Алматыда жаппай видеокамера орнатып жатыр

Алматы үйлерінің біріне орнатылған камера. 25 сәуір 2014 жыл.

Алматы қаласындағы аула, подъездерге видеокамералар орната бастады. Тұрғындардың көбі бұған қарсы, әрі мұны «мәжбүрлеу» деп бағалайды.
«Қауіпсіз аула» және «Қауіпсіз подъезд» мемлекеттік бағдарламалары аясында Алматы қаласындағы тұрғын үйлерге видеокамералар орнатыла бастады.

Камераларды осы бастаманы көтерген жеке меншік алты компания орнатады. Видеокамераларға техникалық қызмет көрсету ақысы үшін тұрғындар ай сайын екі доллар төлеуі тиіс.

Зейнеткер Анатолий Селезнев. Алматы, 25 сәуір 2014 жыл.

Бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істеген 66 жастағы зейнеткер Анатолий Селезнев өз подъезіне видеокамера орнатуға үзілді-кесілді қарсы.

- Одан да аула, көшелерді қоршап, жаяу полицейлер қойғаны дұрыс еді. Ұры-қары кез келген тесікке кіре алады. Ебін тауып электр жүйесін істен шығарады да, шаруасын тындырып, кете барады. Мына видеокамераларынан ешқандай пайда жоқ. Қала қауіпсіздігін ойлағандары жөн, бірақ мына видеокамераларына қарсымын. Оның үстіне, ай сайын 350 теңге төлейді екенмін. Өзім зейнеткермін, маған түкке қажеті жоқ дүниеге ай сайын төлейтін ақшам жоқ, - дейді қала тұрғыны Анатолий Селезнев Азаттық тілшісіне.

ҮГІТ

Бұл кісі сияқты камера орнатуға қарсы тұрғындар көп. Бірақ олардың қарсылығы тұрғын үйлерге видеокамера орнату науқанын тоқтата алмайтын сияқты. Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) әкімдіктің тапсырмасы бойынша тұрғындармен жиналыс өткізіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп, тіпті үгіт парақшаларын да таратады.

Қарамағында 24 үй бар «Алмаз» ПИК-інің мастері Күнсая Мамырованың айтуынша, жұрт камера орнатуға әрең келісіп жатыр.

- Келіспейтіндер көп. Бірақ бізде үнемі осылай ғой. Әуелі келіспей, шулайды да, кейін бәрібір орнатады. Домофон орнатқанда да осылай шулаған. Пайдалы зат екенін көрген соң өздері өтініп келеді, - дейді Күнсая Мамырова Азаттық тілшісіне.

Күнсая Мамырова. Алматы, 24 сәуір 2014 жыл.

Видеокамера орнатуға көбінесе жастар келіседі. Ал зейнеткерлер мен бала-шағасы бар жандар келіспейді. Камера орнатуға келісім беру туралы қол жинауда қиындық туды. Өйткені, тұрғындардың көбі пәтерді жалдап тұратындар болып шықты. ПИК өкілдері тіпті «қол жинауға көмектескендерге жеңілдік жасалады» деп те хабарлады.

- Мына подъезде бейнебақылау камерасын орнату үшін тұрғындардан 50 пайыз қол жинасақ жеткілікті. Ал келіспегендер ай сайын бәрібір екі доллар төлейтін болады. Меніңше, пайдалы нәрсе. Ұрлық-қарлық, үй тонау азайып, қоқыс тастау да аздап тыйылар еді, - дейді Күнсая Мамырова.

ЖОСПАР

«Қауіпсіз аула» және «Қауіпсіз подъезд» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға Алматы қаласындағы жеке меншік алты күзет фирмасы қатысты. Видеокамераларды орнатумен де солар айналысады. Global servise компаниясының коммерциялық директоры Владислав Цой Азаттық тілшісіне:

- Қала әкімдігі бұл жобаны қаржыландырмайды. Бастаманы біз көтердік. Әкімдік қызметкерлері тұрғындардың жиналысын ғана өткізеді. Бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасын осылай тиімді жолмен тиімді шеше алады, - деді.

Көрнекі сурет.

Қазір қалада екі мыңнан аса видеокамера орнатылған. Жоспар бойынша, жаз ортасына қарай Алматының 50 ауласына бейнебақылау орнатылмақ. Әуелі муниципалды үйлерге орнатылатын видеокамералармен кейін тұрғын үй кешендері қамтылады деп жоспарланған.

Батыс елдерінде «үкімет органдары жаппай бейнебақылау орнату өкілеттігін асыра пайдаланады» деген проблема көтерілгеніне көп болды. Азаматтық белсенділер «мұндай камера жазбаларының көбінің қылмыскерді іздеуге пайдасы жоқ, ал объективке түсіп қалған заң бұзбайтын азаматтар жайсыз жағдайларға тап болады» дейді.