Бұл оқиға екі жыл бұрын Астананың сол жағалауында - MEGA сауда және ойын-сауық орталығынан бірнеше километр жерде, Қазақстанның жаңа астанасының қымбат тұратын ауданында болған. «Дружба-2» бау-бақша серіктестігіндегі №131 учаскенің үш қожайыны – Михаил мен Валерий Ивановтар, Ирина Корнилова – туыс адамдар. Олар саяжайдағы шағын үйін белгісіз біреулер күреп, көшеттерді отап тастағанын кездейсоқ естіген.
Ирина Корнилованың баласы Юрийдің айтуынша, оның анасы мен әлгі саяжайдың өзге иелері – қарт адамдар (анасы – екінші топ мүгедегі, ал атасы – тыл еңбеккері) әрі бірнеше жыл саяжайға ештеңе екпеген, тіпті бармаған. Ол «Бірақ бұл жайт ешкімге оны басып алуға құқық бермейді ғой» дейді.
Юрий Корниловтың сөзінше, олар әуелі таныстарынан «сендердің жерлеріңе әлдебір кәсіпкер көлік жөндейтін станция салғысы келеді» деп естіген, бірақ жерді сатып алу туралы ұсыныспен ешкім хабарласпаған.
- Бірақ бір күні – 2014 жылы алғашқы қар жауған күні - ол жаққа трактормен барып, бәрін күреп тастапты. Серіктестік төрайымы біздің көршіміз болатын, үйіміздің арасын дуал ғана бөліп тұр. Ол «Не істеп жатырсыздар? Бұл - жеке меншік территория» деген. Әлгі адамдар оған «мына жердің бәрін сатып алдық, енді біздікі» деп жауап берген, - дейді Юрий Корнилов.
Ешқандай ескерту алмаған әрі ол жерде болмағандықтан, саяжайдың заңды иелерінде үйді сүру әрекетін тоқтата алмаған. Ақыры бір күні барған кезде саяжай жоқ болып шыққан. Бірақ кейінірек әлгі жер телімінің бір бөлігінде қала әкімшілігіне қарасты коммуналдық нысан – сорғы станциясы пайда болған.
- Мен сотқа жүгініп, адвокат жалдадым, бірақ ол сотқа келмей қойды. Жазбаған жерім жоқ - прокуратураға да, полицияға да, біздің учаскемізге коллектор салып, 2016 жылы пайдалануға тапсырған әкімдікке де жаздым. Сотта «дұрыс жазылмаған» деген уәжбен арызымды қайтарып алуды ұсынды. Ақыры жүгірісімнен түк шықпады, үйді күреп, жерді басып алғанкім екені сол күйі анықталмады, - дейді Юрий Корнилов.
Оның сөзінше, ол басып алынған жер телімі мен ағаштан салынған саяжай үйін сүргені үшін кейінгі екі жылда жергілікті биліктен өтемақы төлетуге қол жеткізе алмаған. Моральдық зиянды өтеу қажет екенін ешкім тіпті есіне алмаған.
Юрий Корниловтың айтуынша, Астана әкімдігі өкілдері бес миллион теңгеге жуық өтемақы тағайындалғаны жайлы оған жуырда ғана айтқан. Бірақ ол «өтемақыны бірнеше миллион теңгеге кем белгілеген әрі «құр жерді» ғана бағалаған» дейді. Корнилов бау-бақша серіктестігі төрайымынан жер теліміндегі көшеттер туралы алған анықтаманы әкімдіктегі бағалаушы маманға көрсеткен, бірақ ол әлгі құжатты елемеген.
Юрий Корнилов бұдан бөлек, «құқымыз үшін күресуден де, жергілікті билікке талабымыздың орынды екенін дәлелдеуден де шаршадық» дейді.
ӨТЕМАҚЫ ЖАЙЛЫ УӘДЕ ЕТЕ БАСТАДЫ
Астананың автомобиль жолдары басқармасы өкілдері Азаттыққа саяжайдағы үй өтемақы төленбей тұрып сүрілгенін растады. №131 жер теліміндегі жылжымайтын мүлікті бағалау жуырда ғана жүргізілген, бірақ қаншаға бағаланғаны айтылмаған.
Астананың автомобиль жолдары басқармасы Азаттық сауалына «Бағалау нәтижесін алғаннан кейін жер телімі иелеріне тиісті ақшалай өтемақы ұсынамыз» деген жауап жолдаған.
Бұған қоса, «Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы ақпанның 22-сіндегі №197-326 қаулысы негізінде жер телімі «Кіші айналма жолға қосу, 5- учаске (Бейсеков көшесі)» нысаны құрылысын жүргізуге мемлекет қажеті үшін мәжбүрлі түрде алуға (сатып алуға) жатады» деп көрсетілген.
Бірақ жер телімі әлгі қаулы шығардан екі жыл бұрын басып алынғаны жайлы ештеңе айтылмаған. Ал жеке меншік жер көбінесе сот арқылы алынады. Әлгі жер телімі неліктен сотсыз алынғанын жергілікті билік түсіндірмейді.
Астананың автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің айтуынша, жауын суы жиналатын кәріздің сорғы станциясын салған кезде әлгі жер телімінде үй де, көшеттер де болмаған. Ал үйді кім күреп, көшеттерді кім отағанын жергілікті билік хабарламайды.