«Арыздан пайда жоқ» дейді шабуылға ұшыраған тілшінің көбі

"Зеркало" газеті редакциясының өртенген мүліктері. Теміртау, 7 қараша 2012 жыл.

Қазақстанда 2005 жылдан бері журналистерге 122 шабуыл жасалған. «Cоққыға жығылып, қысым көрген тілшілердің дені құқық қорғау органдарына арыз жазбайды» дейді сөз бостандығын қорғау ұйымы.

2011 жылы 24 желтоқсанда «Диапазон» газетінің тілшісі Юрий Гейтсті білгісіз біреулер соққыға жығып, фотоаппаратын сындырып кетті. Соққыдан жарақат алған журналист біраз уақыт ауруханада жатып шыққанын айтады. Алайда Юрий Гейтс бұл оқиғадан кейін полицияға арыз жазбаған.

– Арыз-шағым жазудың пайдасы жоқ деп есептедім. Бәрібір оларды таппайды да, іздемейді де. Шағымың да қаралмайды, – дейді тілші.

«КҮДІКТІЛЕР ТАБЫЛМАҒАН»

Биыл 7 қараша күні Теміртауда шығатын қалалық «Зеркало» газетінің редакциясын белгісіз біреулер өртеп кетті. Басылымның бас редакторы Наталья

"Зеркало" газетінің бас редакторы Наталья Синякова. Алматы, 19 қараша 2012 жыл.

Синякова оқиға болған күні арыз жазғандарын, әзірге құқық қорғау органдарынан жауап жоқ екенін айтты.

– «Зеркало» газетінде қаладағы түрлі мәселелерді жаздық. Теміртаудағы тендердегі былықтар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына байланысты мәселелерді көтердік. «Арселор Митталға» қатысты да біраз сыни материал шықты. Осы материалдардың біріне байланысты редакцияға шабуыл жасалды деген болжамымыз бар. Ал құқық қорғау органдарына сол күні арыз жазғанымызбен олар тексеріс нәтижесін, қалай жүріп жатқанын айтқан жоқ. Бір білетініміз – күдіктілер табылмаған, – дейді бас редактор.

2012 ЖЫЛЫ – 16 ОҚИҒА

«Әділ сөз» ұйымының президенті Тамара Калееваның айтуынша, Қазақстанда республикалық басылымдар ғана емес, аймақтық газет тілшілеріне шабуыл жасау жиілеген.

– 2011 жылы «Вечерний Талдықорған» газетінің редакторы Савва Даутовқа, Қостанайда шығатын «Наша газета» журналисі Николай Соловьевке, биыл

Дәрігерлер жараланған журналист Лұқпан Ахмедьяровты ауруханаға апара жатыр. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.

«Уральская неделья» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа шабуыл жасалды, – дейді ұйым президенті.

«Әділ сөз» ұйымының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда журналистерге шабуыл жасауға байланысты 2012 жылы – 16, 2011 жылы – 16, 2010 жылы 20 факт тіркелген. Ал 2005 жылдан бері тілшілерге және редакцияға шабуыл жасауға қатысты 122 оқиға болған.

Ұйым Қазақстанда қысым көріп, шабуылға ұшыраған журналистердің тізімін 23 қарашада бас прокуратураға жіберіп, мұндай істің алдын алуды сұрамақ.

Қазақстанда 2003 жылдан бері қызметіне байланысты бірнеше журналист қайтыс болды.

2003 жылы «Время» газетінің тілшісі Болат Манақов, «Алтын ғасыр» басылымының редакторы Нури Муфтах, 2004 жылы «Навигатор» порталының журналисі Асхат Шәріпжанов қаза тапты.

2007 жылы «Заң және құқық қорғау» газетінің тілшісі Оралғайша Омаршанова іс-түссіз жоғалып кеткен. Кейін тілші табылмаған соң, құқық қорғау органдары оны «қайтыс болды» деген шешім шығарған.

Ал 2009 жылы қырғыз журналисі Генадий Павлюк белгісіз адамдардың қолынан Алматыда қаза тапты.

Әлем журналистері қарашаның 23-інде жазасыздыққа тосқауыл қоюдың халықаралық күнін атап өтеді. Шараның негізгі ұйымдастырушылары – Филиппин журналистері. Бұл шара барысында (қарашаның 1-і мен 23-і аралығында) әлемдегі қысым көріп, қастандыққа жолыққан журналистер туралы сөз болады. Бір күн бір журналиске арналады. Қарашаның 6-сы Қазақстандық журналист Лұқпан Ахмедьяровтың күні ретінде аталды.

Бұл мақаланы автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.