Айыппұл төлемеген баптист алты тәулік қамауда отырды

Қазақстандағы шіркеулердің бірі. (Көрнекі сурет)

Солтүстік Қазақстан облысындағы Евангелие христиан баптистері шіркеулері кеңесінің мүшесі Денис Ененко алты күн абақтыда отырып шықты. Оны «заңсыз діни қызметпен айналысты» деп айыптады.
Сергеевка қаласының (Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданы орталығы) 31 жастағы тұрғыны Денис Ененко - Евангелие христиан баптистері шіркеулері кеңесінің мүшесі. Жергілікті түрмеге сәуірдің 17-сі күні түскен ол алты күнін өтеп, жуырда шықты.

Шал ақын атындағы ауданның соты «сот шешімін орындамады» деген айыппен оны әкімшілік қамауға алу туралы үкім шығарған. 2013 жылдың қазан айында әкімшілік сот айыпталушыны «тіркелмеген діни ұйымның қызметіне қатысқан» деп тауып, Денис Ененкоға 86 мың 550 теңге (550 долларға жуық) айыппұл салған еді.

Денис Ененко бұл қаулымен келіспейтінін мәлімдеп,айыппұлды төлеуден бас тартқан. Азаттық тілшісімен сөйлескен ол «діни сенімім үшін әкімшілік сот екі рет жазаға тартты» дейді.


Баптист діни қызметкер. (Көрнекі сурет)

Денис Ененконың айтуынша, былтыр қыркүйек айының 15-і күні оның жеке меншік үйінде жиын өтіп, діни жырлар айтылған. Жиын өтіп жатқан тұста оның үйіне ішінде ауданның экстремизммен күрес бөлімі қызметкері бар бір топ полицей келген. Полицейлер жиынды видеокамераға түсіріп, хаттама толтырған.

Денис Ененкоға қарсы «тіркелмеген діни ұйым жұмысына қатысты» деген айыппен қозғалған әкімшілік іс былтыр қазанның 30-ы күні одан айыппұл өндіру туралы сот шешімімен аяқталған. Ененконың облыстық сотқа жолдаған аппеляциялық шағымынан нәтиже болмаған.

Денис Ененко «Маған қарсы әкімшілік іс қозғауды және айыппұл салу туралы сот шешімін іс жүзінде діни көзқарасым үшін қудалау, дін еркіндігіне қатысты конституциялық құқығымды шектеу деп санаймын. Шал ақын атындағы ауданның әкімшілік соты былтыр қазанда салынған айыппұлды төлеу туралы сот шешімін орындамағаным үшін алты тәулікке қамау туралы үкім шығарып, 2014 жылдың 17 сәуірі күні діни көзқарасым үшін екінші рет жазалады» дейді.

Forum 18 ұйымының хабарлауынша, әдетте өз қауымдарын мемлекеттік органдарда тіркемейтін баптист шіркеулері мұны «дін ұстану еркіндігі құқығын шектеу» деп есептеп, салынған айыппұлдарды да төлемейді.

Баптист Ененконың айтуынша, христиан дінінің Пасха мерекесі қарсаңында түрмеге қамап қою оған тіпті ауыр тиген. Биылғы Пасханы православ, католик және протестант христиандары сәуірдің 20-сы - бір күнде мерекеледі. Христос мерекесін ол түрмеде қарсы алды.

Хайнер Билефельдт.

Азаттық тілшісі Ененконың ісі бойынша ресми тұлғалардан комментарий ала алмады.

2011 жылы кез келген діни ұйымды міндетті түрде тіркеу ережесі енгізілгеннен кейін діндарлар мен діни қызметшілерге айыппұл салу мен басқа жаза түрлерін тағайындау жиілеп кетті. Құқық қорғаушылар бұл процедурадан бас тартуға шақырады. Жуырда Қазақстанға сапары кезінде БҰҰ-ның сенім бостандығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Хайнер Билефельдт те осындай мәлімдеме жасаған.