Шағын жолдар неге ерекше сапасыз?

Алматы облысындағы жолдардың бірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның жергілікті маңыздағы автожолдарының сапасына қатысты көп сын айтылады. Азаттық тілшісі жол сапасын зерттейтін мамандардан бұған қатысты: «битум», «ауа-райы» және «жемқорлық» сөздерін жиі естіді.
Қарасай ауданының Іргелі ауылдық округінің тұрғындары Алматы қаласының Ақын Сара көшесіне дейін төтесінен жеткізетін 2 шақырым жаңа жолдың небәрі 6 айға жетпей бұзыла бастағанына таңданады. Іргелі ауылында тұратын Айбек Қыдырұлы - осы жолмен күнделікті жүретін жүргізушілердің бірі.

Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округінің тұрғыны Айбек Қыдырұлы. Алматы, 10 сәуір 2014 жыл.

«Бұрын бұл жолмен жеңіл көліктің өтуі мүмкін емес еді. Былтыр қыркүйек айларында жаңадан асфальт салғанда қатты қуандық. Қазір қаламен арадағы көлік көп жүретін негізгі жолдардың біріне айналды. Алайда көктем шыға жаңа жолдың әр жерден ойылып кеткенін көргенде қаншама қаржы ысырап болғанын ойлап, ішің ашиды. Тек бұл ғана емес, екі жолақты Ақын Сара көшесі де былтыр күзде салынды, ал қазір оны да қайта жөндеп жатыр» дейді ол.

«ЕКІ ШАҚЫРЫМ ЖОЛ – БІР ЖАРЫМ МИЛЛИОН ДОЛЛАР»

Жаңа жолды салған «Еламан» компаниясы осы жолдың бойында, Алғабас ауылында орналасқан болып шықты. Аян Мирзаев есімді осы мекеме инженерінің сөзіне қарағанда «Еламан» компаниясы асфальтты бұл жолға «тасып берумен ғана» шұғылданған.

Жол салған мекемені «тек бастықтар ғана білетінін» алға тартқан ол құрылыстың әуелден-ақ сапасыз болғанын растады. Бұл мекеменің басшылығы Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартып, күзетшіден әрі өткізбеді.

Аян Мирзаевтың айтуынша, жолдың сапасыз болып салынуына компания емес, асфальт зауыттарынан алынған материалдың нашарлығы себеп болған. Ол жергілікті асфальт зауытттарының өнімінде битумның (шайыр тәрізді, тұтқыр көмірсутектік шикізаттан өндірілетін құрылыс материалы – ред.) мөлшері аз деп санайды.

«Сол себепті Алматы қалалық әкімшілігі асфальтты ең әуелі қала аумағындағы жолдарға бөлу жөнінде тапсырма беріп тастады. Кезекке тұрып, құрамында битумы аз асфальтты үш-төрт зауыттан әрең тасып алдық. Қазір ойылып жатқаны соның салдары. Бізден басқа талай мекеме де осылай әуре-сарсаңға түсті» дейді ол.

Инженердің сөзіне қарағанда жергілікті асфальт зауыттары «Ресейден битум келмей жатыр» деген уәжді алға тартқан. Ескерте кететін бір жайт Қазақстан өзінде бірнеше битум зауыты орналасса да, әлі күнге дейін Ресей мен Ираннан битум импорттайды.

Осы жолдарды бақылайтын Алматы облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Қуандық Байсақов былтыр жаз айларында Ресейден асфальтқа қажетті битумның келмей қалғанын теріске шығармайды. Бірақ «Еламан» компаниясы тендерді жеңіп, келісім-шартқа қол қойғанда жол салатын материалының жеткілікті екенін көрсеткеніне назар аударады. Сондықтан келісім-шарттағы кепілдік бойынша, егер жол бұзылса, «Еламан» өз қаржысымен қайта жөндеуі тиіс екенін ескертеді.

Іргелінің жолын мына видеодан көре аласыз:

Your browser doesn’t support HTML5

Іргелінің жолы



Қуандық Байсақовтың айтуына қарағанда ресми құжатта «ЖЭС-2 мен Көксай ауылын жалғастыратын жол» деп аталатын нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген осы – «Еламан» компаниясы.

«Бұл мекеме 2013 жылы тендерді жеңіп алғанын дәлелдейтін келісімшарт бізде тұр. Ұзындығы 2 шақырым жолды салуға мемлекет тарапынан 218 440 976 теңге бөлінген» дейді ол.

2013 жылдың жазындағы теңгенің долларға шаққандағы бағамы бойынша бұл қаржы шамамен 1 миллион 426 мың долларға сай келеді.

БИТУМ ФАКТОРЫ

Азаттық тілшісі жол сапасы мен оған жұмсалатын материалдарды зерттейтін лабораториялар мен институттарға хабарласып, жаңадан салынған жолдардың не себептен тез бұзыла бастайтынын сұрастырды.

Астана қаласының оңтүстік шығысында орналасқан Өндіріс кентіндегі ойылған жолмен жаңбырдан кейін жүру қиын. Астана, 5 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы қаласында орналасқан Л.Б.Гончаров атындағы автомобиль-жол академиясы жол лабораториясының меңгерушісі Әбді Қиялбаев 20 жылдан астам жол материалдарын зерттеумен шұғылданады. Оның ойынша, әсіресе, жергілікті маңыздағы жолдарды салғанда топырақ пен асфальттың қиыршық құрамы ескерілмейді, жолдың тек беткі қабаты ғана жөнделеді. Ал астыңғы негізгі қабаты 30-40 тонналық жүк көліктерінің салмағына да, жүрісіне де шыдамайды.

«Мәселе тек асфальтқа тіреліп тұрған жоқ, технологиялық кемшіліктер де бар. Битум тапшылығы да негізгі себептің бірі. Қолданыстағы ирандық битумдар суыққа, ресейлік битумдар ыстыққа төзбейтінінін көріп жүрміз» дейді ол.

«Қазақ жол» ғылыми-зерттеу институтының аты-жөнін жарияламауды өтінген мамандарының бірінің сөзіне қарағанда, былтыр жазда салынуы тиіс жолдар Ресейден битум келмеуіне байланысты кідірген. Соның кесірінен битумның 1 тоннасы 35-45 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Тендердегі бағадан асып кеткеннен кейін мердігер кәсіпорындар артық ақша шығарғысы келмей, құрамына битумы аз асфальтты пайдалануға тырысқан.

Қолданыстағы ирандық битумдар суыққа, ресейлік битумдар ыстыққа төзбейтінінін көріп жүрміз.
2013 жылдың жазында Қазақстанда битум тапшылығы болғанын Қазақстандағы жол құрылысына жауап беретін автомобиль жолдары комитетінің ғылым және сапа жұмысы басқармасының жетекшісі Болатбек Айтбаев та растайды. Бірақ оның сөзіне қарағанда «битумды Ресей бермей қойған жоқ, керісінше Қазақстан кіргізбеген».

«Былтыр Омбы битум зауыты өнімінің сапасыз екенін «Қазжол» ғылыми-зерттеу институты дәлелдеп, тыйым салынды. Бірақ оған дейін осы зауыттың қаншама тонна битумы сапасыз болса да, Қазақстанға кіріп кетті» дейді ол.

ТАПШЫЛЫҚ СЕБЕПТЕРІ

Жылына орта есеппен 600 мың тонна битум пайдаланатын Қазақстан осы уақытқа дейін Ресей битумына тәуелді болып келген. Өйткені Павлодардағы мұнай-химия зауыты, Алматыдағы Асфальт-бетон зауыты, биыл ашылған Шымкент битум зауыты мен соңғы бірнеше жыл бойы ашылады деп жоспарланып келген Ақтау битум зауыты қажетті мөлшерде өнім шығаруға қауқарсыз болып тұр.

«Қазақстанды битум тапшылығынан құтқарып, жол сапасын арттыруы тиіс» Ақтау битум зауыты ұзаққа созылған «сақалды құрылыстардың» бірі. 2010 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен құрылысы басталған кезде 312 миллион долларға салынатын зауыттың 2012 жылы қазан айында іске қосылып, жылына 500 мың тонна битум өндіретіні хабарланған еді. Бірақ кейін құрылыс бір жылға шегеріліп, 2013 жылдың желтоқсанында Қазақстан президентінің өткен телекөпір барысында ашылды.

Аягөз-Қарауыл тасжолының ойылған тұсы. Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 27 сәуір 2011 жыл.

Болатбек Айтбаевтың сөзіне қарағанда «жылына 400 мың тонна битум шығаратын Ақтау битум зауыты» іс жүзінде таяуда ғана, 2014 жылғы наурыз айында іске қосылған.

Ал жаңа жолдың көз алдында тозып бара жатқанын күнделікті көріп жүрген Айбек Қыдырұлы секілді жүргізушілерді Қазақстанда битум зауытының қашан ашылатыны емес, жол сапасының нақты қашан жақсаратыны көбірек қызықтырады.


АУА-РАЙЫ МЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ

Азаттық сұхбаттасқан жол сапасын қадағалау мамандары жергілікті маңыздағы автожолдардың құрылыс сапасына әсер ететін өзге де себептерге қатысты ойларын бөлісті. Әбді Қиялбаевтың пайымдауынша, Қазақстан жолдарының тез бұзылуы климатқа да байланысты. Мысалы, Қызылорда облысында жазда +50 градусқа дейін ыстық, қыста -40 градустан астам суық болады. Яғни ауа-райы 90 градусқа дейін құбылады. Ал жолдары ұзақ сақталатын Еуропада қыс пен жаздағы ауа-райы әрі кеткенде 30 пайызға дейін өзгереді.

Ал Болатбек Айтбаев жергілікті және республикалық маңызы бар жолдардың құрылыс сапасы не себепті әр түрлі болатынына қатысты және бір уәж келтіреді.
Оның айтуынша, әсіресе, республикалық маңызы бар жолдардың сапасын мердігер компанияның өзі, жоба авторы, инженерлік-техникалық қадағалау қызметі, тапсырыс берушінің сапа бақылау бөлімі және жол лабораториясы бес сатылы тексерістен өтеді. Бірақ жергілікті маңызы бар жолдарда мұндай бақылаудың кейбірі қағаз жүзінде ғана «жүзеге асады».

Кеңқияқ ауылына баратын жол. Ақтөбе облысы, 11 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жемқорлық та сапалы жол салу ісін ақсатып тұрған факторлардың бірі ретінде аталады. Жергілікті қоғамдық белсенділер жол құрылысы саласындағы мемлекеттік тендерлерді жайлаған жемқорлық туралы да жиі шағым айтады. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша ең көп жемқорлық пен парақорлық фактілері мемлекеттік сатып алу саласында тіркелген. Ресми мәлімет бойынша соңғы 5 жылдың ішінде осы саладағы жемқорлыққа қатысты айыпталып сотталған жоғары лауазымды шенеуніктердің ғана саны 320-ға жеткен.