Зағип жанның кәсібі

Көзі көрмейтін Константин Козловтың мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған "Шебер-Теміртау" орталығында жұмыс істеп жатқанына бір жыл болды. Теміртау, 21 тамыз 2017 жыл.

Жанарынан айырылып мүгедек болып қалған теміртаулық тұрғын Константин Козлов сырқатына мойымай, киізден шәркей, қалпақ, қолғап және әшекей бұйымдарды басуды үйреніп, қолөнер шеберіне айналған.

52 жастағы Константин Козловтың көзі мүлде көрмейді деуге болады, айналасын қолымен сипап, іштей бағдарлайды. Балабақшада бір бала тура көзіне рогатка атып жіберіп, Константин үш жасында сол көзінен айырылған. Екінші көзінің көруі де біртіндеп нашарлай берген. Жанарынан мүлде айырылғанға дейін Константин дәрігерлердің тыйымына қарамастан Теміртаудағы шұлық-байпақ шығаратын фабрикада 13 жыл жүкші болып жұмыс істеген. Козлов «өзге жұмысқа алмағандықтан, сол жерде жұмыс істеуге тура келді» дейді. Ауыр жұмыстың кесірінен көзі көруден қалып, үйлер мен ағаштардың сұлбасын ғана ажырататын халге жеткен. Көзінің қарашығын тазалағаннан кейін ақ-қара түстерді ажырата бастаған.

КИІЗ БАСУ ШЕБЕРІ

Теміртау қаласындағы арнайы курста оқып, қолөнерді үйренген Константин бір жылдан бері киіз басу шебері болып жұмыс істеп жүр. Ол "киізден әлдебір бұйымдар немесе әшекейлер жасаймын деп ешқашан ойламаған едім" дейді. Енді бұл іс өмірінің мәніне айналғандай.

Денсаулығына байланысты жұмыс орнына жетуі қиын мүгедек жандарға әдетте үйінде жұмыс істеуді ұсынады, бірақ Козлов ұжыммен бірге шеберханада жұмыс істеуді ұйғарған. Ол әсіресе көлік жолынан өткен кезде қиналады, бірақ «жолдан өтуге көмектесетін қайырымды жандар әрдайым табылады» дейді. Константин инва-такси қызметін пайдаланбайды, екінші топ мүгедегі ретінде оған ондай жеңілдік қарастырылмаған, сондықтан көбінесе жаяу жүруіне тура келеді. Жұмыс табылғанына қуанғаны соншалық, Константин мұндай қиындықтарға қарамастан қолөнер орталығына әріптестерінен ерте келіп, кейде жұмыстан өзгелерден әлдеқайда кеш қайтады.

Ең қиыны – шәркей басу. Қанша тырыссам да, қалыптаудың өзіне ғана 1-2 күнім кетеді, өйткені көзім бұлдырап кетеді, сондықтан көзімді демалдырып алу үшін жиі-жиі тоқтап, 10-15 минут үзіліс жасауға тура келеді. Көбінесе сипалап отырып істеймін.

- Үйде 10 жыл отырдым, өйткені еш жер жұмысқа алмады. Қараңғыда, әсіресе шам жанып тұрғанда көзім мүлде көрмейді, көзімнің алды қап-қара түнек болып тұрады. Қанша тырыссам да, еш жерге жұмысқа алмады. Қолөнер шебері болып жұмыс істеп жүргеніме қыркүйекте бір жыл болады. Ең қиыны – шәркей басу. Қанша тырыссам да, қалыптаудың өзіне ғана бір-екі күнім кетеді, өйткені көзім бұлдырап кетеді, сондықтан көзімді демалдырып алу үшін жиі-жиі тоқтап, 10-15 минут үзіліс жасауға тура келеді. Көбінесе сипалап отырып істеймін, - дейді Константин Козлов.

Шебер қанша тырысқанымен, шапшаң және көп бұйым баса алмайтынына қамығады. Ол бір айда ең көбі сегіз пар шәркей басып, 24 мың теңге ақша алған. Ал осы айда шәркейдің екінші жұбын басып жатыр. Тамыз айында жолым болмай қойды деп қынжылады. Бірақ ол ұнайтын ісімен айналысып, жұрттың ортасында жүргеніне қуанады.

Константин Козловтың киізден жасаған бұйымдары.

Константин әйелімен ажырасқанда өзімен бірге қызын алып кеткен. Ол төрт жасынан бері қызын жалғыз тәрбиелеп өсірген. Қазір қызы 20-да, ол училищені бітіріп, жұмысқа орналасқан, кейде әкесіне көмектесіп, киізден басылған бұйымды сәндейді. Константин қызының ұзату тойына аз-маз болса да ақша жинап қойсам деп армандайды.

Көзі көрмейтін мүгедек ретінде Константин 2006 жылы зейнетақы ала бастаған. Қазір ол 44 мың 700 теңге зейнетақы алады. Ақша айдың аяғына жетпей қалады, сондықтан дәрі-дәрмекке ақша жұмсамауға тырысып, көбінесе халық ем-домына жүгінеді. Коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жеңілдік жоқ.

Ет, сало жағынан кейде өгей ұлдарым қарайласады, олар болмаса жағдайымыз мүлде мүшкіл болар еді. Мүгедек жандардың күнкөрісі ауыр. Бұл ең әуелі оларды жұмысқа алмаудың кесірінен.

- Қиын, бәрі қымбат. Мүгедектігім үшін 12 мың теңге алып жүрген кезде қызым екеуміздің күнкөрісімізге жететін, баға да арзандау болатын, етсіз отырмайтынбыз, қызымды киіндіруге шамам келетін. Ал қазір зейнетақы көбейді деген аты ғана, ақша айдың соңына жетпей қалады. Қызымның ұзату тойына ақша жинағым келеді, бірақ әзірше оған шамам келмей жатыр. Шұжықты айына бір рет сатып аламын, осылай амалдап келемін. Ет, сало жағынан кейде өгей ұлдарым қарайласады, олар болмаса жағдайымыз мүлде мүшкіл болар еді. Мүгедек жандардың күнкөрісі ауыр. Бұл ең әуелі оларды жұмысқа алмаудың кесірінен. Сондықтан қолөнер орталығы бар дегенді естігенде бірден осында келдім, - дейді Константин Козлов.

ЖӘРМЕҢКЕГЕ ҮМІТ АРТУ

Қазір Константин Козлов және оның өзге қолөнерші әріптестері тапсырыспен қалалық жәрмеңкеге өнім дайындап жатыр. Олар көбінесе балалар мен ересектерге арналған шәркейлер басады, күзде қалпақ басуға көшпек. Ол көше мен ғимарат ішіндегі жәрмеңкелерде тұруға ұялмайды.

Мүгедек жандарға арналған "Шебер-Теміртау" қолөнершілер орталығын басқаратын Наталья Воротынскаяның сөзінше, Константин Козлов бүкіл жұмысты өзі атқара алады, өзі қалыптап, өзі басады.

Константин Козлов жұмыс істейтін "Шебер-Теміртау" қолөнер орталығының жетекшісі Наталья Воротынская.

- Бірақ шәркейдің немесе пиманың табанын тігетін кезде оған көзі көретін өзге адам көмектеседі. Ол шәркейді жақсы басады, оны басу үшін қолдың күші керек. Ал негізі ол шәркей, киіз байпақ, қалпақ, қолғаптар жасай алады. Киізден картина ғана жасап көрген жоқ,- дейді Наталья Воротынская.

Шәркей қалыптап отырған 52 жастағы мүгедек Константин Козлов ақыры «өзімнің кәсібімді таптым» деп жымияды. Ақшасы мардымсыз болса да енді оның жұмысы бар, бұған қоса жұртпен танысып, бос уақытында араласады. Ол «енді күні бойы қамалып үйде отырмайтын болдым, алғаш рет өзімді кәдеге жарайтын әрі іспен айналысатын адам сезініп қалдым» дейді.