Балалардың арасында аутизм дерті кең тарап барады

Екі жасар бүлдіршін аутизмге қоғамның назарын аудару шарасы кезінде Орталық паркке қойылған 150 бос қоларбаның арасымен өтіп барады. Нью-Йорк, 2 сәуір 2009 жыл

Аутизмге ұшыраған бала шынайы өмірден алшақтап, өзімен-өзі қалып, бойын немқұрайлық дендейді де, сыртқы құбылыстарға қатысты сылбыр қимыл-әрекет жасайды. Мамандардың айтуынша қоршаған ортамен қарым-қатынас жасап, араласуы қиындап кететін мұндай балалардың саны күрт өскен.
Балалар аутизмінің етек алуына не себеп деген радио хабарды тыңдаңыз

Your browser doesn’t support HTML5

Балалар аутизмінің етек алуына не себеп деген хабарды тыңдаңыз



Дәрігерлердің айтуынша бойында аутизм дерті бар жасөспірім қоршаған ортамен байланысын жоғалтып алады. Тітіркендіргіштерге эмоциялық реакция көрсетпейді, тіпті әуелі мақсат бағытына және қызмет орындауға белсенділік танытпайды.

Жанат Қаратай есімді перзенті аутизмге ұшыраған ана былай дейді: «Үш жасында ерте балалар аутизмі деген диагноз қойды. Оған қарамастан біз Мәскеуге барып төрт түрлі ресейлік дәрігерге қаралдық. Олар да диагнозды растады. Тіпті балам ешқашан сөйлемейді деп айтты. Біз қол қусырып отыра алмадық. Елге оралғаннан кейін жергілікті психологтармен бірге жұмыс бастадық. Осы жұмыстың нәтижесінде ол үш жылдан кейін бала сөйледі, яғни бес жасында алғашқы сөзін айтты. Одан ары жағдай тез оңала бастады. Сөздік қорын көбейтіп, кәдімгі баладай қимыл көрсетті. Қазір ол төртінші сыныпқа барады, жасы он екіде».

Аутизмнің себептері толық ашылмаған және түрткі болатын себептері анық емес. Синдромның негізінде генетикалық факторлардың маңызы зор дейді мамандар. Сондықтан қазір көптеген танымал биология зерттеушілері көбінесе аутизм тұқым қуалау арқылы тарайтын ауру екендігін дәлелдеп отыр. Тұқым қуалау арқылы тарау механизмі толық белгісіз, бірақ симптомның дамуы гендік топқа байланысты.

«Қалалық комиссия балама психологиялық және тілдік дамудағы тежеліс деген диагноз қойды. Содан кейін тек төрт жаста ғана аутизм туралы білдік. Төрт жасқа дейін өзге де ата аналар сияқты біз барлық мамандарға хабарласып үлгердік. Бізді баламыздың сөйлемейтіні алаңдатты. Оған дейін невропотологқа қаралып, дәрі-дәрмектермен емделді. Содан кейін біз дамытуға арналған логопед, психолог мамандарға қарала бастадық», - дейді тағы бір Әлия Архарова есімді ана.

Сұхбаттастарымыз жиналып, «Ашық әлем» атты қоғамдық қор құрған. Олар халықаралық мамандарды шақырып, кездесулер ұйымдастырады екен. Қазіргі кезде ең бастысы бұл проблема туралы халықты хабардар ету дейді олар.

Елде аутизммен ауыратын балалар туралы ресми мағлұматтар күмән тудырады дейді мамандар. Өйткені аутизммен сырқаттанатын балаларды анықтаудың ұйымдасқан жүйесі жоқ. Қазіргі кезде әлемде шамамен 67 миллион адам аутизмнен зардап шегеді.

Елде соңғы уақытта аутизмге шалдыққан балалардың саны күрт өскені байқалады. Алматы облыстық психология-медициналық педагогикалық консультациялардың статистикалық есебіне сүйенсек, 2003 жылы аутизмге шалдыққан 77 бала болса, 2006 жылы 255 бала, 2009 жылы 326 бала тіркелген.

«Балалар аутизмінің негізгі үш белгісі бар. Олар - тілдесудегі қиындықтар, өзгелермен қарым-қатынастың нашарлығы және қайталанатын қимыл қозғалыс. Яғни баланың ұзақ уақыт бойы бір нәрсемен айналысып отыра беруі, бірыңғай ойын мен қимыл жасауы. Балалар аутизмі - психикалық дамудың ерекше бұзылуы», - дейді республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың психологиялық-медициналық-педагогикалық ақыл-кеңес меңгерушісі Әлия Ерсарина.