Оралдағы су тасқынынан зардап шеккендер тұратын эвакуациялық пунтте кенеттен дүние салған Бисенбі Сәрсенғалиев мамырдың 17-і күні жерленді. Марқұмның туыстары оның өліміне су тасқыны себеп болды деген ойда. Билік Сәрсенғалиевтің отбасына көмек берілетіндігін айтып, уәде бергенімен, бұл әзірге орындалған жоқ.
Мамырдың 15-інде дүние салған Бисенбі Сәрсенғалиев баспанасы суда қалғалы бері жүйкесі жиі сыр беретін дертке тап болған. Ол соның алдында, мамырдың 13-інде қала әкімдігіне барып, су тасқыны мәселесімен айналысып жатқан комиссияның шешімімен танысқан екен. Туыстарының айтуынша, отағасы өздерінің су шайып кеткен үйінің орнына баспана берілмейтінін біліп, қатты уайымдапты. Әрі бұл жайдың анық-қанығы туралы әкімдік қызметкерлері де түсінік жұмыстарын жүргізбеген.
Марқұмның қосағы Мінаура Есенғалиеваның айтуынша, шаңырақ иесі осыған дейін ауырып көрмепті.
– Соңғы кездері оның қан қысымы қатты көтеріліп кететін болды. Бұл ауру үйіміз суда қалғаннан бері басталды. Оған дейін ешқашан ауырып көрген емес, совхоздың ауыр жұмысын жасаса да, еш шәй демеген жан еді. Жұмыстан келген соң, кішкене қисайып жатты да, бар болғаны он минуттың ішінде көз жұмды. Не болғанын байқап үлгірмей қалдық,- дейді Мінаура Есенғалиева.
Марқұмды шариғат заңы бойынша мұсылмандық рәсіммен жерлеуге бұл үйдің мүмкіндігі болмаған. Өйткені, баспанасыз қалған отбасы эвакуациялық бекетте күн кешіп жатыр. Амалдың жоқтығынан марқұмның денесін жерлегенше қалалық мәйітханаға тапсыруға мәжбүр болыпты. Бисенбіні көршілері мен туыстары ашық-жарқын жігерлі жан еді деп қайғыра еске алады.
Марқұмның жаназасы Орал қаласынан 30 шақырым қашықтағы Щапов ауылында шығарылып, осы елді мекендегі қорымға қойылды.
Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Ерболат Әбілхатин жерлеу рәсіміне көмек ақша бөлінгендігін, бірақ бұл қаржының енді аударылатындығын жеткізді.
Марқұмның қыздарына қалалық әкімдіктің өкілдері үй берілетіндігін де айтыпты. «Бірақ қолымызға ешқандай нақтылау қағазын ұстатқан жоқ».- дейді қызы Самал Сәрсенғалиева.