Қазақстандықтар не оқиды?

KitapFest-2015 шарасында кітап қарап отырған қыз. Алматы, 5 қыркүйек 2015 жыл.

Социологтар «қазақстандықтар жылына ең көбі бес кітап, ал сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі мүлде кітап оқымайды» дейді. Кітапханашылар мұнымен келіспесе, жазушылар оқырманды кінәлайды.

Қазақтың бас сәулет-құрылыс академиясының 1-курс студенті Ринат Меңлібаев Азаттық тілшісіне тек оқуына қатысы бар әдебиеттерді ғана оқитынын мойындап, «әдеби кітап оқуға уақытым жоқ» дейді.

- 1-курста оқимын, сабақ ауыр – курстық жұмыстар, баяндамалар жазуға тапсырма береді, семинарға дайындалу керек. Кітап оқуға мүлде уақыт жоқ. Екі жылда [Әбдіжәміл Нұрпейісовтің] «Қан мен тер» романын ғана оқып шықтым, - дейді Ринат Меңлібаев.

1-курс студенті Ринат Меңлібаев. Алматы, 15 сәуір 2016 жыл.

Зерттеу нәтижелерін жариялаған жергілікті социологтардың мәлімдеуінше,сауалнама респонденттері арасында кітап оқумен әуестенетін ерлерге қарағанда (72 пайыз), әйелдер көп (80 пайыз). Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтар көбінесе детектив, тарихи және махаббат жайлы романдарды оқиды. Екінші орында - іскерлік және классикалық әдебиеттер, ал ғылыми және анықтамалық басылымдарды мүлде аз оқиды. Соңғы орында - фантастика, орыс әдебиеті, балаларға арналған кітаптар мен поэзия. Ел тұрғындары жылына ең көбі бес кітап оқиды, ал респонденттердің жартысынан көбі мүлде кітап оқымайды. Социологиялық сауалнаманы былтыр жыл аяғында саяси шешімдер институты жүргізген. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, сарапшылардың сұрақтарына елдің 16 қаласынан үш мыңға жуық адам жауап берген.

КІТАПХАНАШЫЛАР ПІКІРІ БӨЛЕК

Алматыдағы «Меломан» кітап дүкені сатушыларының айтуынша, жергілікті оқырмандар арасында шетел жазушылары танымал. Ал қазақ жазушыларының шығармалары дүкен сөрелерінде тұрғанымен, оларды онша көп сатып алмайды.

- Қазір көбінесе Грегори Дэвид Робертстің «Тау көлеңкесі», «Шантарам» және Джоджо Мойестің «Сенімен ұшырасқанға дейін» («До встречи с тобой») кітабын алып жатыр. Павел Раковтың «Ақылды қыздың ақымақ өмірі» , «Екі жоғары білімі бар ақымақ қыз танысқысы келеді» (орыс тіліндегі түпнұсқалары - «На самом деле я умная, но живу как дура», «Дура с двумя высшими образованиями желает познакомиться»), Анри Шарьердің «Жынды көбелек» кітаптарын көп сұрайды, - дейді дүкен сатушысы Маргарита Пескунова Азаттыққа.

Ол «кітап оқитындар бар, жұрт кейде тіпті таласып сатып алады» дейді. Оқырмандар 20 жаста және одан ересек, ал бір кітап екі жарым мың теңге және одан қымбат тұрады.

Kitapfest шарасына келген тұрғындар. Алматы, 5 қыркүйек 2015 жыл.

Антон Чехов атындағы қалалық кітапхана қызметкерлері «қазақстандықтар кітап оқымайды» деген пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, кітапханаға жұрт көп келеді, кітапты үйіне жаздырып алатындар көп. Кітапхана қызметкерлерінің Азаттық тілшісіне айтуынша, «жергілікті оқырмандар көбінесе совет заманында өмір сүрген қазақ классиктерін оқиды». Кітапханашы сөзіне қарағанда, сосын орыс классиктері шығармаларын оқиды, ал қазіргі заман жазушыларынан «сәнді авторларға» сұраныс бар.

- Оқырмандарымыз көбінесе «Абай жолын» алады, Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Шыңғыс Айтматов, Сәбит Мұқанов, Мұқағали Мақатаев, Бексұлтан Нұржекеев, Ілия Жансүгіровтің кітаптарын екі тілде том-томдап оқиды. Орыс классиктерінен Лев Толстой, Федор Достоевский, Антон Чеховты, қазіргі жазушылардан Дарья Донцова, Юлия Шилова, Шыңғыс Абдуллаевты оқиды. «Қазақстандықтар әдеби кітап оқымайды» деген пікірмен келіспеймін, бізде кітапты үйге алып оқитындар көп, - дейді кітапхана қызметкері Айнагүл Нұркеева Азаттыққа.

ЖАЗУШЫЛАР ОҚЫРМАНДАР ЖАЙЛЫ

Жазушы, ақындар - Қазақстанда шығатын көркем әдебиет авторлары «елде кітап оқу мәдениеті құлдырап кетті, кітабымыз мардымсыз тиражбен шығады» деп баяғыдан шағымданып келеді. Жергілікті авторлар қазақстандықтардың кітапты аз оқуына қазіргі ақпараттық технологияларды кінәлайды. Олар оқырмандар «интернетке көшіп алды», қазір ақпаратты телефон, смартфон, электрондық кітаптардан ала салады, ал бұл кітап оқу дағдысын жоғалтуға ұласады деп санайды.

Жазушы Надежда Чернова халықтың аз бөлігі ғана әдеби кітаптар оқиды деп санайды. Ол «қазір жұрттың көбі қажет дүниесін интернеттен оқуға үйренген» дейді.

Жазушы Надежда Чернова.

- Немере қызым 8-сыныпта оқиды, мысалы оның сыныптастары мүлде кітап оқымайды. Оқыса да интернеттен ғана оқиды, ал қағазға басылған кітапты оқуды қойды. Әдеби кітаптарды орта және аға буын оқитын, ал қазір филология факультетінің студенттері болмаса, қазіргі жастар оқымайды, - дейді Надежда Чернова Азаттыққа.

Жазушы «қазір қоғамдық көлікке кірсең, кітап оқып отырған адамды дәстүрлі картинаны көрмейсің, қазір бәрі телефоннан бас көтермейді. Ол «кітап оқуға, яғни жалпы мәдениетке деген қызығушылықтан мүлде айырылып барамыз, қазіргі жастардың білімі мүлде таяз» деп қынжылады.

Надежда Чернованың айтуынша, Ресейде оқырмандар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша Наполеонды «Совет одағының батыры» деп атаған. Ол «өкінішке орай, Қазақстанда да солай деп жауап берер еді» дейді.

- Мектепте әдебиет пен тарих пәндерін өте нашар оқытатынын немере қызымның сөздерінен байқаймын. Олар Тургеневтің «Муму» деген әңгімесін ғана оқыған. Ал кітапханаға келетін адам оқуына қатысы бар әдебиетті ғана оқиды, үйге жаздырып алмайды. Бұрын біз кітапханаға әдеби кітап алу үшін барушы едік. Кейін, 60-70 жылдары үй кітапханалары пайда болды, ал қазір, өкінішке орай мұндай әдет жоқ, - дейді Надежда Чернова.

Оның пікірінше, қазіргі заман авторларының шығармалары жарияланатын «Жұлдыз», «Простор» сияқты жергілікті әдеби журналдардың тиражы мүлде аз. Оның үстіне, жұрт санасын интернет жаулап алған әрі кітаптар қымбат тұрады. Әсіресе қазіргі дағдарыс кезінде интернеттен жүктеп ала салған оңай, ал онда еш сұрыптау, бағалаусыз жариялай салады. Ал жұрт бәрін шетінен оқиды дейді ол.

Жазушы әрі ақын Бақытжан Қанапиянов бұл проблемаға философиялық тұрғыдан қарайды. Өз ортасында танылған автор көркем әдебиеттің қадірі артатын немесе түсетін кезеңдер болады, кітап оқу деңгейі бүкіл әлемде түсіп кетті деп санайды.

Жазушы әрі ақын Бақытжан Қанапиянов.

- Шетелде көп боламын, сондықтан қазақстандықтар ғана емес, кітап оқитындар шетелде де азайғанын көріп жүрмін. Меніңше, мұның себебі уақыттың тығыздығына байланысты. Қазір аудиокітаптар шығып жатыр, ал оқырмандардың қағаз кітапты қолына ұстап, иісін сезінбейтіні өкінішті. Мазмұны, көркемдік параметрлері жағынан қазақстандық кітап озық елдердің кітап өнімдерінен ешқашан осал болып көрген жоқ, бірақ кітапқа деген қызығушылық жоғалды, - дейді Бақытжан Қанапиянов Азаттыққа.

Оның айтуынша, «тірідей», яғни қолға ұстап оқыған кітап ақыл-ойды жаттықтырады, оқырманды ойланып-толғануға жетелейді, ал телефон арқылы оқыған кітаптан мұндай ләззат алмайсың.

Социолог Айгерім Бейбарыс кітап оқуға деген қызығушылықтың құлдырау себебін қарапайым азаматтардың кәдімгі еріншектігімен байланыстырады. Ол біраз жылдан кейін кітапқұмар адам қалмайды деп санайды.

- Өкінішке қарай, қазір қазақстандықтар әдеби кітап оқуды мүлде қойды. Бұрын үйіңде ондаған кітап тұрмаса, ұят саналатын, қазір ешкім үйінде кітапхана жинамайды. Қазақстандықтардың 16 пайызы ғана дүркін-дүркін кітап сатып алып тұрады. Жастар әдебиетке практикалық тұрғыдан қарап, сәнге енген авторларды немесе мамандығына қатысы бар кітаптарды ғана оқиды. Оқырмандар интернетке сүйеніп алған, кітапты тегін жүктеп ала салады, - дейді Айгерім Бейбарыс Азаттыққа.

Социологтың пікірінше, кітапты ең көп оқитындар - Алматы және Петропавл қаласының тұрғындары. Одан кейінгі орында Батыс Қазақстанның Атырау, Ақтау, Орал қалалары мен Көкшетау, Семей тұрғындары, ал оңтүстік аймақ тұрғындары аз оқиды.

Ал сіз, құрметті оқырман, социологтардың мәлімдемесімен келісесіз бе? Пікіріңізді форумымызда тыңдауға әзірміз.