ПРЕЗИДЕНТШІЛ ПАРТИЯ БАСШЫСЫ
Қазақстанның саяси сахнасына Азат Перуашев өткен ғасырдың соңында құрылған «Азаматтық партиямен» қатар шықты. Қазіргі уақытта көпшілік ұмыта бастаған, бірақ 2000 жылдардың бас кезінде Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын ұйым ретінде біршама белсенділік көрсеткен «Азаматтық партияның» алғашқы төрағасы болған Азат Перуашев ұйымды 2006 жылы сол кездегі президенттік «Отан» (қазіргі «Нұр Отан») партиясына қосылғанша басқарды.
1998 жылы Қазақстан президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі қызметін тастап, «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы директорының орынбасары қызметіне барған Азат Перуашев көп ұзамай жаңадан құрылған партияның басшысына айналып шыға келді. «Форбс» журналы Қазақстандағы миллиардерлер тізіміне енгізген Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовке тиесілі саналатын ENRC компаниясының меншігіндегі «Қазақстан алюминий» кәсіпорны өкілі басқарған бұл партияны сол кездегі саяси сарапшылар «алпауыт өнеркәсіп иелерінің мүддесін қорғайтын қаржысы мол партия» ретінде сипаттады.
Перуашев басқарған «Азаматтық партия» 2001 жылы күзде елге демократиялық өзгерістер қажеттігін мәлімдеген бір топ жас шенеуніктің бастамасымен құрылған «Қазақстан демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына саяси оппоненттер тобындағы президентшіл партиялардың бірі болды.
2004 жылы маусым айында «Азаматтық партия» мен «Аграрлық партия» бірігіп, сайлау алдында «АИСТ» блогын құрған кезде Азат Перуашев президентшіл партиялардың сайлауға бірге баруына президент Назарбаевтың мұрындық болғанын айтқан еді. Сайлау қарсаңындағы теледебаттан кейін Перуашев өзін «Ақ жол» партиясының сол кездегі жетекшілерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы «қорқытып, үркітпек болғаны» туралы мәлімдеме таратқанымен есте қалды. Сәрсенбайұлы Перуашевты қорқытпағанын, теледебат кезінде оның Болат Әбілев пен Ғалымжан Жақиянов туралы «өрескел сөз айтқаны ұят болатынын хабар аяқталған соң оған жай ғана ескерткенін» айтты.
2004 жылы күзде оппозициялық күштер «әділетсіз өтті» деп санаған сайлаудың ресми нәтижесі бойынша «АИСТ» блогы парламент мәжілісіне өтті.
Азат Перуашев 2000 жылдардың алғашқы жартысында Грузия, Украина, Қырғызстан сынды кейбір постсоветтік елдердегі билікке қарсы халық толқуларын «шетелдің ықпалымен жасалған жоба» деп атаған.
Мысалы, 2005 жылы наурыз айында Қырғызстан президенті Асқар Ақаевты орнынан кетірген төңкеріске байланысты Азат Перуашев: «Қырғызстандағы төңкерістің жобасы да Украина мен Грузиядағыдай сырттан жасалып отыр, Қырғызстандағы төңкерістің бір айырмашылығы – билік жүйесі бұрынғы Совет одағы кеңістігінде алғаш рет қарақшылық шабуыл жасау арқылы күштеп құлатылды және бұл сценарийдің Қазақстанда да қайталанбауына кепілдік жоқ» деп мәлімдеген.
Сол жылы Қазақстанда өткен президенттік сайлауда Азат Перуашев президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірген өкілі болды.
2006 жылы қараша айында «Азаматтық партия» 150 мың мүшесімен бұған дейін «Асар» партиясын өзіне қосып алған «Отан» партиясына бірігіп, Азат Перуашев «Отан» партиясының саяси бюро мүшесі болып қалды. Кейін ол «Атамекен» ұлттық палатасының басшысы болып тағайындалды.
2005 жылы «Ақ жол» партиясы екіге жарылғанда жаңадан «Нағыз Ақ жол» партиясын құрушыларды сынады. «Олар «Ақ жол» партиясының атын өздеріне алғысы келіп отыр. Бұл, менің пікірімше, ресми «Ақ жол» партиясына зиянын тигізеді» деп мәлімдеген Азат Перуашев, араға алты жыл салып, «Нұр Отаннан» «Ақ жолға» өтті. Жай ғана мүшесі емес, небары бір күннің ішінде партия төрағасы болып шыға келді.
Саясаттанушылар Азат Перуашев «Нағыз Ақ жол» бөлінген соң билікпен ымыраласқан «Ақ жол» партиясын енді түбегейлі президентшіл партияға айналдыруға барды деген пікір білдірген.
ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ
2012 жылы қаңтарда өткен парламент мәжілісі сайлауына «Ақ жол» партиясының тізімі бойынша бірқатар танымал ақын-жазушылар да сайлауға ұсынылды.
Бірақ, үгіт-насихат жұмыстары үшін пайдаланылған олардың ешқайсысы парламентке өтпеді. Сайлаудың ресми қорытындысына сәйкес, «Ақ жолға» парламенттен сегіз орын тиген еді. Оларға Азат Перуашевпен бірге «Ақ жол» партиясынан ұсынылған бірнеше кәсіпкер жайғасты.
Кейін ақын Серік Тұрғынбекұлы «Ақ жолдың» «Алаш» бағдарламасына сеніп қалғанын айтса, жазушы Дулат Исабеков партияның жеме-жемге келгенде интеллигенция өкілдерін «лақтырып кеткеніне» ренжіді. Өкпелі интеллигенция өкілдеріне Азат Перуашев сол кезде «тізім бойынша кімнің депутат болатыны партияның орталық комитеті шешімімен анықталады» деп жауап берген.
«Азаматтық партия» мен «Нұр Отанда» жүргенде ұлттық мәселелерден бойын аулақ ұстаған Азат Перуашев «Ақ жол» партиясына келгелі 20-ғасырдың басындағы Алаш қозғалысының жетекшілері мен идеясы туралы жиі айтатын болған. Оның қазіргі «Ақ жол» партиясын кешегі Алаш партиясының ізбасары ретінде танытуға тырысатыны байқалады.
Азат Перуашев Қазақстандағы елеулі саяси оқиғалардың көбіне белсенді пікір айтады. 2014 жылы мамыр айында Астанада қол қойылған Еуразия экономикалық одағы туралы келісімді қолдап, одақты жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпорындар табысын ұлғайтуға жасалған қадам ретінде бағалаған.
Былтыр 2015 жылы сәуірдің 26-сына өткен президент сайлауына кандидат ұсынудан бас тартқан «Ақ жол» партиясы «Қазақстанды тоталитарлық державаның ешкімге белгісіз бір провициясынан қуатты мемлекетке» айналдырған Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтынын мәлімдеген.
Бесінші шақырылымдағы парламент мәжілісін тарату туралы бастаманы қуаттаған «Ақ жол» партиясы кезектен тыс парламент сайлауына өзі ұсынатын кандидаттар тізімін осы аптада анықтамақ.