Астана тағы да иістене бастады

«Хан Шатыры» сауда орталығының артындағы қалдық су қоймасы. Астана, 24 сәуір 2011 жыл.

Астана қаласын жыл сайын жаздыгүні қолқаны қабатын жағымсыз иіс алып кететін. Тұрғындар биыл күн ыси бастаған сәуірдің соңғы аптасында-ақ жағымсыз иістің қайта байқалғанын айтады.

Өзін суретке түсірмеуді және баспасөзде толық аты-жөнін атамауды өтінген Серік Астана қаласының сол жағалауындағы «Сарыарқа» велотрегінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, соңғы күндері таңертең және кешке қарай осы аймақты (бұл аумақта президент резиденциясы, «Хан Шатыр» кешені, «Астана-Бәйтерек» сияқты жаңа нысандар орналасқан - ред.) қолқаны қабатын жағымсыз иіс басып кетеді екен.

«ДАЛАҒА ШЫҒА АЛМАЙ ҚАЛАСЫҢ»

«Дәретханадан шығатын иіс. Далаға шыға алмай қаласың. Ескі қаланың ішінде мұндай жағымсыз иісті байқамадым» дейді Серік.

Түнгі Астана. 15 қараша 2011 жыл.


Есілдің сол жағалауындағы «Астана-Бәйтерек» монументі қасындағы «Достық» шағын ауданының тұрғындары да қар еріп, күн жылығалы біртүрлі жағымсыз иісті сезе бастағандарын айтты. «Үш күннен бері иіс келе бастады. Балаларым мен немерелерім «Бұл не?» деп сұрайды. Жақын маңда кәріз жүйесі бар деді біреулер» дейді Әмина апай.

«Жыл сайын осы - күн ысыса, сасиды» дейді екінші тұрғын. Ал зейнеткер Мейірім ата: «Бұл иіс Ильинка ауылына бара жатқан жолдағы қалдық сақтайтын қоймадан шығады. Қаладан шыққан зәрдің барлығы сол жерге түседі екен ғой. Оны енді тазалау керек. Әйтпесе, үйден шығу мүмкін болмай қалады» дейді.

«БЫЛТЫРҒЫДАЙ МҮҢКІП КЕТПЕСЕ ЕКЕН»

Тұрғындар нәжістің иісін үнемі емес, анда-санда, солтүстіктен жел соққанда ғана сезе бастағандарын айтып: «Биыл былтырғыдай мүңкіп кетпесе екен» дейді. Зейнеткер Мейірім ата айтқан қалдық су қоймасының қазіргі аты - Талдыкөл.

2012 жылы сәуірдің 11-інде президент Назарбаевтың қатысуымен өткен Астананы әрі қарай дамыту мәселелеріне арналған кеңесте қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Талдыкөл сарқын су жинау орны 2015 жылы толығымен жойылатынын хабарлады. Бұл президенттің жеке тапсырмасы екенін, жобаны іске асыруға 5 жыл кететінін, істің 2011 жылдан басталғанын да айтып өтті.

Аялдамада отырған әжесі мен немересі. Астана, 16 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


Талдыкөл - негізінен табиғи көл. Бастапқы көлемі 400 гектардай болған екен. Қазір 2 мың 138 гектар жерге жайылып кеткен. Онда шамамен 65 миллион 200 мың текше метрдей кәріз суы жиналған.

1970 жылдары Талдыкөл нағыз құс базары болған. Кейін Целиноград қаласынан шыққан сарқын су осы көлге құйыла бастапты.

2015 жылдан кейін Астанадан шығатын сарқынды сулар қаладан қырық шақырым жерде салынған «Қарабидайық» қоймасына жиналуы керек. Одан әрі тазартылып, Қорғалжын өзен-көлдеріне ағызылмақ.