Үнемдеуді депутаттардан бастасақ...

Атауы белгісіз карикатура. Авторы: Игорь Кийко (Алматы).

Депутат — халықтың биліктегі өкілі. Халық сайлау арқылы депутаттарға өкілетті билікті сеніп тапсырады. Жоғары заң шығару органында бүгінде 154 депутат халық атынан сөйлеп отыр.

"Сөйлеп отыр" дегенімізбен, көбіне олардың үнін естімейтініміз рас. Қабылданып жатқан заңдар сапалы әрі халықтың мүддесінен шығатындай болуы үшін сол депутаттар арасында пікір алуандығы қалыптасуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Бірнеше партияның өкілінен тұратын парламент депутаттары былай қарағанда демократиялық қоғамға лайық институтты құрап отырғандай көрінеді. Алайда, пікір алуандығына келгенде, бұлай айта алмаймыз.

Теледидардан көрші елдердің депутаттарын көргенде кейде әуесіміз келеді. Заң қабылдауда бір-бірімен таласып, сөз жарыстырып, тіпті төбелесіп те жатады. Төбелесіп жатқан тәртіпсіздіктеріне әуесіміз келмейді әрине, олардың өз ұсыныс-пікірлерін өткізу жолындағы принципшілдігіне қызығамыз. Олардың әрқайсысы артымызда пәленбай мың, миллион халық тұр деп, өз қызметтеріне аса жоғары жауапкершілікпен қарайды. Ал, бізде ше? Рас, ауызбіршілікте жұмыс жасаған жақсы ғой. Парламент ринг емес төбелесе кететін. Бірақ біздің Мәжілісте үш саяси партияның және Қазақстан халқы ассамблеясының, яғни төрт бірдей саяси ұйымның өкілдері отырғанына қарамастан, қашанда бәрінің ойлары бір жерден шығатыны таң қалдырады. Өзіндік ой-пікірлері жоқ десек, бәлкім, аса қымбат тұратын, миллиондаған, миллиардтаған теңгелермен есептелетін ар-намыстарына тиіп кететін шығармыз, алайда, бас шұлғуды жақсы меңгерген мәжілісмендерге басқа дұрыстау бағаны қиғың да келмейді екен.

Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, бізде келіп түскен заң жобаларына байланысты қарсы дауыс беретін депутат бар ма? Әй, қайдам, ондайды көрмей жүрміз. Кейде бірді-екісі байқамай қарсы дауыс беріп жібермесе немесе алдарындағы компьютер не қолдарындағы ұялы телефонмен ойнап отырып, дауыс беруге қолдары тимей қалыс қалып қойғандары болмаса, баршасы бірдей ләм деместен бірауыздан кез-келген заң жобасын қолдап дауыс бере қояды. Мұндай ауызбіршіліктеріне сүйсінбеске лажың жоқ. Оның үстіне, аса қымбат саналатын уақытты да үнемдеуге таптырмас жол ғой бұл. Салғыласып уақыт өткізіп не керек, министрлік өкілі заң жобасын таныстырды ма - уақыт өткізбей бірден қолдай сал. Осындайының арқасында емес пе, Парламент күн сайын бірнеше заңды оп-оңай қабылдай салатын болып жүр ғой. Мұндай жылдамдықтары Гиннестің рекордтар кітабына тіркеуге әбден лайық болғанымен, құрметті депутаттарымыз ондай атақ-даңққа қызықпайтын болғандықтан, қол қусырып отырмыз.

"Перуашев пен Сәрінжіповтің арасындағы дау". Сәбиттің карикатурасы.

Депутаттарымыз мүлде үндемейді десек, әрине, мұнымыз жөн болмас еді. Өздерінің бар екенін білдіріп қою үшін олар анда-санда әу деп қойып, депутаттық сауал жолдап жатады. Өкініштісі, олар өз сауалдарының нақты кімге жолдану қажеттігін білмесе керек, дені премьер-министрдің атына жолдайды. Премьер-министр өз кезегінде ол сауалды тиісті министрліктерге жібереді. Осылай сауал-жауап министрліктерді аралап жүріп біраз уақыт жоғалтады. Онысы депутаттарды қызықтырмайды да. Өйткені, сауалдарына қандай жауап келетіні онсыз да белгілі емес пе? Жолданған депутаттық сауалдар бойынша қол жеткізілген нақты нәтижелер жөнінде естімейтініміз сондықтан. Керісінше, депутаттарымыздың өздері "сырғытпа жауап аламыз, жауаптарға қанағаттанбаймыз" деп "жылап" отырғандары. Ендеше, бізге осыншама депутаттың қажеті қанша?

Қазір дағдарыстың уақыты. Мемлекет басшысының өзі қатаң үнемдеу саясатына көшу керектігін бірнеше мәрте қайталап айтты. Президентті аса қадірлейтін, ол кісінің сөздерін даналыққа балайтын депутаттарымыз неге осы тұста Елбасының үнемдеу туралы айтқанына бір кісідей қолдау білдірмеске?! Айтайын дегеніміз, Мәжілісте 107 депутат болды не, 7 депутат болды не - нәтижесі біреу ғана ғой. Парламентке келіп түскен заң жобасы бәрібір қарсылықсыз қабылданады. Қолдап дауыс бере салу дегеніміз тіптен оңай шаруа. Шыны керек, бұл жауапкершілікті Мәжіліс ғимаратының еденін жуып жүрген бір әйелге тапсыра салсақ та болатын еді. Еден жуып жүріп "қолдап дауыс бердім" дей салса, сол жеткілікті емес пе? Онысы үшін еден жуушы артық ақы да сұрамас еді. Сонда 107 мәжілісменге төлеп отырған шығынымыз үнемделіп, бюджет қалтасында қалады. Бірақ, бұнымыз демократиялық заңдылыққа қайшы болып қалуы мүмкін. Сондықтан, тым қатты "сараңдыққа" салынбай, 7 депутатты қалдырайық. "Ақжол" партиясы мен коммунистерден және ҚХА-дан бір-бір депутат және "Нұр Отаннан" 4 депутат (сайлауда көп дауыс алғанын ескеріп). Әрқайсысы бір-бір комитеттің жетекшісі болсын. Болды, жетеді. Ал қалған 100 депутатты "демалысқа" жіберейік. Қайта олар өздерінің бизнестерімен айналысса, мемлекетке сол пайдалырақ шығар.

Енді осы 100 депутатты қысқарту арқылы үнемделетін ақшаны есептеңіз. Әр депутаттың айлығы миллион теңгеге жетеғабыл. Оның үстіне әрқайсысының жанында көмекшілері бар, қызметтік үй мен көлік шығыны. Одан басқа түрлі іссапарларға, кеңсе қажеттіліктеріне жұмсалатын қаржыны қосыңыз. Басқа да шығындары жетіп-артылады. Сонда кемінде әр депутат үшін ай сайын бюджеттен орташа есеппен 3 миллион теңгедей қаржы жұмсалуы мүмкін. 100 депутат үшін 300 миллион теңге. Кемітіп айтқанның өзінде 1 жылда 3 миллиард теңге. Міне, әжептеуір қаржының басы көрінді. Сенатта да осындай қысқартулар жасасақ, 5 миллиард теңге бюджетте қалуы мүмкін. Енді осы 5 миллиардты кәсібін енді бастағалы отырған жас кәсіпкерлерге қайтарымсыз несие ретінде 1 миллион теңгеден бөліп берсек, елімізде 5 мың жаңа жас кәсіпкер пайда болады екен. Әр кәсіпкер 5 адамға жұмыс тауып берер болса, елімізде 25 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Оның үстіне кәсіпкерлер ел экономикасының көтерілуіне септігін тигізеді, салық төлеу арқылы бюджет қаржысын толықтырады. Және олардың жұмысы бір жылмен шектелмейді, бизнестерін дамытып жатса, алдағы жылдарда бюджетке миллиардтаған теңге салық түсірулері мүмкін. Енді өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, "бірдей ойлайтын", "бір пікірдегі" сонша депутатты асырап отырған пайдалы ма, әлде оларды қысқарту арқылы үнемделген қаржыны кәсіпкерліктің дамуына бөлген олжа ма? Әрине, екіншісі.

"Бұлай істеуге заң ерік бермейді" деп қынжыларсыздар. Түк те қиындығы жоқ. Біздің депутаттарға заңдарға өзгеріс енгізе салу ши сындырғаннан да оңай емес пе? Іштерінен біреуі суырылып шығып, "осылай істейік, бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде Елбасы саясатының жүзеге асуы үшін осылай көмек жасайық" деп ұсыныс жасап, бастамашы болса болғаны, ертеңіне қажетті заңдарымыздың бәріне өзгеріс енгізіледі де, барлығы оп-оңай жүзеге аса қояды.

Азаттыққа блог жолдаған оқырман Ербол Жалпошев.

Тіпті, қалған 7 депутат үшін еңселі ғимаратты босқа ұстап отырудың да қажеті жоқ. Одан да оны бизнес өкілдеріне жалға берсін де, өздері екі бөлмелі пәтер жалдап, кеңсе етсе де болады. Тіпті, оған да қаржы шығындамаудың жолы бар. Министрліктегілер заң жобасын әлеуметтік желіге жарияласын, оған депутаттар «лайк» басса, қолдап дауыс бергендері болып саналып, бірден президенттің қол қоюына жөнелтіле берсін. Сонда қалған депутаттар үйінде телефонын шұқылап отырып-ақ кез-келген заң жобасына дауыс бере алады. "Пәлен лайк жинадым" деп заң жобасының авторлары да мәз болады. Есесіне Парламенттің еңселі ғимаратын жалға беру арқылы жыл сайын тағы да миллиардтаған теңге табыс табамыз. Оған жүздеген депутаттан босайтын қызметтік пәтерлерін қосыңыз. Элиталық ол пәтерлердің әрқайсысын “су тегін кетті” дегеннің өзінде айына 2 мың долларға жалға беруге болады. Сонда бір жылда 100 пәтерден 2 миллион 400 мың доллар табыс табуға болады. Бұл - “үнемдеуге іліккен” мәжілісмендердің босаған пәтерлерінен табатынымыз. Сенаттықтарды қоссақ, 4 миллион долларға жақындайды екенбіз. Бұл аз десеңіз, олардың қымбат шетелдік көліктерін саудаға қояйық. Осылайша шаш-етектен табысқа кенелгелі отырған жоқпыз ба?

Міне, осындай-осындай жолдарды қарастырар болсақ, бұл дағдарыстан өту жеңілірек болатын еді. Сондықтан, халықтың қалаулылары халықтың дағдарыстан қиналмай өтуі үшін айтылған ұсыныстарға құлақ асқандары жөн деп есептейміз.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.