Березовка ауылының кейбір тұрғындары Азаттық тілшісіне бірнеше күннен бері мектеп мұғалімдері үйлерді аралап, ауылдық әкімдік атынан сауалнама парағын толтыруды сұрағандарын хабарлады.
Сауалнама парағында «Екінші кешенді газ дайындау қондырғысының газ айдау қуатын қысқа әрі орташа мерзім ішінде жетілдіруге байланысты және Қарашығанақ кенішінің күнгей бетіндегі санитарлық қорғау аймағын кеңейту мүмкіндігіне орай, санитарлық қорғау аймағының жаңа шекарасына кіруі мүмкін елді мекендерден халықты көшіру мәселесі қарастырылып жатыр» деп түсіндірілген.
Тұрғындарға үш елдімекенді таңдау ұсынылған және ауыл көшірілуі мүмкін деген мерзімдер қоса көрсетілген. Бірінші нұсқа – Ақсай қаласындағы көп қабатты үйдегі пәтерге көшу (2015 жылдың үшінші-төртінші тоқсаны), екінші варианты – Бөрілі кентіндегі жер телімі бар үйлерге көшу (2016 жылдың аяғы, 2017 жылдың басы), үшінші ұсыныс ретінде Ақсайдың іргесіндегі Аралтал ауылындағы жер телімі бар жеке меншік үйлерге көшу (2016 жылдың аяғы – 2017 жылдың басы) көрсетілген.
САУАЛНАМА ЖҮРГІЗУ СЕБЕПТЕРІ
Ауылды көшіруді биліктен бірнеше мәрте сұраған Березовка тұрғындарының сауалнамаға көзқарасы әрқилы. Әлия Мырзабекованың айтуынша, Березовка ауылы әкімі оған ауылды көшіру мәселесі әлі шешілмегенін, мына сауалнама алдын ала жасалып жатқан шара екенін айтқан. Ол Азаттық тілшісіне:
- Әкім кеніш аумағы кеңейтілген жағдайда тұрғындардың пікірін білу үшін алдын ала жүргізіліп жатқан сауалнама екенін айтты. Бірақ біз бәрібір қуандық. Демек, бізді көшіру мәселесі шешіле бастаған сияқты, - дейді.
Ал Тілек Темірғалиев ауылдасының оптимизмімен келіспейді. Ол - былтыр қарашаның 28-і күні уланып қалған 11 жастағы Темірланның әкесі. Оның айтуынша, былтырғы уланудан кейін баласы әлі толық сауықпаған, оқтын-оқтын талып қалады. Дәрігерлер жәрдемінен әзірше көмек болмаған.
- Олар бізді көшіреді дегенге сенбеймін. Мына сауалнаманы сайлау алдында көз қылып өткізіп жатқан шығар. Әлгі сауалнама парағы дегендері мөр басылған арнайы бланк емес, құр қағаз ғана. Оған қалай сенесің, бірақ Ақсайға көшкім келеді деп көрсеттім, - дейді Тілек Темірғалиев.
ШАРТТЫ ТҮРДЕ КӨШІРУ
Сауалнама жүргізу биліктің бастамасы екенін Березовка ауылдық округы әкімі Жұбаныш Хайруллин де растады, бірақ ол ауылды көшіру мәселесі әлі шешілмегенін айтады. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Хайруллин:
- Сауалнама парағында «егер кеніштің санитарлық қорғау аймағы Березовка ауылына қарай кеңейсе ғана ауыл көшірілуі мүмкін» деп анық әрі ашық жазылған. Қайталап айтамын, ауылды сол кезде ғана көшірулері мүмкін, - дейді.
Әкімнің сөзіне қарағанда, билік қанша тұрғынның қай жаққа көшкісі келетінін алдын ала білгісі келеді. Қазір сауалнама аяқталып, нәтижесі әзірленіп жатыр.
Crude Accountability экологиялық ұйымының кеңесшісі Сергей Соляниктің айтуынша, бұл сауалнама ауылды көшіруге қатысты көптеген қосымша сұрақтар тудырады. Экологтың пікірінше, тұрғындарды көшірсе, билік заң бойынша жұртқа баспана ғана беріп қоймай, жаппай уланудың моральдық шығыны мен тұрғындардың денсаулығына келген зиянның өтемақысын да төлеуі тиіс.
- Санитардық қорғау аймағы белдеуін кеңейту – халықты мәжбүрлі көшіруге жатады. Яғни пәтер немесе жер телімі бар үйден бөлек, туған жерінен мәжбүрлі көшірілгені және денсаулығына келген зиян үшін де тұрғындарға, әсіресе балаларға ақшалай өтемақы төленуі тиіс, - дейді Сергей Соляник.
Your browser doesn’t support HTML5
Былтыр қарашаның 28-і күні Березовка ауылында 100-ден аса тұрғынның жаппай улану оқиғасы болғаннан кейін «Атмосфераға ластайтын заттар шығару ережелерiн бұзу салдарынан екі немесе одан көп адамның денсаулығына зиян келтіру» бабы бойынша Батыс Қазақстан облысында қозғалған қылмыстық іс әлі тексеріліп жатыр. 25-ке жуық бала сабақ үстінде бір күнде талып қалған болатын. Содан бері мектеп оқушыларының талып қалу оқиғасы талай рет, биыл жыл басында да қайталанған.
Березовка тұрғындары жаппай улану себебін ауыл іргесінен бес километр жерде орналасқан мұнай-газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы заттармен байланыстырады. Ал Karachaganak Petroleum Operating B.V. консорциумына қарасты кеніш басшылығы бөлінген газ қалдықтары деңгейі экологиялық нормадан асқан жоқ деп мәлімдеді.