Accessibility links

Зағиптар «басшылар дауынан шаршағандарын» айтады


Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат тапсыруға келген Қазақ зағиптар қоғамының өкілдері. Астана, 5 қыркүйек 2014 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат тапсыруға келген Қазақ зағиптар қоғамының өкілдері. Астана, 5 қыркүйек 2014 жыл.

Алматыдағы зағиптар қоғамы кәсіпорнының жұмысшылары «бастықтардың арасындағы дау жұмысқа кесірін тигізді» деп біледі. Ал мекеме басшылығы жұмыс жүрмеудің басқа себептерін санамалайды.

«Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне қарасты «Алматылық №1 оқу-өндірістік кәсіпорнының» («АУПП-1») жұмысшысы Арзыгүл Төлегенова Азаттық тілшісіне бірлестік пен кәсіпорын басшылары арасындағы әлденеше жылдан бері шешімін таппаған даудан шаршағанын айтты.

– Бұл директордыкі өзінше дұрыс, ана басшыныкі өзінше дұрыс. Олардың дауласпай, жұмыс істегенін қалар едік. Бізге кімнің директор болғаны маңызды емес. Әйтеуір жұмыс беріп, уақытында жалақысын берсе, цехтарды кеңейтіп берсе болды, – дейді кәсіпорында 1988 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Арзыгүл Төлегенова.

«БАСШЫЛАР ДАУЛАСПАЙ ЖҰМЫС ІСТЕСЕ ЕКЕН»

«Қазақ зағиптар қоғамы» мен оған қарасты «Алматылық №1 оқу-өндірістік кәсіпорны» басшылары арасындағы дау бірнеше жыл бұрын басталған еді. Кейінірек бұл дауға қарапайым зағип жандар да араласқан. Наразылар қоғамдық ұйым төрағасын «қаржы-шаруашылық жұмыстарын бұзды» деп айыптап, қызметінен алуды талап еткен.

Арзыгүл Төлегенова бұл дау басталмай тұрған кезде, 1998 жылға дейін кәсіпорында жүздеген жұмысша шеге, шанышқы, қақпақ, қорап сияқты заттар жасағанын, жұмысшыларға жатақхана беріліп, қызметтік автобустар да жүргенін еске алады.

– Ал қазір жалғыз картон цехы ғана жұмыс істеп тұр. Цехта ондаған мүгедек қана жұмыс істейді. Жұмысқа көбірек істеу үшін таңертең 7-8-ден бастап келеміз. Сонда да жалақымыз 30-40 мың теңгеден аспайды. Мәселен, осы айда айлығым 18 мың теңге ғана болып шықты, – дейді Арзыгүл Төлегенова.

«Шарасыздар» қоғамдық ұйымына ортақ проблемаларын талқылау үшін жиналған зағип жандар. Алматы, желтоқсан, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«Шарасыздар» қоғамдық ұйымына ортақ проблемаларын талқылау үшін жиналған зағип жандар. Алматы, желтоқсан, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Мүмкіндігі шектеулі жан жұмысы ауыр екенін, жасайтын картон қораптардың әрбіріне көп дегенде бес-алты теңге ғана ақы алатындарын айтады.

– Ол қораптарды көлеміне қарай 200-500 теңге аралығында сатады. Қораптардың құны өскенімен, неге екені белгісіз, жұмысшылардың жалақысы сол қалпында, – дейді Арзыгүл Төлегенова.

Азаттық тілшісімен сөйлескен өзге зағип жұмысшылар да «жалақылары күнкөріске жетпейтініне, жақындарының көмегімен өмір сүріп жатқандарына» шағымданды. Олардың сөзінше, көптеген мүгедек жандар жұмыс істегесі келгенмен цехтар тоқтап қалғандықтан үйлерінде отыр.

Сондай жұмыссыз мүгедектердің бірі Мархабет Бағдар «басшылардың біріне жақпай қалғаны үшін 2007 жылы жұмыстан қуылдым» дейді. Қазір балаларының қолында тұрып жатқан 1-топ мүгедегі «басшылардың дауға жұмысшыларды араластырмақ болғанын» айтады.

– Біз, мүгедек адамдар, бір-бірімізге керекпіз. Жоғарыдағы бастықтар не істеп жатыр – өздері білсін. Бірақ жұмысшыларды бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Сол себепті басшыларға ашулымыз, – дейді ол.

Мархабет Бағдар да зағиптар еңбек ететін кәсіпорында қарапайым жұмысшылар мен басшылық алатын жалақыда көп айырмашылық бар екенін айтып наразы болды.

«МӘСЕЛЕНІҢ БӘРІ – ТАПСЫРЫС ЖОҚТЫҚТА»

«Алматылық №1 оқу-өндірістік кәсіпорын» директорының орынбасары Евгений Седык жұмыс орындарының қысқаруын бұл мекеме мен «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі басшылары арасындағы даудан көрмейді.

– Кәсіпорында тек картон цехы ғана 80 пайыз жұмыс істеп тұр. Біз қазір 100 пайыз тапсырысқа тәуелдіміз. Шикізат құны көтеріледі, бұйымның құны көтеріледі, соған байланысты жалақы да бір орнында тұр. Егер жалақыны көтерсек, өзіміз отырған ағашты кескенмен пара-пар болады. Бәсекелестер өте көп, құрылғылар ескі, өнімділік деңгейі өте төмен. Бізде іс жүзінде барлығын қолмен жасаймыз, – дейді Евгений Седык.

Оның айтуынша, кәсіпорында қазір 53 адам жұмыс істейді – алайда тапсырыс болмай, цехтар тоқтап қалғандықтан ол азаматтардың жартысынан астамы жұмысқа келмейді.

«Қазақ зағиптар қоғамында» бірнеше жылдан бері басылмаған дау соңғы кездері қайта қоздай бастады. Биыл шілдеде қоғамға қарасты кәсіпорынның бұрынғы директоры Алтынай Ибрагимова мен бұрынғы жұмысшысы Гүлназ Бекбосын қызметтеріне қайта алуды талап етіп, кәсіпорын аумағында аштық жариялаған. Алтынай Ибрагимова «Қазақ зағиптар қоғамы» президенті Байболат Әубәкіровтің «Ибрагимова жұмысқа қайта алынсын» деген сот шешімін орындамай отырғанын» айтқан. Ал Әубәкіровтің заңды өкілі Сергей Огай «Ибрагимованың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды деген тергеуші шешімін прокурор мақұлдаған соң ғана оны қайта жұмысқа алуға мүмкіндік туатынын» айтқан.

Видео: Алматы зағиптар қоғамы кәсіпорнындағы аштық акциясы

Зағип мекемесіндегі аштық
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:01 0:00
Жүктеп алу

​Қыркүйектің 5-інде «Қазақ зағиптар қоғамының» бірнеше облыстан жиналған 20-дан астам өкілі Астанаға барып, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шағымхат тапсырды. Олар президенттен зағиптар қоғамындағы дауға араласып, мәселені шешіп беруді сұраған. Зағиптар қоғамдық ұйым төрағасы Байболат Әубәкіровті «ұйымның қаржы-шаруашылық жұмыстарын бұзды» деп айыптап, оны қызметінен алуды талап еткен. Ал Байболат Әубәкіров жергілікті ақпарат құралдарына берген сұқбатында өзіне тағылған айыптарды теріске шығарған.

Видео: Зағиптар өздеріндегі дауды шешуді сұрап президент Назарбаевқа келді

Зағиптар наразылығы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, елдегі 500 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның еңбекке жарамды 400 мыңының шамамен 20 пайызы ғана жұмыс тапқан. Мамандардың айтуынша, бұл – өте төмен көрсеткіш. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қарағанда, АҚШ-та мүгедек жандардың – 38 пайызы, Германияда – 41,6 пайызы, Австралияда – 41,9 пайызы, Канадада – 56,3 пайызы жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG