Жоламанов өзіне қарсы істі «саяси тапсырыс» деп атады

Генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов сотта отыр. Астана, 29 қаңтар 2015 жыл.

Генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов сотта отыр. Астана, 29 қаңтар 2015 жыл.

ҰҚК-нің бұрынғы лауазымды қызметкері, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов өзіне тағылған айыпты мойындамады. Бүгінгі соттағы өзге айыпталушы мен куәгер «пара беру оқиғасы болғанын» айтты.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің бұрынғы директоры, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламановтың соты өтіп жатыр. Қаңтардың 26-сі күнгі сотта бас әскери прокуратура өкілі Кемел Шаяхмет Нұрлан Жоламановқа тағылған «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» және «аса ірі көлемде пара алды» деген айыптардың жайын түсіндірді.

«ГЕНЕРАЛДЫҢ ОТКАТ АЛУ ТАПСЫРМАСЫ»

Әскери прокуратура өкілі Кемел Шаяхметтің сөзінше, 2013 жылдың жазында Нұрлан Жоламанов пен Қайрат Балмағамбетов және тағы басқа бірнеше азамат ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, мемлекеттік сатып алудан жеңіп шыққан жекеменшік компаниялардан тендер арқылы бөлінген қаржының 10 пайызын алғыс ретінде алып отырған.

Параның 59 миллион теңге мен 371 мың АҚШ доллары Жоламановтың өз қолына берілген.
Бас әскери прокуратура өкілі Кемел Шаяхмет.

– 2013-2014 жылдары олар жеке кәсіпкерлерден пара ретінде 173 миллион теңге мен 436 мың АҚШ долларын алған. Оның 59 миллион теңге мен 371 мың АҚШ доллары Жоламановтың өз қолына берілген, – деп мәлімдеді бас әскери прокуратура өкілі Кемел Шаяхмет.

2014 жылы 27 қазанда ұсталған Нұрлан Жоламановпен бірге сотқа тартылған азаматтардың бірі – Алматыдағы 2458-әскери бөлімнің бұрынғы командирі Қайрат Балмағамбетов бүгінгі сот отырысында «өзіне тағылған айыптармен толық келісетінін, ұйымдасқан қылмысқа қатысып, пара алғанын мойындайтынын» қысқаша ғана айтты.

Сотқа куәгер ретінде қатысқан азаматтардың бірі ҰҚК шекара қызметі қаржылық басқармасының бұрынғы төрағасы Нұржан Килибасов болды. Ол Нұрлан Жоламановтың үйінің ауласында «екі мәрте пара алу жайында сөйлескенін», «генералдың откат алу тапсырмасы заңсыз болса да, қызметінен айырылмауды ойлағандықтан бұлжытпай орындап, бірнеше рет ақшаны өз қолымен апарып бергенін» айтты.

– Ойлана келе, ол істер үшін өзім сотқа тартылмау амалымен 15 қазанда генерал Нұрлан Жоламановқа қатысты шағым түсірдім. Және өзім алған 24 миллион теңгені сол күні тергеу орындарына қайтарып бердім, – дейді «пара алу жобасын да генералдың өзі жасағанын» айтқан куәгер Нұржан Килибасов.

«ТІРІ ЖҮРГЕНІМЕ РИЗАМЫН»

Қаңтардың 26-сы күнгі сот отырысындағы түскі үзіліс кезінде сот залынан шығып бара жатқанда журналистермен тілдескен айыпталушы Нұрлан Жоламанов өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істің «саяси астары бар» екенін айтты.

Бұл іс – саяси тапсырыс, шекара қызметіндегі кезінде жіберілген, елбасы білмейтін кемшіліктерді жасыру үшін арнайы қолдан жасалған іс.
Генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов.

– Бұл іс – саяси тапсырыс, шекара қызметіндегі кезінде жіберілген, елбасы білмейтін кемшіліктерді жасыру үшін арнайы қолдан жасалған іс. 2013 жылы мемлекет басшысы маған шекара қызметіндегі барлық саланы анықтауға тапсырма берген. Мен ол тапсырманы орындап, мемлекеттік қауіпсіздікке әсер ететін айтарлықтай олқылықтарды анықтадым, – дейді айыпталушы Нұрлан Жоламанов.

Ол «өзі анықтаған көп келеңсіздікті» президент Нұрсұлтан Назарбаевқа мұрсат етілген бір айдың ішінде жеткізе алмағанын айтады.

– Мақсат-мүдделері мемлекеттік қауіпсіздікке сай келмейтіндер сол істердің бәрін жабу үшін тапсырыспен мені істі жасамақ. Мен осы күні тірі жүргеніме ризамын, – деді нақты кімдерден қауіп көретінін ашып айтпаған Нұрлан Жоламанов.

Your browser doesn’t support HTML5

Нұрлан Жоламановтың журналистерге айтқаны

2014 жылы қазанның 27-сі күні тұтқындалған Нұрлан Жоламанов желтоқсанда Қазақстан президенті Назарбаевқа үндеу жазып, тергеуге сенімсіздік білдірген еді. Ол: «Тергеуді шекара қызметін күйреткен ҰҚК лауазымды тұлғаларына бағынышты қызметкерлер жүргізеді. Арнайы комиссия құрып, оған ҰҚК шекара қызметіндегі жағдайды мұқият тексеруді тапсыруыңызды және қылмыстық істі тексеруді өзге тергеу органына жүктеуге көмектесуіңізді сұраймын» деп жазған.

Нұрлан Жоламановтың осы хатын есіне салған тілшілер одан «сотқа тартылған кезде ел президентіне өзін ақтау жайлы хат жазып босап шыққан шенеуніктер тәрізді амал қолданар-қолданбасын» сұрады. Бірақ бұл сұраққа айыпталушы да, оның адвокаттары да жауап бермеді.

2013 жылдың қаңтарынан бастап ҰҚК шекара қызметін басқарған Нұрлан Жоламанов 2014 жылы қазанның 27-сі күні ұсталған. Оның ісі бойынша алдын-ала тыңдау қаңтардың 12-сінде өткен. Ол кезде Жоламановтың адвокаты оны қамаудан босатып, үйқамаққа шығару туралы өтініш берген. Бірақ сот ол өтінішті қанағаттандырмаған. Сот барысында «13 мәрте пара алған» деп айыпталған Жоламанов ісіне қатысты 80-ге жуық куәгер де сұралады.

Нұрлан Жоламановтың ісі – соңғы жылдары ҰҚК шекара қызметіне қатысты шыққан шулы оқиғалар мен жанжалды істердің бірі ғана.