Мухортова: «Түбіме «емдеп» жеткілері келеді»

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова туған қаласындағы пәтерін сатып, басқа елге көшпек. Ол психиатриялық клиникаға күшпен қамап, «мәжбүрлі емдеуге» қарсы берген шағымынан нәтиже күтпейді.
Қайда екені әлі күнге дейін белгісіз адвокат Зинаида Мухортовамен Азаттық тілшісі телефон арқылы сөйлесті. Бұрын екі мәрте жатып шыққан психиатриялық ауруханаға тағы да күшпен қамалу қаупінен қорыққан Зинаида Мухортова былтыр желтоқсан айында Қазақстаннан қашып кеткен.

2009 жылы Балқаш қаласының бес тұрғын әйелімен бірге парламент депутаты Ерлан Нығматулиннің үстінен президент Нұрсұлтан Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясына шағым түсіргеннен кейін Зинаида Мухортова қудалауға ұшырады.

Мәжіліс депутатын «соттардың ісіне араласады» деп айыптаған әйелдердің ұжымдық шағымынан соң бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған «Көрінеу жалған өсек тарату» бабы бойынша Мухортованың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ оны «нақты тұлғалар жайында сандырақтайды» деген диагноз негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатып, психиатриялық ауруханаға еркінен тыс емдеуге жіберді.

Былтыр тамыздың 9-ы күні Балқаш қаласындағы психиатриялық диспансерге оны еркінен тыс соңғы рет қамады. Оның мәжбүрлі емдеуге қарсы шағымын соттар қанағаттандырған жоқ. Қазір оның шағымы елдің ең соңғы сот инстанциясы – жоғарғы сотқа жеткен.

Азаттық: – Мухортова ханым, жуырда Қазақстан жоғарғы сотында сіздің шағымыңыз қаралуы тиіс. Сот қандай шешім шығарады деп күтесіз?

Зинаида Мухортова: – Оны айту қиын. Жоғарғы соттың шешімін күтіп, менің ісім бойынша қадағалау өндірісін қозғау туралы шешім шығара ма, жоқ па білгім келеді. Өткен жолы маған қатысты азаматтық іс бойынша берген шағымымды қанағаттандырған жоқ. Маған байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша түсінік беруін сұрап, бас прокуратураға өтініш жолдадым. Нақты заңға, менің қылмыстық ісіме сілтеме жасап, неліктен бұлай болғанын түсіндірулерін сұрадым. Олар желтоқсанның 30-ында жолдаған өтінішіме әлі жауап бермей отыр. Сауалымды қайта жолдадым.

Зинаида Мухортованың сіңілісі Наталья Абент Қазақстан жоғарғы соты ғимаратының алдында тұр. Астана, 17 сәуір 2014 жыл.



2012 жылғы шілденің 27-сінен бастап мені қылмыстық қудалау тоқтатылды, енді медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды қолдануды да тоқтатуы тиіс. Мені психиатриялық есептен шығарып, амбулаторлық картамды өзіме қайтарып берген. Бірақ тамыздың 9-ы күні аяқ астынан тұтқындап, қылмыстық іс материалдары бойынша сараптама тағайындады.

Азаттық: – Сіңіліңіз Натальяның айтуынша, полицейлер сізді әлі іздеп жүрген көрінеді?

Зинаида Мухортова: – Бұлары сұмдық, әрі масқара енді. Учаскелік инспекторлар келіп көршілерімнен сұрастырады екен. Ал «Балқаш Универсал» компаниясы мені сотқа беріп, екі түрлі соманың екі атқару парағын шығартып алыпты. Қызым 35 мың теңгесін төлепті. Бұл – мен қамауда жатқан кезде коммуналдық қызмет ақысының жиналып қалған қарыздары. Сот шешімі ақпанның 24-інде шықса да, олар құр шағыммен тоқтамай, тіпті пәтерімді тартып алғысы келетін сияқты. Наурыздың 3-і күні келіп кеткен, ал сәуірдің 7-сі күні электр жарығын қиып тастаған. Сот шешімін орындаушылар атқару парағын қабылдаудан бас тартты. Менің пайдама шығарылған атқару парағын қабылдаудан қандай негізде бас тартқанын анықтау үшін сотқа шағымдандық.

Азаттық: – Егер сізді тауып алса, тағы да психиатриялық ауруханаға қамай ма?

Зинаида Мухортова: – Балқаш психдиспансері бастығының жазуынша және полицейлердің түсіндіруінше, олар мені «ақырына дейін емделген жоқ, оны толық емдеу үшін қайда екенін білгіміз келеді» дейді. Олардың ойынша, білікті мамандар Астана қаласында емес, бізде екен. Қазан айы бойы сол жақта болдым, маған ешқандай дәрі берген жоқ, тек соңында ғана «сізді ауыр халде әкелді» деді. Балқашта маған психикаға әсер ететін уытты препараттар бергендіктен, сылбыр болдым. Егер халім мүшкіл болса, олар мені әкелген полицейлердің қарауымен Балқашқа қайтарып жіберер еді ғой.

Зинаида Мухортова өзін психдиспансерде еркінен тыс емдеу туралы сот ісі қаралып жатқан бөлмеге кіріп келеді. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл.

Заң бойынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 94-бабына сәйкес, азаматтардың келісімінсіз мәжбүрлі медициналық көмек көрсету адам толық сауыққанша жалғасады. Мені Астанадағы медициналық орталықтан қарашаның 15-і күні босатты, демек сот шешімі орындалды деп есептеледі. Ал бұлар соттың сол шешіміне сілтеме жасап, «толық емделген жоқ, сондықтан іздеп жүрміз» дейді.

Азаттық: – Ал полицейлер сізді қалай іздеп жүр?

Зинаида Мухортова: – Көршілерді аралап, «қоғамға қауіпті, емдеуді қажет етеді, тыныштық бермейді деп жазып беріңдер» деп сұрапты. Бірақ көршілерім «оны жақсы танимыз, ешқандай жаман қылығын көргеніміз жоқ» деп арыз жазудан бас тартқан соң, «қайда екенін білсеңдер, хабарлаңдар» депті. Ақыры полицейлер менің Балқаш қаласында жоқ екенім туралы психиатриялық диспансерге хат жазған. Бірақ біз жуырда мені қандай негізде іздеп жүргендерін сұрап, сауал жолдадық. Сот шешіміне сілтеме жасап жауап жазған олар әзірше туыстарымды мазалауды қойды.

Азаттық: – Алдағы жоспарыңыз қандай? Қазақстанға ораласыз ба?

Зинаида Мухортова: – Қазір бір қылмыстық іс бойынша досым, әрі серігіме заңдық кеңес беріп, көмектесіп жатырмын. Мамыр айына қарай жоғарғы сотта бір шешім шығып қалар деп ойлаймын. Пәтерімді сатуға қойдым. Бізге дұрыс жерден пәтер іздестіріп жатыр. Қазақстаннан кеткіміз келеді. Әбден шаршадым, бәрінен түңілдім, мұнда енді жағдай жақсарып, дұрыс өмір орнайды деген үміттен күдерімді үздім. Сондықтан Украина мен Беларусь елдерінің біріне көшеміз.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.