Березовка балалары "көшкеннен кейін де оңалып кетпеді"

Березовка мектебінде талып қалған оқушы қызды көтеріп тұрған әкесі. Батыс Қазақстан облысы, 21 қаңтар 2015 жыл.

2014 жылдың аяғында мектеп оқушылары жаппай уланған Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындары «балаларымыздың денсаулығы әлі түзелген жоқ» дейді. Жұрт балаларын өз күшімен емдеуге мәжбүр. Ал билік қалған тұрғындарды көшіруді ұйымдастыру қамымен айналысып жатыр.

2014 жылғы қарашада Березовка кентінде 26 оқушы уланып, балалар жиі талып қалатын болған. Ресми дерекке сәйкес, балалардың жаппай талуына мектептің жылу қазандығынан бөлінген газ себеп болған. Зардап шеккен балалардың ата-аналары жаппай улану себебін ауыл іргесіндегі табиғи газ өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы газбен байланыстырады. Қадағалау органдары газды рұқсатсыз жаққаны үшін кенішті игеруші ҚПО халықаралық консорциумына 10 миллиард теңгеге жуық айыппұл салған. ҚПО басшылығы кеніш жұмысының улануға қатысы жоқ деп мәлімдегенімен, Березовка тұрғындарын көшіруге ақша бөліп жатыр.

Your browser doesn’t support HTML5

Березовка балалары. Аудиоподкаст.

БАЛАЛАР ӘЛІ ТАЛЫП ҚАЛАДЫ

2015 жылғы желтоқсанда ішінде зардап шеккен балалары бар 82 отбасы Қарашығанақ кеніші «өндірісін ұлғайтуға байланысты» Березовка ауылынан Ақсай қаласына көшірілген. Бірақ ата-аналар балаларының әлі талып қалатынын айтады.

16 жастағы Алинаның анасы Зүлфия Құсманғалиеваның айтуынша, қызы айына шамамен бір рет талып қалады. Коллеждің бірінші курс студенті Алина соңғы рет қаңтардың 20-сы күні талып қалған.

- Аяқ астынан талып қалуы мүмкін. «Жедел жәрдем шақырыңыз, қызыңызды алып кетіңіз» деп коллежден қоңырау соғады. Ауруханаға апарып, укол салдырғаннан кейін қызым есін жинайды, сосын үйге қайтамыз. Мұндай ем-домнан бәрібір пайда жоқ, - дейді Зүлфия.

Әйелдің айтуынша, ата-аналар «балалардың нақты диагнозын қойып, тиісті ем-дом жасауды» сұрап, дәрігерлерге жүгінуден шаршаған.

- Олар талып қалмауы үшін не істерімізді білмейміз. Дәрігерлер өзіміз сатып алған дәрі-дәрмекті салып береді, - дейді Зүлфия Құсманғалиева.

17 жастағы Кәмиланың анасы Айман Жұмағазиева да қызының денсаулығына қатты алаңдайды. Оның айтуынша, Кәмила былтырғы қазаннан бері тағы талып қалатын болған.

Березовка кентіндегі медициналық жедел жәрдем дәрігерлері уланған оқушыларды әкетіп барады. Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

- Кеше ғана сабақта тағы құлап қалыпты. Жедел жәрдем келіп, дәрігерлер тыныштандыратын укол салып кетіпті. Қазір ауруханаға бармайтын болдық. Ақтөбеде жазып берген дәрі-дәрмекті мұндағы дәрігерлер де тағайындайды, - дейді Айман.

Айман Жұмағазиеваның сөзінше, ата-аналар алты ай сайын балаларын Ақтөбедегі жеке меншік медицина орталығына емдеуге апарады. Орал дәрігерлері сияқты ақтөбелік дәрігерлер де балаларға «вегототамырлар дистониясы» деген диангоз қойған.

- Бізді мүлде ұмытты. Пәтерлеріңді бердік, ауылдан көшіп келдіңдер, демек бәрі жақсы деп ойлайтын шығар, - дейді Айман.

Қызының оқтын-оқтын талып қалатынын 7-сыныпта оқитын Любовьтың анасы Светлана Воскобой да хабарлады.

- Оқтын-оқтын талып қалып, аяқтары құрысады. Бір апта бұрын мектепте жағдайы нашарлап, құлап қалды. Ал бірер күн бұрын орнынан тұра алмаған соң мектепке жібермедім. Күні бойы сұлық жатты. Талып қалған кезде 20-25 минутқа дейін есін жинай алмайды. Үнемі басы ауырады, - дейді Светлана.

Светлана Воскобойдың сөзінше, былтыр жазда ол балаларды емдетуге көмек сұрап, өзге ата-аналармен бірге құзырлы мекемелерге барған, бірақ кейін таныстары мен туыстары оған «сені ҰҚК сұрады» деп айтқан.

- Қорқып кеттім. Желілерде балалардың атын жамылып ақша бопсалап жүр деп бізді мазақ етіп, ата-аналардың беделін түсіретін видеороликтер шыға бастады. Әлгіден кейін көмек сұрап ешқайда бармайтын болдым, - дейді Светлана.

ТЕКСЕРУ ЖАЛҒАСА МА?

Березовка кентіндегі экологиялық мониторингтің жылжымалы бекеті. Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Жаппай улану оқиғасынан кейін іле-шала жергілікті полиция «Атмосфераға ластайтын заттар шығару ережелерiн бұзу салдарынан екі немесе одан көп адамның денсаулығына зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. «Қылмыс құрамы жоқ» деген уәжбен істі бірнеше рет тоқтатып, кейін қайта жаңғыртқан.

Қазақстан ІІМ-і «сот-экологиялық сараптама жүргізу жөнінде құқықтық көмек көрсету туралы» халықаралық тапсырманы Ресейге жолдауына байланысты қазір іс уақытша тоқтатылған.

Биыл қаңтардың 23-інде Қазақстандағы адам құқығы бюросы директорының орынбасары Роза Ақылбекова ІІМ-ге қарасты тергеу департаменті бастығы Мұхаран Әміровке «халықаралық тапсырма Ресейдің нақты қай құзырлы органына жолданды және ол жақтан қандай жауап келді?» деген сұрақпен хат жолдаған. Бірақ ІІМ әзірше жауап берген жоқ.

Былтыр тамызда ол кезде вице-министр қызметін атқарған Елжан Біртанов (қазір – денсаулық сақтау министрі - Азаттық) зардап шеккен балаларды шетел клиникаларына емделуге жіберуді сұраған бюроға «балаларды жергілікті дәрігерлер емдеп жатыр, балалардың денсаулығы нашарлағаны жайлы фактілер тіркелмеген» деп хабарлаған. Бірақ Березовкадағы улану оқиғасын зерттеумен айналысатын тәуелсіз экологтардың пікірінше, жағдай жақсармаған. Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының өкілі Сергей Соляник:

Балалардың жағдайы әлі қиын болып тұр. Біреуінің жағдайы тұрақтанса, енді бірінің талмасы қайта қозады.

- Балалардың жағдайы әлі қиын болып тұр. Біреуінің жағдайы тұрақтанса, енді бірінің талмасы қайта қозады. Облыс билігі тарапынан да, республика билігі тарапынан да еш қайыр жоқ. Токсикалық уланудың бір жаманы, адам кез-келген сәтте талып құлап, жағдайы нашарлауы мүмкін. Зардап шеккен балалардың әке-шешелері жергілікті дәрігерлерге мүлде сенбейді, - дейді.

Қаңтардың 25-і күні Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы әкімі Алдияр Халелов Березовка тұрғындарына есеп берген соңғы кездесуінде тұрғындарды көшіру 2017 жылғы қыркүйекте толық аяқталады деп мәлімдеген.