Ауғанстанның әйелдер түрмесіндегі азап және керітартпа қоғам

Тұтқын әйел түрме торынан қарап тұр. 30 наурыз 2010 ж.

Өзін «Лида» деп таныстырған ауған әйелі жасамаған қылмысы үшін жеті жыл бойы түрмеде отырғанын айтып мұңын шағады.

«Бостандыққа шыққым келеді. Кез келген қылмыс үшін жеті-сегіз жылға түрмеге тоғыту лайықты жаза деп ойлаймын. Бұдан ұзақ отырған адам кекшілденіп кетеді», - дейді ол.

ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА ТҮРМЕЛЕР

Араларында Лида бар 160 әйел ауған астанасы Кабулдағы Тахия Маскан ауданында жаңа салынған үш қабатты түрмеде күн кешіп жатыр. Бұлардың бағы бар десе болады. Себебі сотталғандарға гүлді көйлек киюге, түрме ішінде емін-еркін жүруге рұқсат берілген. Әр камерада теледидар тұр. Ал әйелдер сауат ашу, компьютер, тігін тігу өнері сияқты түрлі үйірмелерге қатыса алады. Оларды әйел күзетшілер қарауылдайды.

Кісі өлтірді деп айыпталып, 16 жылға абақтыға жабылған Лида мұның алдында жатқан түрмесін еске түсіргенде көзіне жас алады. Ол ескі
Әйелдер түрмесінің ғимараты. Кабул, Ауғанстан, 1 маусым 2011 ж.

түрмеде 5 мыңдай еркек сотталушы қамалған. Әйелдердің камералары бөлек дегенімен, оларды еркек күзетшілер қарауылдаған.

Ауғанстандағы әйелдер қамалған түрмелерді зорлау оқиғалары жиілеп кетті деген дабыл қағылған соң ғана олардың жанайқайына халықаралық қауымдастық көңіл бөле бастаған. Соңғы үш жыл ішінде халықаралық донорлардың арқасында Кабулда, Гератта және басқа қалаларда әйелдерге арналған қамау орындары бой көтере бастады.

– Түрменің аты түрме ғой. Бірақ біз жаңа, таза жерде тұрып жатқанымызға қуанамыз. Ең бастысы, мұнда ескі түрмелердегідей қауіп-қатер жоқ, – дейді тұтқын.

Ауғанстанның «Адам құқықтарының тәуелсіз комиссиясы» ұйымы әйелдерге бөлек түрмелердің салынғанын құптап отыр. Бірақ елдің басқа барлық аймақтарында әйел сотталушылар бұрынғы азапты өмірді әлі бастан кешіп жатыр дейді. Осы ұйымның өкілі Гулам Хакактың айтуынша, көп түрмелерде әйелдердің тіпті камерадан тысқа шығуының өзі – қауіпті.

КЕРІТАРТПА ДӘСТҮР

Ауғанстанда қалыптасқан тәжірибе бойынша, айып тағылған әйелдерді қамауға арналған орын болмағандықтан, оларды белгілі бір лауазымды тұлғаның кепілді қарауына береді. Әлгі адам оны сот болғанша белгілі бір жерде қамауда ұстап отырады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл тәжірибеден мүлде бас тартқан дұрыс. Себебі айыпкер әйел «қараушының» қарамағына өткен соң іс жүзінде оған кіріптар болып қалады, демек оның дегеніне көнуге мәжбүр. Логар провинциясында
Түрмедегі тұтқын әйелдер кілем тоқып отыр. Герат провинциясы, Ауғанстан, 29 қаңтар 2010 ж.

осындай бір қараушы өзінің қарауына берілген жасөспірім қыз баланы зорлаған. Бұл – жария болғаны ғана. Көп әйел іштен тынып, тағдырына мойынсұнып жүре береді.

Бұл – ауған түрмелеріндегі мәселенің бір жағы. Мамандардың айтуынша, жазасын өтеуші әйелдердің ең үлкен проблемасы – құқықтарының аяққа тапталуы. Сотталғандардың біразы Ауғанстанның қылмыстық заңдарында көрсетілмеген «қылмыстары» үшін жазаланған. Оның көбі – әйелді еркектің басыбайлы күңі деп түсінетін ескі дәстүрдің салдары.

Озбыр күйеуінің не қайын атасының қолынан қашып шыққаны үшін, өзіне туыс емес еркекпен сөйлескені үшін, яғни шариғаттың «моральдық» заңдарын бұзғаны үшін қамауда жатқандар көп.

Консервативті ауған қоғамы жаза басқан әйелдерді маңдайынан сипамайды. Сауатсыздықтан шарасыз күйге түскендері өз алдына, олар түрмеден шыққан соң жақсы өмір сүретіндеріне сенбейді. Себебі қоғам оларды «бұзылғандар» деп сыртқа тебеді. Тіпті кейбір әйелдердің ет жақын туыстары да «әулетін қарабет қылған» әйелмен ат құйрығын үзісіп, іргесін аулақ салады. Түрмелерде сотталған аналарымен бірге тұрып жатқан балалардың да болашаққа деген сенімі жоқ, олар да өздерін «қарабет болғандардың» қатарына жатқызады.

ҚАЗАҚ ТҮРМЕЛЕРІНДЕГІ ЗАҢСЫЗДЫҚ

Халықаралық түрме реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілі берген мәліметтер бойынша, осы жылдың басында Қазақстандағы түзеу колонияларында 3659 жан жазасын өтеп жатса, 563 әйел тергеу изоляторларына қамалған. Соның ішінде 27-сі – жүкті әйел, 711-і – кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер. Қазақстанда әйелдер бөлек қамау орындарында ұсталады.

Бірақ онда да мәселе де шаш етектен. Қазақстан жан басына шаққанда
Жауғашты кентіндегі ЛА-155/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер. Алматы облысы, тамыз, 2010 ж.

сотталғандар саны жөнінен алдыңғы орындардың бірінде келе жатқаны өз алдына, түрмелердегі заңсыздықтар, азаптаулар, жемқорлық туралы ақпараттар ара-тұра жарияланып тұрады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы былтырғы жылдағы адам құқықтарының жағдайы туралы есебіндегі мәлімет бойынша, бір жыл ішінде 174 сотталушының қатысуымен өз-өзіне қол жұмсаған 87 оқиға тіркелген. Олардың 27-сі – топтасып әрекет еткендер.

Қоғамдық ұйымдар өкілдерінің айтуынша, тұтқындардың көбі түрме жүйесіндегі заңсыздыққа наразы.