«Халықтық IPO» акцияларын сатып алуға өтініш қабылдана бастады

Теңге. Көрнекті сурет. Алматы, 7 мамыр 2012 жыл.

Қарашаның 6-сынан бастап «Халықтық IPO» акциясына қатысуға өтініштер қабылдана бастады. Өтініш беру желтоқсанның 5-інде аяқталады. Үкімет ірі кәсіпорындардың кейбір активтерін басқаруды халық қолына өткізуге уәде берді.

Жұрт 1990 жылдардағы жаппай жекешелендіру процесімен салыстырып жүрген тағы бір экономикалық науқан басталды. Үкіметтегі шенділер «үй шаруасындағы әйелдердің өзі қор биржасына қатысу құқына ие болады» деп уәде берді. Бұған сенбейтін жандар да бар.

Шымкенттік кәсіпкер Айдар (тегін көрсетпеуді өтінді) «Халықтық IPO» бағдарламасына инвестиция салу үшін емес, қаржылық танымын кеңейту мақсатында ғана қызығып, «Қолымда басы артық қаражатым жоқ, сондықтан бұл бағдарламаға аса қызықпаймын. Мұндай нәрселермен айналысу үшін оның қыр-сырын жақсы білу керек деп ойлаймын» дейді.

Қайыр деген қарағандылық журналист «Қатыссам деп едім. Шынымды айтсам, акция сатып алудан бұрын хабарым жоқ. Білгенім - брокердің де, биржаның да алатын комиссиясы онша қымбат емес екен. Өтініш қабылдаған кезде жеке куәлігім мен салық төлеушінің нөмірін (СТН) - осы екі құжатты ғана талап етті. Қиын ештеңесі жоқ. IPO-ға шығайын деп жатқан алғашқы компания - мұнай-газ саласына қатысы бар компания. Сондықтан дивидендке қарық болатын шығармын деп үміттенемін. Егер бұл жолы бәрі сәтті болса, келесі сатылымдарға бұдан да көбірек ақша саламын» дейді.

«ҚАЗТРАНСОЙЛ» АКЦИЯЛАРЫНАН БАСТАЛДЫ

Үкімет Қазақстанның мұнай қазынасынан үлес бөліп, халықтың қолына алғашқылардың бірі болып «ҚазТрансОйл» мұнай тасымалдаушы компаниясының акциялары тимек. Қазанның 30-ы күні«Халықтық IPO» аясында сатылатын «ҚазТрансОйлдың» (ҚТО) қарапайым бір акциясының бағасы 725 теңге болып бекітілді.

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев «Баға халықаралық кеңесшілердің ұсыныс-кеңестерін ескере отырып қойылды» дейді.

Алматы тұрғындары. 11 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


Сатылымға барлығы 38 миллион 463 мың 559 акция шығарылады. Акциялардың жалпы сомасы - 28 миллиард теңге немесе 186 миллион доллар.

«ҚТО» акциялары алдымен жеке инвесторларға, яғни Қазақстан азаматтарына сатылады. Бір инвестор жеті миллион теңгеге акция сатып алуға өтініш бере алады. Жеке инвесторлардан кейін басымдық жинақтаушы зейнетақы қорларына беріледі. Егер сұраныс ұсыныстан артып жатса, өтініштерді пропорционалды түрде қанағаттандыру қарастырылған.

Қазанның 30-ы күні Қазақстанның қор биржасының (KASE) листинг комиссиясының ресми тізіміне «ҚазТрансОйл» компаниясының қарапайым акцияларын енгізілді.

САУАЛНАМА

Азаттық бұдан бұрын билік «Халықтық IPO» бағдарламасы туралы жаппай үгіт-насихат науқанын бастағанымен, қарапайым түсіндіру жұмыстарына тиісті көңіл бөлмегені жайлы жазған болатын. Азаттықтың сараптамалық мақаласында «Үкімет әлдебір социологиялық зерттеулерге сілтеме жасағанымен, олардың қорытындысын неге жарияламайды?» деген сауал қойылған болатын.

«Халықтық IPO» бағдарламасын халыққа түсіндіру үшін құрылған Нalyk-ipo.kz сайтында қазанның 30-ы күні социологиялық сауалнаманың қорытындылары шықты. Сауалнамаға қатысқан 2 мың респонденттің 1 мың 142-сі қалада, 858-і ауылдық жерде тұрады. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 34,4 пайызы «Халықтық IPO-дан» хабардар. 27,4 пайызы «Халықтық IPO» бағдарламасының мәні мен маңызын түсінеді. Бағдарламаны өткізуді 24 пайыз ғана қолдаса, 47 пайызы мүлде қызығушылық танытпайды.

Мемлекеттік орган жүргізген социологиялық сауалнама қорытындылары бойынша қарапайым азаматтардың инвестициялық мүмкіндігі қандай, яғни қолында жеткілікті қаржысы бар ма? Респонденттердің 40,7 пайызы өзінің қолында 200 мың теңге, 21,2 пайызы - 200 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін, 10,7 пайызы - 500 мыңнан бір миллион теңгеге дейін, 2,2 пайызы - бір миллион теңгеден үш миллион теңгеге дейін, ал 0,3 пайызы - үш миллион теңгеден көп ақша барын көрсеткен.

МАРЧЕНКО: «10-20 МЫҢ АДАМ ҚАТЫСАДЫ»

Мәскеу мемлекеттік болат және қорыту институтының профессоры Юрий Адлер Рrofinance.kz интернет-порталына берген сұхбатында «Халықтық IPO» бағдарламасының тиімділігіне сенімсіздік білдірді. Оның айтуынша, кәсіпорынды дамытуда тек қарыз ақшаға сүйену жалпы дұрыс жол емес.

Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко «Халықтық IPO» бағдарламасына 10-20 мың адам қатысады» деген болжам жасады. Оның пікірінше, «бағдарламаға қалтасы қалың жандар қатысуы тиіс». Банкир кедейлердің «басқа міндеттері бар» дейді.

Қазақстанның Ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко. Алматы, 7 ақпан 2010 жыл.


Марченконың пікірі парламент депутаты Мұрат Әбеновтің ашуына тиіпті. News.nur.kz. сайты депутаттың «Акцияларды қалтасы қалыңдардың қолына тигізудің амалы үшін бәрін жасап жатыр.... Егер қарапайым халық акцияларды сатып алуға әзір болмаса, асығудың мүмкін қажеті жоқ болар. «Халықтық IPO» қарапайым адамдарды ортақ қазынадан алдын ала қағып тастау арқылы жүргізілетін жекешелендірудің екінші легі болып жүрмесін» деген сөзін келтіріпті.

Бірақ банктердегі депозиттер мен зейнетақы қорларында көп ақша жиналып жатыр. Екеуінің де тиімділігі төмен. Қазақстандықтар өз ақшасын салатын тиімді жер таппай, капиталдарын шетелге әкетіп, жылжымайтын мүлікке, белгілі компаниялардың акцияларына салып жатыр. Кейбір сарапшылардың есебінше, соңғы 20 жыл ішінде Қазақстаннан оффшор компаниялар арқылы елдің бір жылдық бюджетіне тең болатын 138 миллиард доллар шығып кеткен.

Парламент депутаты Мұрат Әбенов «Халықтық IPO» бағдарламасын жүргізу кезінде байлар байып, ал кедейлер кедейлене түсіп, екеуінің арасындағы алшақтық ұлғаймай ма?» деген қаупін білдірді.

Депутаттың пікірін Астана қаласының тұрғыны Сара Магометова да қостайды. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен ол «Жұрттың қаржылық сауатын сәл ашқаны болмаса, мына IPO қарапайым халықтың табысын көбейтеді деп ойламаймын. Табысқа бұрынғысынша тек ірі акционерлер ғана кенелетін болады» деген күдігін айтты.

Жаңа премьер-министр Серік Ахметов басқаратын үкімет мұндай пессимистік көзқарастарды сейілтуге уәде берді.

(Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты).