БҰҰ комитеті Олег Евлоевті азаптау құрбаны деп таныды

Олег Евлоев (оң жақта) сотта отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті өмір бойы бас бостандығынан айырылған Олег Евлоевті Қазақстан полициясы азаптаған деп таныды. Бұл – азаптауға қатысты Қазақстан үкіметіне қарсы екінші іс.
«2008 жылы ауыр қылмыс жасаған» деп айыпталған Астана қаласының тұрғыны Олег Евлоев (1980 жылы туған) 2009 жылы өмір бойына түрмеге кесілді. Евлоев «бұл іс қолдан жасалған, қылмысқа қатысым жоғын растайтын дәлелім бар» дейді. Бірақ сот оны түрмеге кесті. Ол жазасын Қостанай облысы Жітіқара қаласы маңындағы түрмеде өтеп жатыр.

Олег Евлоев – БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне дейін шағымданып, дауда мемлекетті жеңген екінші қазақстандық (біріншісі – Қостанай тұрғыны Александр Герасимов). Олег Евлоевтің әкесі, 74 жастағы Исса Евлоевқа Қазақстандағы адам құқықтары бюросының Астана филиалының жетекшісі Анар Ибраева заңдық көмек көрсеткен. Евлоевтің анасы 2010 жылы қайтыс болған. БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің шешімін алған Олег Евлоев енді сотқа жүгіне алады.

ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН ШАҒЫМДАР

Азаттық: – Олег Евлоев полицияның тергеу және сот кезіндегі қандай әрекеттеріне қатысты шағымданды?

Анар Ибраева: – Евлоев мырза азаптауға қатысты бірнеше мәрте шағымданған. Мысалы, 2008 жылдың 10 желтоқсанында прокурор Ахметовтың қатысуымен жүргізілген тергеу видеоға түсірілген. Евлоев қылмысқа қатысы

Құқық қорғаушы Анар Ибраева.

жоқтығын растайтын дәлелі барын прокурорға хабарлап, «Мені азаптап, мәжбүрлеп мойындатты. Басыма, денеме түскен жарақаттар бар. Ұйықтауға мүмкіндік бермей, психикама әсер етті. Көрсетілген қысым туралы бұрын шағымданбау себебім, бүгінгі тергеуге сіз, прокурор қатысып отырғандықтан мәлімдеп отырмын» деген.

2008 жылдың 16 желтоқсанында адвокат Ахтанов қатысқан тергеу кезінде Евлоев мырза «Бірінші күннен бастап ұрып-соғып, қысым көрсетілді деген алғашқы түсінігімнен қайтпаймын» деп мәлімдеген.

2009 жылдың қаңтарында Евлоев мырзаның әке-шешесі абақтыдағы баласын азаптауға қарсы Астана қаласы прокуратурасына арыз түсіреді. Прокуратура олардың шағымын ішкі істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік департаментіне (ІІМ ІҚД) жолдаған. Тергеу хаттамаларындағы мәлімдемесі мен азаптауға қатысты шағымдары тексерілмегенін көрген Евлоев 2009 жылдың наурызы мен 29 сәуірінде Қазақстандағы адам құқықтары бюросына шағымданды.

2009 жылдың наурызында басталған сот Олег Евлоевтің азаптау туралы шағымын қарамайтынына көзі жеткен анасы 2009 жылдың 18 мамырында ІІМ ІҚД-не арызданып, тиісті тексеру жүргізуді сұрайды.

2009 жылы мамыр айының 22-сінде адвокат Ахтанов Астана қаласы прокурорына Евлоев мырзаның азаптауға қатысты арызы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы прокурор шығарған қаулыны беруді сұрап, өтініш

Олег Евлоевтің әкесі Исса Евлоев. Астана, 4 ақпан 2014 жыл.

жолдайды. Евлоев мырзаның 2009 жылдың 8 маусымы күні берген арызы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулының көшірмесін оның анасы Астана қалалық соты 2009 жылдың 16 маусымында Евлоев мырзаға үкім шығарғаннан кейін ғана алады. Сөйтіп азаптауға қатысты арыз бойынша қылмыстық іс те қозғалмайды, тұтқынды азаптады деп болжанған қызметкерлер де жауапкершілікке тартылмайды.

АЗАПТАУҒА ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМДЫ БҰҰ-ДА ҚАРАУ

Азаттық: – Олег Евлоевтің шағымын БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне кім және қашан жолдады?

Анар Ибраева: – БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жолданған хабарламада 2010 жылдың 20 желтоқсаны деп көрсетілген. Евлоев мырзаның сенімхаты негізінде бұл хабарламаны Қазақстандағы адам құқықтары бюросының Астана филиалының директоры, яғни мен әзірледім.

БҰҰ азаптауға қарсы комитетіне жолданған арыз мемлекетке, яғни БҰҰ-ның азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясының нақты баптарын орындамаған Қазақстан Республикасына қарсы берілді.

Азаттық: – БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің бұл іс бойынша шешіміне сәйкес енді Қазақстан не істеуі тиіс?

Анар Ибраева: – БҰҰ азаптауға қарсы комитеті шешімінде «Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы келісімнің 22-бабы 7-параграфына сәйкес әрекет ететін комитет келтірілген фактілер негізінде 1-бап, 2-баптың 1-параграфы және 12, 13, 14, 15-баптарындағы талаптар бұзылған деп таныды» деп жазылған.

Азаттық: – Олег Евлоевтің ісі енді қайта қарала ма?

Анар Ибраев: – Олег Евлоевқа тағылған айыптарға қатысты айғақтар оның кінәлі екеніне күдік тудырады.

Азаттық: – Евлоевке келтірілген моральдық зиянды Қазақстан өз еркімен өтеуі

Полициядан азап көргені үшін өтемақы өндіріп алған Александр Герасимов.

тиіс пе әлде ол (немесе оның туыстары) өтемақыны өндіріп алу үшін Қостанай тұрғыны Александр Герасимов сияқты сотқа жүгінуіне тура келе ме?

Анар Ибраева: – БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің шешімінде «Комитет талапкердің арызында көрсетілген жауапты тұлғаларды сотқа тарту үшін, талапкер тартқан зардабы үшін толық және әділ өтемақы алуы үшін келісімге мүше мемлекеттен дұрыс, әділ әрі тәуелсіз тексеру жүргізуді және болашақта мұндай заңсыздықтарға жол бермеуді сұрайды. 118-ереженің 5-параграфында белгіленген процедуралық ережеге сәйкес, келісімге мүше мемлекет шешімде белгіленген жайттарға қатысты атқарылған іс-шаралар туралы осы шешімді алған күннен бастап 90 күн ішінде комитетке хабарлауы тиіс» деп жазылған.

Конвенцияның жоғарыда аталған баптарын мемлекет бұзған деп танылғандықтан, азаптаудан зардап шеккен Олег Евлоевке өтемақыны мемлекет төлеуі тиіс. Келтірілген зиян үшін өтемақы өндіру тәртібі Қазақстанның азаматтық процессуалдық кодексінде белгіленген. Сондықтан Олег Евлоев сотқа жүгінуге мәжбүр болады.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рахмет.