойды? Жерімізге мемлекет мұқтаж емес, жеріміз әлдекімдердің қолына өтіп жатыр, – дейді Сандуғаш Серікбаева.
Үйлері бұзылатын бес тұрғын акцияларын тамыздың 6-сы күні аштық жариялаушы әйелдердің бірі Алтын Шеруалиеваның үйінде бастаған. Бұдан бұрын Астанада талай рет наразылық акциясын өткізген оларды бірнеше мәрте полиция ұстап әкеткен, кейбіріне айыппұл салынған.