«Автокресло» дауына министр араласты

Дүкендегі автокреслолар. Алматы. 18 қаңтар, 2015 жыл.

Ішкі істер министрі 12 жасқа дейінгі балаларды көлікке мінгізу туралы заң талабын орындау шегерілмейтінін айтты. Белсенді бұл мәселенің дауға ұласқанын министрліктен көреді.

Астаналық тұрғын, төрт баланың анасы Жанна Әлімжан жол қозғалысы ережесіндегі 12 жасқа дейінгі баланы көлікке арнайы құрылғымен мінгізу талабы 7 қаңтарда күшіне енгенінен хабардар. Бірақ ол балаларына әлі автокресло сатып алмаған.

– Айдың басында базарға барғанмын. Көңіліме жаққаны қымбатқа түсті, арзанын алғым келмей кетіп қалғанмын. Соным жақсы болыпты. Әйтпесе, бастапқыда төртеуіне бірдей автокресло алмақ едім, – дейді «арнайы құрылғы» жайлы талапты алғашқы кезде тек «автокресло алу керек» деп түсініп қалғанын айтқан Жанна Әлімжан.

Полиция өзін мектеп маңында полиция бірнеше рет тоқтатқанымен айыппұл салмағанын есіне алған тұрғын «депутаттар да заңды тоқтату туралы айтыпты, енді автокресло алуға асықпаса да болатын шығар» дейді.

«ХАЛЫҚҚА ЕШКІМ ТҮСІНДІРМЕДІ»

Жол қозғалысының жаңа өзгерістер күшіне енген жыл басынан бері жұртшылық арасында әртүрлі пікір туғызған еді. Әсіресе 12 жасқа дейін баланы көлікке арнайы құрылғы көмегімен мінгізуге наразылар көп болған.

Қоғам белсендісі, заңгер Мақсат Ілиясұлының пікірінше, бұл заң талабына қатысты даудың өршуіне бірнеше себеп бар.

Белсенді Мақсат Ілиясұлы митинг өткізіп тұр. Астана, 13 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Біріншіден, жол жүру ережесіне қатысты заң жобасы талқыланған кезде елдің пікірі сұралған жоқ. Халық сондықтан бейхабар болды, алдын ала қам жасамады. Екіншіден, заңға қол қойылған мерзім мен оның күшіне ену аралығында жарты жылдай уақыт болды. Ішкі істер министрлігі және да басқа тиісті орындар осы мерзімді бос өткізді. Халыққа ешкім түсіндіру жұмыстарын жүргізген жоқ, – дейді ол.

Жұртшылықтың баланы көлікке мінгізу талабына наразылығы парламентте де сөз болған. Қаңтардың 14-і күні бірнеше депутат бұл талаптың орындалуын бір жылға шегеру жайлы үкіметке сауал жолдаған. Сауал иелерінің бірі депутат Меруерт Қазыбекова Қазақстанда төрт жарым миллион көлік тіркелгенін айта келе: «Оның кем дегенде төрттен бірінің иесінде бала бар деп есептегенде 1 миллион автокресло қажет болады. Саудаға бір мезетте 1 миллион автокресло шығару мүмкін емес. Егер бір көлік иесінде үш немесе төрт бала болса, онда бұл қымбатқа түседі» деп мәлімдеген.

«БАЛАНЫҢ АМАНДЫҒЫН ОЙЛАЙТЫН АТА-АНАНЫҢ МІНДЕТІ»

Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Қанат Сәдуақасовтың пікірінше, жол ережесіндегі балаға қатысты талаптың орындалуын шегерсе, көлік апаты кезіндегі бала өлімі көбейе береді.

Автокресло орнатылған көлік. Алматы, 6 қаңтар 2015 жыл.

– Жол-көлік апатынан айына орташа есеппен 7-10 жолаушы бала қайтыс болып, 140-150-і жарақат алады. Егер жол ережесіне қатысты заңның қолдану ережесін 12 айға шегере тұрсақ, бұл амал қаншама баланың тағдырын қимақ? – деді Қанат Сәдуақасов Азаттық тілшісіне.

Ішкі істер министрлігі өкілінің пікірінше, «баланы автокреслоға отырғызу және арнайы құрылғы арқылы қауіпсіздік белдігімен бекіту баланың амандығын ойлайтын кез-келген ата-ананың міндеті болуы тиіс».

Қаңтардың 21-інде парламентте сөйлеген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та 12 жасқа дейінгі балаларды автокреслоға отырғызу туралы заң талабын орындау кейінге шегерілмейтінін хабарлады.

"Әжуаға айналған автокресло". (Карикатура авторы - Аңсаған Мұстафа).

2014 жылы қазанның 20-сында бекітілген жол қозғалысы заңындағы өзгеріс күшінен енер сәт таяғанда – әсіресе биыл 1 қаңтардан бері елде балалар автокреслосы күрт қымбаттап, тапшы затқа айналған. Бұл мәселе әлеуметтік желіде де қызу талқыға түскен. Ондағы қолданушылардың бірі жаңа талапқа наразылық білдірсе, енді бірі оны әзілге ұластырып, карикатураға айналдырған. Өзге азаматтар заңдағы арнайы құрал туралы талапты тек автокресло деп түсінбеу керегін айтқан.

12 жасқа толмаған баланы көлікке арнайы құрылғысыз мінгізген жүргізушілерге 5 айлық есептік көрсеткіш (1 айлық есептік көрсеткіш – 1852 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Қазақстан жол-көлік апатынан кісі өлімі көп болатын елдер қатарында. Былтыр жол қауіпсіздігі рейтингінде Қазақстан 192 елдің ішінде 128-орында болған. Елде әр 100 мың тұрғынға шаққанда 22 адам жол апатынан көз жұмады. Бұған көлік жүргізушілерінің жол үстіндегі жүгенсіздігі, даңғойлығы басты себеп деп саналады.