Жығылған мүйісінде балық қырылды

Каспийдің Қазақстан жағалауы. (Көрнекі сурет)

Каспий теңізінің Жығылған мүйісінде балықтардың жаппай қырылып жатқаны туралы хабарланды. Мамандар мұны оттегі жетіспеушілігінен көрсе, әскери жаттығудан күдіктенушілер де бар.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданына қарасты Таушық ауылдық әкімдігінің қызметкері (аты-жөнін жарияламауды сұрады – ред.) Азаттыққа «бір аптаға жуық уақыт бойы ауыл маңындағы Жығылған мүйісінде балықтардың жағаға шығып қырылып жатқанын» көргенін айтты.

Жағаға шығып қалған балықтар. Фото tumba.kz сайтынан алынды. Маңғыстау облысы, Жығылған мүйісі, 24 тамыз 2014 жыл.

​«Арнайы ат басын бұрмасаң, көп адамның көзі түсе бермейтін өңір ғой. Мен кездейсоқ барып қалдым. Сонда жағаға шығып қалған балықтарды көрдім» деді әкімдік қызметкері.

Жығылғандағы балықтың қырылуы туралы ақтаулық Tumba.kz вебсайты да жергілікті тұрғындардан шағымдар түскені туралы жазды.

Маңғыстау облыстық балық инспекциясының бастығы Қуанғали Ашахов Азаттық радиосына Жығылған мүйісіндегі балықтың қырылуын растады.

«Қазір комиссия құрылып, сол жаққа аттанып барады. Шындығында жаппай қырылып жатқан жоқ. Бірен-саран балықтар жағаға шығып жатыр. Жағаға шығып қалған – балықтың «кефаль» деп аталатын түрі» деді Қуанғали Ашахов.

«ЖЫЛ САЙЫН БОЛЫП ТҰРАДЫ»

Облыстық балық инспекциясының бастығы балықтардың жағаға шығып қалуына екі түрлі себеп әсер етуі мүмкін деп санайды.

​«Біздің ойымызша күннің ыстығынан болуы мүмкін. Өйткені Түпқараған жақтың сулары таяз. Ары кеткенде тереңдігі екі-үш метр ғана. Сондықтан оттегі жетпей өлуі мүмкін» деп тұспалдайды әкімдік өкілі. Қуанғали Ашанов Каспий теңізінде болған әскери оқу-жаттығу да экологиялық апатқа түрткі болуы мүмкін деп болжайды.

«Қазір теңіз жақта оқу-жаттығу болды дегенді естіп отырмын. Қызметкерлердің айтуынша, «43-шақырым» деген жерде өткен аптада су астынан гүріл естілген. Содан да күдіктеніп отырмыз» деді ол.

Бірақ Түпқараған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Алмагүл Аушабаева Азаттық радиосына: «Өткен аптада теңіз жағасында ешқандай оқу-жаттығу жиындары өткен жоқ» деп мәлімдеді.

Қосымша оқыңыз: Экологтар Каспий итбалықтарының қырылуын тексеруге шақырды

Каспийдің экожүйесін бақылап жүрген мамандар Жығылған мүйісіндегі балықтың қырылуын оттегі тапшылығынан көреді. Эколог Махамбет Хакимов:

Каспий жағасында жатқан өлі балық. Маңғыстау облысы, 24 тамыз 2014 жыл.

​«Жығылған теңіздің бір қолтығындағы су. Ол жерде биылдыққа бірде-бір рет су көтерілген жоқ. Жазда жаңбыр да болмады. Ал Жайықтың суы шамалы. Сондықтан судың азаюы, су алмасуының болмауы балықтардың өліміне соқтырды. Оттегінің жетіспеуінен балықтардың жағаға шығып қалуы жыл сайын болып тұрады» деді эколог Азаттық тілшісіне.

Каспий теңізінде балықтардан бөлек итбалықтардың қырылуы туралы хабар соңғы оншақты жылдан бері тұрақты түрде жарияланып келеді. Кейбір ғалымдар Каспийдегі теңіз жануарлары мен жәндіктерінің жаппай қырылуына мұнай өңдеу кезіндегі судың ластануы мен мұзжарғыш кемелердің жүрісі себеп болуы мүмкін деп болжайды.