Астанада азық-түлік қымбаттай түсті

Астанадағы базарда алма сатып тұрған әйел. (Көрнекі сурет)

Астаналықтар қымбаттап кеткен азық-түлікті сатып алу кезінде ақша үнемдеудің түрлі жолдарын тапқандарын айтады.

Астана тұрғындары азық-түлік бағасының шарықтап кеткеніне шағымданады. Қалалықтардың айтуынша, ауыл шаруашылық жәрмеңкелері өткен күндері немесе коммуналдық базарларда ғана аздап үнемдеуге болады. Әкімдіктегі шенеуніктер тұрғындарға дүкенді дұрыс таңдауға кеңес береді.

БАҒА ТАҒЫ ӨСТІ

Соңғы кезде Астана тұрғыны Кенже Оспанова азық-түлікті «Шапағат» коммуналдық базарынан ғана сатып алады. «Азық-түлік бағасын 15-20 пайызға қымбаттатып жібергендіктен, супермаркеттерге баруды қойдым» дейді ол.

- Супермаркет пен базардың бағасындағы айырмашылықты әсіресе кір жуатын, үй тазалайтын ұнтақтардан байқауға болады. Еттің бағасы да солай. Мысалы, базарда сиыр етінің бір килограмы 1300 теңге (8,7 доллар), ал супермаркеттерде 1600 теңге (10,7 доллар) тұрады, - дейді Кенже Оспанова.

Кенженің айтуынша, кәмелет жасына толмаған екі баласы бар оның отбасы ай сайын азық-түлік пен жуғыш заттарға 40-50 мың теңгедей (шамамен 270-330 доллар) жұмсайды екен. Кенже Оспанованың отбасы үшін бұл өте көп шығын болса да, оны азайтудың амалы жоқ.



- Барлық заттың бағасы өсті. Бірақ мен тамақтан ақша аямаймын, өсіп келе жатқан балалар бар, оларға күнделікті пайдалы бірдеңе беруің керек, - дейді Кенже Оспанова.

Астананың тағы бір тұрғыны Динара Қапизова бұл пікірге қосылмайды. Базарға барып үнемдеуге болады дегенге сенбейді. Оның айтуынша, үйіңе ауыр сөмкеңді арқалап жете алмайсың. «Амалсыз такси ұстайсың, сөйтіп базардан үнемдегеніңді жолақыға бересің» дейді ол.

Астананың қымбат қала екенін айтқан Динара Қапизова соңғы уақытта бағаның тағы 5-10 пайызға өскенін байқапты. Оның айтуынша, әуелі сүт, жұмыртқа, май мен еттің бағасы өскен.

- Өз басым мерекелік дастархан жаю үшін бәрін аз-аздан ғана аламын. Тәтті-мәтті сияқтыны да бір тәрелкеге шақтап аламын. Сатып алған етті турамшалап, үш-төрт рет тамақ пісіруге жеткіземіз. Арзанырақ шығатындықтан сүттің бір литрін емес, екі тетрапакетін бірден алуға тырысамын. Баға шарықтап тұр. Жалақының баға сияқты жиі өспейтіні қынжылтады. Бәрібір жетпейді, - дейді Динара Қапизова.

Айгүл Талпақова Facebook желісіндегі өз парақшасында Астана дүкендерінен 10 мың теңгеге (70 доллар) жарытымды ештеңе сатып ала алмайтынын жазады. Қажетіңді сатып алуға бұл ақша жетпейді. Оның есебінше, дүкенге кем дегенде 20 мың теңгемен (140 доллар) баруың керек. Айгүл Талпақованың бақылауынша, азық-түліктің бағасы қазан-қараша айларынан бастап өсе бастаған.

«Көкөніс пен азық-түліктің бағасы тіпті шарықтап кетті. Жаңа жыл қарсаңында не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Биліктегі мырзалар, Кеден Одағына кіруге асыққаннан ұтқандарыңыз осы ма? «Отандық кәсіпкерлерді қорғаймыз» деп әдемі сөздерді үйіп-төгіп еді, енді, міне дүкен сөрелерінде сол баяғы Ташкент» деп жазады Айгүл Талпақова Facebook желісінде.

Оның айтуынша, қызанақ пен қиярдың бағасы былтыр Жаңа Жыл алдында ғана 350 теңге (2,3 доллар) болса, биыл сатушылар қазан тумай жатып осы бағаны қойып алған.

- Үйімнің жанында екі супермаркет бар. Бірінде бородинолық нан - 76 теңге, екіншісінде 90 теңге тұрады. Мұндай айырманың сырын білмедім, - дейді Айгүл Талпақова.

ӘКІМДІКТІҢ ҮНЕМДІЛІК РЕЦЕПТЕРІ

Азаттық тілшісімен әңгімелескен үш әйел де демалыс күндері қалада өтетін ауыл шаруашылық жәрмеңкелерінде азық-түлік өнімдері мен жеміс-көкөністің бағасы айтарлықтай арзан екенін айтты.

- Бірақ жәрмеңкеге барып тұрудың реті келе бермейді, - дейді Айгүл Талпақова.

«Жәрмеңкенің де жетісіп тұрғаны шамалы» деген Айгүл:

- Егер әкімдік өкілдері келіп қадағалап тұрмаса, баға шарықтап шыға келеді, - дейді.

Оның үстіне, мұндай жәрмеңкелерде сатылатын өнімдердің сапасы төмен. Жарты бағасына арзан болғанымен, жеміс-көкөністердің көбі бұзылған немесе үсіп кеткен. Мұндай базарларда тексеру таразылары да жоқ. Әр затқа кезекке тұруың керек. Сатып алушылардың кейбірінің шағымдары осы сарында.

Астана әкімдігі қалалықтарға азық-түлік сатып алатын орынды дұрыс таңдауға кеңес береді. Astana.kz сайтында «Бір жерден етті, екінші жерден дәнді дақылдарды, тағы бір жерден сүтті арзанырақ сатып алып, үнемдеуге болады» деп жазылған.

Мұндай дүкендердің қаланың қай тұсында орналасқаны сайтта көрсетілмеген. Тек «халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған бөлігі 32 сауда павильонынан азық-түлік өнімдерін 10 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады» деп хабарланған.

Астана әкімдігінің сайты дүкендердегі бағаның өсуін «сауда саласының бұл бөлігі нарықта бұрыннан орнығып қалғандықтан, баға саясатын олардың қожайындары белгілейді. Ал коммуналдық нүктелер бірен-саран» деп түсіндіреді. Қалада анда-санда бағаны арзандататын акция өткізіледі.

2012 жылы желтоқсанның 4-і күні Қазақстан статистика агенттігі қараша айы бойынша жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі пакетін жариялады. Ол - 16 мың 554 теңге.

Мұның ішінде: ет пен балық - 23,9; сүт, сүт өнімдері, жұмыртқа - 16,2; жеміс-жидек пен көкөніс- 9,8; нан өнімдері - 7,9; қант, шай, түрлі дәмдеуіштер - 2,2 пайыз.

Статистика агенттігінің ақпараты бойынша, «Азық-түлікке - 9 мың 932 теңге, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен түрлі қызметтерге - 6 мың 622 теңге» деп белгіленген.

Құрметті оқырман, азық-түлікті арзан бағаға алу үшін сіз қандай тәсіл қолданасыз?

Бұл мақаланы тілшіміз Светлана Глушкованың Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.