Зағиптар жетекшісі - түрмеде, ал ұйым жікке бөлінген

Қазақ зағиптар қоғамының президенті Байболат Әубәкіров. Астана, 14 мамыр 2015 жыл.

Қазақ зағиптар қоғамының кей өкілдері жеті жылға сотталған бұрынғы президенттерінің «жазығы жоқ» деп санайды. Ал қарсыластары оны «аз жылға соттады» дейді.

Байболат Әубәкіровтің көзі студент кезінде көрмей қалған, бірақ ғылым докторы болып, Қазақ зағиптар қоғамын (ҚЗҚ) 30 жылдан көп басқарған. 20 мыңға жуық мүгедек мүшесі бар зағиптар қоғамының меншігінде миллиардтаған теңгенің жылжымайтын мүлкі бар. Ұйым бұрын да талай жанжалға ілігіп, Әубәкіровті бірер жыл бұрын алаяқтық жасады деген айыппен сотқа тартқан, бірақ кейін ақтап шығарған.

Әубәкіров қарсыластарының Астанаға жорығына ұласқан бұл жолғы жанжал оны соттаумен аяқталды. Жеті жылға сотталған 61 жастағы Байболат Әубәкіровтің жақтастары «жазықсыз сотталды әрі көз жанарынан айырылған зағип жанды түрмеде ұстау азаптаумен бірдей» деп мәлімдейді.

Ал оның қарсыластары оны «аз жылға соттады», өйткені тергеу органдары мен сот оның ҚЗҚ басшысы болған тұста жасаған алаяқтық қылмыстарын толық ашқан жоқ деп санайды. Олар көзі мүлде көрмейтініне қарамастан «ұры түрмеде отыруы тиіс» дейді.

«ШЕКТЕУЛІ МҮМКІНДІКТЕР ЭВОЛЮЦИЯСЫ...»

Қарындасы Зәуреш Әубәкірова Азаттыққа «Байболат бала кезінен білімге құштар болды, кітапты көп оқитын, мүмкін Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетінің 1-курсында оқып жүрген кезде жанарынан мүлде айырылғаны содан шығар. Бірақ алға ұмтылып, жоғары оқу орнын бітіріп қана қоймай, экономика ғылымы докторына айналды. Қазақ зағиптар қоғамы президенті қызметін атқарған кезде ұйым жұмысын нарыққа бейімдеді, бұл еңбегі үшін мемлекеттік жоғары наградалар алды, ал еңбегі сіңген экономист атағын беру туралы куәлікті ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі табыстаған болатын» дейді.

Қазақ зағиптар қоғамының президенті Байболат Әубәкіровтің қарындасы Зәуреш Әубакірова. Алматы, 30 наурыз 2016 жыл.

Байболат Әубәкіровтің көптеген ғылыми мақалалары бар, ал 2015 жылы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру модельдері мен оларды жетілдіру жөніндегі ұсыныстары жазылған «Шектеулі мүмкіндіктерден шексіз мүмкіндіктерге дейінгі эволюция» (орысша түпнұсқасы - «Эволюция ограниченных возможностей к безграничным» - ред.) деген кітабы шықты. 2000 жылы әндер жинағы жарияланды.

«Міне, осындай тамаша адамды 2015 жылы желтоқсанның 28-і күні жеті жылға соттап жіберді, ал ақпанның 16-сы күні Астананың апелляциялық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды» дейді оның қарындасы. Байболат Әубәкіровті апелляциялық сот залында тұтқындап, Астананың тергеу абақтысына жапқан. Наурыздың 24-і күні оны Ақмола облысындағы Гранитный кентінде (Көкшетау қаласы маңында) орналасқан атышулы ЕЦ 166/25 жалпы режимдегі колонияға этаппен әкетті. Бұл колонияның 2010 жылы тамызда тұтқындар бүлік шығарып, бүлікті басып-жаншу кезінде 100-ден аса тұтқын жараланғанымен, ал бір жылдан кейін 14 тұтқынға бүлікті бастаушы ретінде бір жарым жылдан 19 жылға дейін қосымша жаза кесілгенімен «аты шыққан» болатын.

Апелляциялық соттан кейін Байболат Әубәкіровті қамауға алу оның өзін де, туыстары мен жақтастарын да есеңгіретіп тастады. Оның қарындасы «көзі су қараңғы жанды колонияда ұстауды азаптау деп санауға болады» дейді.

- Өздігінен киініп, үсті-басына қарай алатын шамасы бар. Бірақ жанында үнемі ертіп жүретін кісі болуы тиіс, - дейді Зәуреш Әубәкірова.

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ПЕН ЗАҒИПТАР АРАСЫНДАҒЫ ДАУ

Өткен аптаның аяғында Алматыда Байболат Әубәкіровтің жақтастары өткізген баспасөз жиынында оның адвокаты Жомарт Сарманов «клиентімнің кінәсі дәлелденген жоқ, үкім негізсіз шығарылды» деп мәлімдеді. 2015 жылы желтоқсанның 28-і күні Астана қаласы Алматы аудандық соты Әубәкіровті «бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде ысырап ету арқылы жымқыру» айыбымен жеті жылға соттаған. Ол еңбек заңын бұзған деп те айыпталған. Ақпанның 16-сы күні Астананың апелляциялық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

«Ысырап ету» айыбы сарапшылардың Байболат Әубәкіров зағиптар қоғамы иелігіндегі жылжымайтын мүлік нысандарының бағасын кемітіп сатқан деген ұйғарымы негізінде тағылған. Сарапшылардың есебінше, әлгі нысандардың жалпы құны түскен сомадан шамамен бір миллиард теңгеге артық болуы тиіс. Адвокат Сарманов сарапшылардың ұйғарымына сенбейді. Адвокат «жымқыру айыбы дәлелденген жоқ, өйткені төлемдер қолма-қол ақшасыз жүргізілген, ал түскен ақша зағиптар қоғамы қажетіне жұмсалған» деп санайды.

Адвокат Сармановтың айтуынша, сотта сарапшылардан жауап алмаған. Ал апелляциялық сот сарапшыларды тергеу жайлы прокурор өтінішін орындаудан бас тартқан.

Адвокат Жомарт Сарманов. Алматы, 30 наурыз 2016 жыл.

- Мұны сарапшылардың ар-ұяты білсін. Әсіресе, «көзі мүлде көрмейтін жанның түрмеге түскенін» ескерсек, оған тым қатал жаза кесті деп санаймын, - дейді адвокат.

Оның жақтасы әрі шымкенттік зағиптар қоғамының мүшесі Сергей Огай Қазақ зағиптар қоғамының бұрынғы басшысын қудалаудың тағы екі астары бар деп санайды. Оның пікірінше, біріншіден, сотта жәбірленуші ретінде сөйлеген Әубәкіровтің кей қарсыластары ҚЗҚ президентінің босаған орнын иеленгісі келеді. Ал екіншіден, оның әлгі қарсыластары ҚЗҚ-ын күйретіп, миллиардтаған теңгеге бағаланған мүлкін иемденіп алғысы келетін әлдекімдердің қуыршағы болуы мүмкін.

- Зағиптар қоғамының Қазақстанның әр тұсында жылдық айналымы 2 миллиард 500 миллион теңгеден асатын 29 өндірістік кәсіпорны, Қазақстанның бүкіл облысында бірлестіктің жерлері бар әрі қоғам өзін өзі толық қаржыландырады, мәселенің түпкі астары осында жатыр, - дейді Сергей Огай.

ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ҮШІН КҮРЕС

Байболат Әубәкіровтің үстінен арыз жазып әрі қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылғандардың бірі, зағиптар қоғамының мүшесі Шәден Кәрібаев Азаттыққа:

- [Әубәкіровтің жақтастары] жоғарғы сот аяушылық танытып, үкімді өзгертсін деген оймен қоғамдық пікір тудырып жатыр. Түсіндіңіз бе? Ал мен сізге айтайын – бүкіл ТМД түрмелерінде отырған түрлі зағиптар толып жатыр: олардың ішінде кісі өлтірушілер де, адам зорлағандар да, бандиттер де бар. Бәрі отыр. Ал ұры түрмеде отырмасын деп кім айтты? – дейді.

Кәрібаевтың айтуынша, тергеу мен сот Әубәкіровтің жымқыру фактілерінің көбін анықтамаған. Сондықтан ол зағиптар қоғамының бұрынғы президентіне тым жеңіл үкім кесті деп санайды.

Әубәкіровтің тағы бір қарсыласы әрі арызданушы, кейін іс бойынша жапа шегуші деп танылған Алтынай Ибрагимованың айтуынша, ол ҚЗҚ нысандарын «өзінің ықпалдас адамдарына» арзанға сатып, пайда көрген. Бірақ Әубәкіровтің екі қарсыласы да сотта бұл жайт қаралмағанын айтады.

Қазақ зағиптар қоғамы 75 жыл бұрын құрылған. Байболат Әубәкіров ұйымды 30 жылдан көп басқарды. Зағиптар қоғамының 20 мыңға жуық мүгедек мүшесі бар. Кей есепке қарағанда, қоғамның өндірістік айналымы жылына 2 миллиард 500 миллион теңгеден асады. Қоғам иелігінде миллиардтаған теңгенің жылжымайтын мүлкі бар.