Астананың кейбір аулаларына темір контейнерлер орнатылған, ол жерге басқа қоқыстан бөлек пластик тасталады. Жобаның атауы – «Бұл жерде пластик тұрады». Бірақ қоқысты арнайы жәшіктерге сұрыптап тастағанды ұнататын астаналық Дина Астаева шараның ойдағыдай іске асырылмай жатқанын айтады.
- Пластик қалдықтарды кім әкетеді деп ойлайтын едім. Бірде кәдімгі қоқыстарды таситын көлік келіп, пластигі бар контейнерді басқа қоқыстармен бірге әкетіп бара жатқанын көрдім. Сол кезде идеяның іс жүзінде пайдасы жоқ екенін түсіндім. Барлық қоқыс бір жерге баратын болса, тұрғындарды қоқысты сұрыптауға үйреткеннен не пайда? Қоқыстың тек бір түрін тасуға арналған машиналар бар деп естігем. Мүмкін сол күні олар пластикті алуға ерінген шығар. Қазір ол контейнерлер мүлдем жоқ, қайда кеткені белгісіз, - дейді Дина Астаева.
«Пластикке арналған үйлерді» орнатқан «Астана-Тазарту» компаниясынан жауап күтіп шаршаған Азаттық тілшісі пластик пен басқа да астаналық қоқыстарды - ірі компаниялар, ЕХРО павильондары мен тұрғын үй кешендері мен адамдар шығаратын қоқысты сұрыптайтын зауытқа аттанды.
ҚОҚЫС ЖИНАУДА КЕЛІСІМ ЖОҚ
Компания директоры Сәуле Тәжібаева "астаналық тұрғын көрген жайт қоқысқа жауапты компаниялардың ауысуы кесірінен болған шығар" дейді. «Бұл жерде пластик тұрады» жобасын басында «Астана-Тазарту» компаниясы ұсынды, бірақ астаналық бірқатар аудандар өзге қоқыс жинау ұйымының бақылауына өтіп, олар басқа компаниялардың науқандарын қолдамады.
LS Astana компаниясы қоқысты жинаумен, оны бастапқы қайта өңдеумен айналысады, ары қарай оны елдегі барлық қоқыс өңдеуші зауыттарға жібереді (яғни компания қызметкерлері болашақта өңдеу үшін қоқыстан «шикізат» дайындайды). Зауыт қаланың шетінде (орман алқабында) орналасқан. Мұнда қатырма қағаз, полиэтилен, пластик шөлмектер, канистралар, алюминий банкалар, әйнек табақ пен ыдыстардың сынықтарын сұрыптайды. Олар нақты құрылыммен жұмыс істейді: жұмысшылардың бір тобы қоқысты әкеледі, енді бір тобы оны тазалайды, басқалары сығымдайды, келесілері алып кетеді. Бұл әрекеттердің барлығы үлкен бөлмеде жасалады, ал екінші бөлмеде «өңделген шикізат» түрлі санат бойынша сақталады.
Азаттық тілшісі сұрыпталмай қалған пластик үйіндісі туралы сұрағанда директор пластиктің барлығы бірдей қайта өңдеуге жіберілмеуі мүмкін екенін айтты.
- Адамдар оған (пластикке арналған қоқыс контейнерін айтады) бәрін тастайды: пластик ойыншықтар, тұрмыстық техникалар, бір рет қана пайдаланылатын пластик ыдыстар. Яғни, бәрібір қолмен сұрыптау керек. Оны қоқысқа жібереміз. Ол өңдейтін материал емес, полигонға апару керек болады, - деді Сәуле Тәжібаева.
Азаттықтың «мемлекет қолдау көрсете ме?» деген сауалына қоқыс сұрыптаушы зауыттың директоры "тікелей қолдаудың жоқ екенін, өздерінің қызметі кәсіпке жататынын, шикізатты өңдеп, сататындарын" айтты.
Қазақстандағы қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі маман Самат Нүркеев «Мәселе осында жатыр, қоқысты өңдеудің барлық кезеңінде онымен айналысатын көптеген компаниялар арасында бірізді жұмыс жоқ, олар бизнеспен жеке-жеке айналысады» дейді.
- Бәрін бір жерде, бақылауда ұстау керек. Қоқысты тасымалдайтын компаниялар, полигон мен қоқыс өңдеуші зауыт бірге болуы керек. Қазір Крыловтың мысалындағы сияқты: әркім өз жағына тартады. Содан бүкіл жұмыс жапа шегеді, - дейді сарапшы.
Қазір Астанада қоқыс мәселесін шешуге арналған көптеген шаралар өтіп жатыр. Мысалы, Астана әкімдігі Малайзия үкіметі EXPO-2017 көрмесінде ұсынған қоқысты сұрыптау жобасын қарастырып жатыр. Бұл жоба бойынша қоқыс контейнерлерге арнайы пакетпен жіберіледі, олардың әрқайсысында қоқыс «иесін» көрсететін арнайы штрих-код болады. Солайша адамдарды жауапкершілікке үйретіп қана қоймай, қоқыстың белгілі бір мөлшері үшін материалдық сыйлық беріп, ынталандыруға болады. Бірақ бұл жобада мемлекет пен бизнес-құрылымдар күш біріктіре ме, жоқ па – ол жағы белгісіз: Астана әкімдігі Азаттықтың сауалына жауап бермеді.