Шекарашының отбасы ұлдарының өлі-тірісін білмейді

«Арқан-Керген» заставасында қаза болған шекарашы Мейірхан Именовтың ата-анасы Айгүл мен Сағындық. Атырау облысы, Индер ауылы, 8 шілде 2012 жыл.

"Арқанкерген" шекара постында қаза тапты деп хабарланған атыраулық сарбаздың отбасы түгел қан тапсырса да, ДНК сараптамасы бойынша ұлдарының мәйіті әлі анықталған жоқ.

«Арқанкерген шекара бекетінде өртеніп кетті» деп хабарланған 14 сарбаздың бірі – Атырау облысындағы Индербор поселкесінің тумасы, 20 жастағы Мейірхан Именов. Оның әкесі Сағындық Именов маусымның 3-і күні Астанада ДНК сараптамасын жасатқан еді – бірақ оның қорытындысы әлі анықталған жоқ.

– Мен өзіммен бірге екінші ұлым Нұрсұлтанды да алып барғанмын Астанаға. Мейірхан, мен және осы баламның қан тобымыз бір. Бірақ ол аз болғандай әйелімнің қанын маусымның 22-сінде келіп үйден алып кетті. Бірақ оған да ендігі айға жақын уақыт өтеді, нәтижесі белгісіз, – деді Сағындық Именов.

«ШИКІЛІКТІҢ БАРЫНА КӨЗІМІЗ ЖЕТЕ ТҮСКЕНДЕЙ»

Сараптама қорытындыларының кешігуі онсыз да уайымдап отырған отбасының күдігін ұлғайтты.

Арқанкерген заставасында қаза болған шекарашы Мейірхан Именов. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


Сағындық Именов жеті айлығында шала туған Мейірханға сәби күнінде құтқару үшін өз қанын құйғанын еске алады. Оның пайымдауынша, «тобы бір әкесінің қанымен анықтай алмадық деп, шешесінің қанын талап ету – ақылға сыймайтын нәрсе».

– Баламыздың тағдыры жайлы үнсіздік созыла түскен сайын шикіліктің барына көзіміз жете түскендей. Әйтпесе неге бізге жарытып жауап айтпайды. Аудандық комиссариаттан сұрасақ, «жоғары жақтағылар бізге ештеме айтпайды, білмейміз» дегеннен басқа жауап бермейді. Ал облыстық ҰҚК департаментіндегілер мен әскери прокуратурадағылардың «сараптаманы күтіңізден» басқа айтарлары жоқ. Төзіміміз әбден таусылды, – деді Сағындық Именов.

Батыс аймағы әскери прокуроры Талғат Бекбергенов «бұл іспен айналыспайтынын, ешнәрсе білмейтінін» айтты. Ол тіпті маусымның 22-сі күні Айгүл Именовадан өзі барып қан алғанын да бүгіп қалуға тырысты. Тек Азаттық тілшісінің сауалынан кейін ғана:

– Мен сарапшы емеспін ғой. Тек қанды барып алдым да жібердім. Онымен айналысып жатқан тексеру тобы бар, содан сұраңыз, – деп жауап берді.

«НАМАЗ ТУРАЛЫ СҰРАҚТАР»

Мамандығы көлік жүргізуші, 40 жастағы Сағындық Именов пен жұбайы Айгүл Именова төрт ұл тәрбиелеп отыр.

– Мейірханым сондай бауырмал, ақкөңіл бала. Кіммен болса да, тез тіл табысып кетеді. Техникаға мығым. Әкесі ауырып қалғанда дәу «Камазды» шұрқ иіріп, топырақ тиеп-төккенде жұмыстағылар таң қалатын көрінеді, – деп, әрі жылап, әрі мақтанышпен әңгімеледі Айгүл Именова тұңғышы туралы.

Именовтар отбасы Үшаралдағы қайғылы жағдайды бір жолдастарынан естіген екен. Оқиға болған күні аудандық полиция бөлімшесі қаралы жайды бірден хабарлаудың орнына өздерінен жауап алған айтты.

Арқанкерген заставасында қаза болған шекарашы Мейірхан Именовтың анасы Айгүл. Атырау облысы, Индер ауылы, 8 шілде 2012 жыл.


– «Мейірхан намаз оқымай ма, мешітке бармай ма? Қандай кітаптар оқиды? Темекі шеге ме? Спортпен айналыса ма?» деп сұрақтың астынан алды. Барлық балаларымның туған жылын тізіп жазып алды, – деді анасы Айгүл Именова.

Сағындық Именовтің айтуынша, бұлай жауап алу әлі күнге тоқтамай тұр. «Намаз жайлы сауалдың жиілеп кетуі - енді істі әлдебір діни экстремистік әрекетпен байланыстырмақ па» деп күдіктенеді шекарашының әкесі.

– «Намаз оқымай ма?» деп сұрай бергендеріне қарағанда енді бәрін сол дін, намаз төңірегін топтастырғылары келетін тәрізді. Облыстық ҰҚК департаменті медициналық кәртішкесін сұратты, «не аурумен ауырғанын білуіміз керек» дейді. Бермедік. Оны әскерге аларда дәрігерлік тексеруден өткізді ғой, солардан алсын мәліметті, – деді Сағындық Именов.

«ҰЛЫМ ОЙЫННЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛЫП ОТЫР»

Сағындық Именов Астанаға сапары кезінде әскерилердің ата-аналарға балаларының мүрдесін көрсетпеуге тырысқандарын айтады.

– «Көрсетпейміз, себебі көретін ештеме жоқ – бәрі күл болып кеткен» деді. Бірақ Атыраудан барған төрт ата-ана баламыздың сүйегін көрмей қан бермейтінімізді айттық. Ал мәйітханаға кіргізгенде 14 емес, бар болғаны сегіз шақты адамның мәйіті бөлшектенген күйде жатты. Кейбірі тіпті ескі сүйектер – оны айыра алатындай халымыз бар, – деді Сағындық Именов.

Жиналған ата-аналар тым құрығанда командирмен сөйлестіруді өтінген екен. Бірақ «ол басқа жұмысқа ауысты» деп жолықтырмапты.

Сол жолы Именовтермен бірге Астанаға барып, қан тапсырған ата-аналардың нәтижесі бір ай емес, бес күнде шығыпты. Сағындық Именов ұлының денесі әлі анықталмағаны жайлы өзі сұрап білгенін айтады. Оған қоңырау шалған атыраулық басқа шекарашы сарбаздардың ата-аналары «төрт баланың мәйітін әкеле жатқаны туралы хабар алғандарын» айтқан.

Арқанкерген заставасында қаза болған шекарашы Мейірхан Именовтың әкесі Сағындық. Атырау облысы, Индер ауылы, 8 шілде 2012 жыл.


– «Мынау не сұмдық?» деп Атыраудағы шекара қызметіне хабарлассам, маған сондағы өзін "майормын" деп таныстырған Мұрат есімді қызметкер: «Сәке, ренжімеңіз, сіздің балаңыз жоқ, айтуға ұмытып кетіппін» дегені, – дейді даусы дірілдеген Сағындық Именов.

Облыстық ҰҚК департаментінің еш мәлімет бермеуінің себебін Именовтар отбасы Астанадан көріп отыр.

– Бәлкім, баламды сатып жіберген шығар. Бәлкім, ертең «өлді» деп хабарлап, оны әдейі өлтіріп әкеліп берсе де, бір Алла біледі. Ұлым қалай болғанда әлдебір ойынның құрбаны болып отыр. «Жоғарыдағылар айтпайды» дегенге қарағанда, бәрі Астана жақтан шығып жатыр, – деді Сағындық Именов.

«ЕНДІ БАЛАМДЫ ӘСКЕРГЕ ЖІБЕРМЕЙМІН»

Мейірхан Именов әскерге 2011 жылы қарашаның 22-сінде Атыраудан аттанған.

– Ол өзі барғысы келді. «Әке, барып келейін. Әскери билетімнің болғаны жақсы емес пе. Бар болғаны бір жыл ғой» деген соң қарсы болмаған едім. Десантқа барғысы келіп еді, салмағы жетпеді. Кейін шекара күзеті бөліміне түскенін хабарлады, – деді Сағындық Именов.

Мейірханның ата-анасы онымен ең соңғы рет мамырдың 9-ы күні хабарласқан екен.

– Балам жиі хабарласып тұрды. Бірақ ол ешуақытта әскери жағдай туралы шағымданған емес. «Бәрі де жақсы» дейтін. 9 мамырда әдеттегідей қоңырау шалып, «Ал, әке, тауға кетіп барамын. Ол жақта телефон ұстамайтын болар. Келген соң қоңырау шалармын» деген, – деді Сағындық Именов.

Арқанкерген заставасында қаза болған шекарашы Мейірхан Именовтың ортаншы інісі (ортада). Атырау облысы, Индер ауылы, 8 шілде 2012 жыл.


«Баламыз тірі» деп, үміттерін үзбей, сараптама нәтижесін күтіп отырған Именовтар отбасы «14 шекарашыны Владислав Челах атты» деген болжамға сенбейтіндерін айтты.

– Челахтың кінәлі екеніне де сене алмаймыз. Тіпті әскерден хабары жоқ адамның өзі мұндай істі 19-дағы жас бала жалғыз жасады дегенге нана ма?! – деді Сағындық Именов.

Мейірхан Именовтің әкесі биыл күзде әскерге кетуі тиіс екінші ұлы Нұрсұлтанды енді армияға жібермейтінін айтты.