Орталық Азиядағы бұрынғы советтік бес елдің барлығында да мемлекеттің саяси-экономикалық өрлеуіне тұсау салатын тамыр-таныстық пен жемқорлық өршіп тұр. Билеушілер халық шыдамының шегі бар екенін естен шығарды.
Фаворитизм мен тамыр-таныстық Қырғызстанның екі президентін – Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевті – қатарынан қызметтерінен қууға себеп болды. Бірақ олардың биліктен қалай айрылғаны Орталық Азиядағы өзге постсоветтік елдердің басшыларына сабақ болмай отыр.
БАКИЕВТІҢ БАУЫРЛАРЫ МЕН ҰЛДАРЫ
Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим мен ағасы Жаныш – елде президенттен кейінгі ең ықпалды тұлғалары болды. Оппозиция жетекшілерінің бірі Әзімбек Бекназаров 2007 жылы жасаған мәлімдемесінде «бұл екеуі шын мәнінде бүкіл Қырғызстанды билеп отыр» деген еді. Сол уақытта тағы бір саясаткер Өмірбек Текебаев та «Қырғызстанда ортағасырлық тамыр-таныстық жүйесі патшалық құрып отыр, жоғары билік лауазымдары шенеуніктер арасында тек қандас туыстық негізінде бөлінетін болды» деген.
Жаныш пен Максим Қырғызстанды өзара ықпал аймағына бөліп алды. Максим бизнестің майлы жілігіне, атап айтқанда металл өндірісі, банк, БАҚ және қаржы секторына бақылау орнатса, Жаныш құқық органдарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Әуелі
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің туысы Жаныш Бакиев. Жалалабад, 12 сәуір 2010 жыл.
Қырғызстан қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары болған Жаныш кейіннен мемлекеттік күзет қызметін басқарды. Құрманбектің тағы екі бауыры – Марат пен Әділ – Қырғызстан елшіліктеріндегі жоғары лауазымдарды иеленді. Бірі Қырғызстанның Германиядағы елшісі, екіншісі Қырғызстанның Қытайдағы елшілігінің жоғары лауазымды қызметкері болды.Тағы бір бауыры Қаныбек – ауыл әкімі, енді бірі – бизнесмен Ахмат Бакиевтердің туған өңірі Жалалабад облысының «бейресми билеушісі» атанды. 2006 жылдың басында қайтыс болған бір бауыры Жүсіпбек – Қырғызстанның Инвестициялар мен инновациялар агенттігі директорының орынбасары еді.
2010 жылғы қанды көтеріліс осынау былық-шылыққа белшеден батқан жүйенің күл-талқанын шығарды. Сол көтеріліс кезінде Қырғызстан арнаулы қызметі 87 кісіні өлтірді.
Төңірегіне бала-шағасын, аға-інілері мен туған-туысқандарын топырлатып жинаған Бакиевке жібі түзу кеңес беретін кәсіби мамандар да, саясаткерлер де қалмады. Кезінде Асқар Ақаевты орнынан тайдыруға атсалысқан саяси одақтастарының бәрі одан теріс айналды.
Ал Құрманбек Бакиев елдегі жағдай күннен күнге ушығып келе жатқанын көре тұра, қайткенде де билік тізгінінен айырылмауды ойлады. Алайда мұндай жүйенің ұзаққа бармайтыны түсінікті бола бастаған еді, өйткені саяси серіктестерінен айырылған Бакиев өз туыстарының шырмауында қалып қойды.
«КІТАПТАР МЕН КАРТИНАЛАР ҒАНА»
Асқар Ақаевтың билігі кезінде аса маңызды мәселелер бойынша қабылданатын көптеген шешімдерге оның әйелі Майрам Ақаева елеулі ықпал етті.
Ленинград мемлекеттік университетін тәмамдаған, механика саласы бойынша профессор деген ғылыми атағы бар Майрам Ақаева «Мейірім» қайырымдылық қорының президенті болды. Оның көзіне іліккен бизнесмендер мен шенеуніктердің барлығы президент әйелінің қорына «өз еріктерімен» қомақты қаржыны түйдек-түйдегімен аударып жатты.
Сарапшылар Ақаевтың отбасы мен айналасы Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің 20
Солдан оңға: Асқар Ақаев, оның зайыбы Майрам, Нұрсұлтан Назарбаев және Ислам Каримов Шымбұлақтағы тау шаңғысы базасында. Алматы, 8 қаңтар 2001 жыл.
пайызына жуығын қалтаға басқан деп пайымдайды. Асқар Ақаевтың әйелі мен ұлы Айдар мемлекеттік лауазымдарды «сатумен» шұғылданатын құдыретті адамдар ретінде танылды. 2006 жылы Қырғызстанда Асқар Ақаевтың туған-туыстарына қатысты 106 қылмыстық іс қозғалды.Ал Асқар Ақаев пен оның әйелі жалпы жұртшылық алдында «жиған тергеніміз – кітаптар мен картиналар ғана» деп айтудан танбайтын. Бірақ олар солай дегенмен, бала-шағасы мен туған-туыстары Қырғызстандағы қолға ілігер нәрсенің барлығына сұғанақтана кірісіп, хан талапайға салып жатқан еді.
Ақаев қызы Берметті парламент депутаты, ұлы Айдарды қаржы министрінің кеңесшісі, содан соң парламент депутаты етті.
Қара халықтың қитығына бәрінен бұрын Берметтің күйеуі, яғни президенттің күйеу баласы, Қазақстан азаматы Әділ Тойғанбаевтың тайраңдағаны қатты тиді. Кейбір журналистер Қырғызстандағы табысты бизнес көздерінің бәрі, әсіресе алкогольді ішімдік өндіретін сала Тойғанбаевтың бақылауында болғанын айтады. Кейбір телерадио компаниялар мен «Вечерний Бишкек» сияқты танымал газеттер де «күйеу баланың» жемсауына түсіп кеткен еді. Ақаев қызметтен тайдырылған соң Әділ Тойғанбаевқа қарсы бес қылмыстық іс қозғалды. Оған «Қырғызстан экономикасына 18,8 миллион доллар көлемінде залал келтірді» деген айып тағылды. Қазір ол Қазақстанда емін-еркін өмір сүріп жатыр. Астана оны Бішкекке беруден бас тартты.
«МЕНТАЛИТЕТІМІЗ СОНДАЙ»
Бүкіл Орталық Азия аймағында отбасы деген – негізгі әлеуметтік институт. Жақын туыстарды айтпағанда, алыстан қосылатын ағайындардың арасында да байланыс үзілмейді. Отбасылық байланыстар қаржылай қолдау арқылы да жалғасатыны түсінікті. Жалпы жұртқа айта беретін қоғам ішіндегі өзге сенімдерден отбасылық кландардардың арасындағы өзара сенім әлдеқайда мықты. Міне, сондықтан да Қырғызстанда болған оқиғалардан жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен тамыр-таныстықтың түбі халық наразылығына ұласатынын айқын көрсе де, Орталық Азияның кейбір билеушілері осы жүйеге таскенеше жабысып, айырылғысы жоқ.
Тәжікстан президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының жетекшісі Сухроб Шәріпов «Азия Плюске» берген сұқбатында «президент Эмомали Рахмон егер өз туыстары жоғары лауазымдарға лайықты болса, онда оларды сол қызметтерге тағайындауға құқылы» деп мәлімдеді.
– Менталитетіміз сондай, сондықтан бізде ағайын-туыстар бір-біріне жақын жүруге тырысады. Тәжікстанда отбасылық байланыстар барлық уақытта пайдаланылып келді және ылғи да солай бола береді, – дейді Сухроб Шәріпов.
Рахмонның бірнеше баласы қазірдің өзінде жоғары лауазымды қызметтерде отыр. Жиырма үш жастағы ұлы Рустам Тәжікстандағы билік шыңына еш қымсынбастан, қиналмай шығып алды. Бүгінде жұртшылық оны ел президентінің келешек мұрагерінің қатарына қосып қойды. Ал қызы Тахмина – бірнеше сауда желілері мен Тәжікстан Даму банкі құрылтайшыларының бірі. Эмомали Рахмонның балдызы Хасан Садуллоев – елдегі ең ірі Ориентбанктің директорлар кеңесінің төрағасы. Көптеген фабрикалар, жылжымайтын мүлікпен шұғылданатын компаниялар, ресторандар мен бұқаралық ақпарат құралдары да президенттің осы балдызына тиесілі.
Америкалық елшілік депешаларына қарағанда, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнәра елдегі пайдасы мол бизнестің бәрінен үлес алады, сондықтан оған сырттай «қарақшылар ханшайымы» деген лақап ат таңылған көрінеді. «Зеромакс» деп аталатын холдингілік компаниясы тіркелген Женева қаласында тұрып жатқанына көп болған Гүлнәра Каримова біраз уақытын Испанияда өткізеді.
ЖАЛҒЫЗ ЖАЛАҚЫ НАЗАРБАЕВҚА АЗ БОЛАДЫ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір кездері «президенттің жалақысы тіпті аз болғандықтан балаларынан жәрдем алып тұратынын» қалжыңдап айтқан еді. «Форбс» журналының мағлұматтарына қарағанда, оның қызы Динара мен күйеу баласы Тимур – миллиардерлер. Қайын атасымен араздасқанға дейін қоржынын толтырып үлгерген бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев те қазір шетелде бақуатты өмір сүреді.
Қазақ соты Әлиевті сырттай 40 жылға соттады. Сонымен бірге кезінде дүркіреп тұрған бизнес империясын да құлатып, зауытын, газетін, ұшақтары мен зәулім үйлерін, тағы да басқа мүлік-мүкәммалын тартып алды... Өз кезегінде Рахат Әлиев те аянып қалған жоқ, «Өкіл қайын ата» деп аталатын атышулы кітабында «Назарбаев заңсыз алған үшінші әйелінен туған бес жасар ұлы ер жеткенше, яғни билікті соның қолына ұстатқанша орнынан кетпеуге бекініп отыр» деп жазды.
Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың ұлы Мұрат іскерлер әлемінің жоғары тобында өзін еркін сезінетін. Табиғи газ экспорты оның бақылауында болды. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, оның толағай табыстары Кипрдегі оффшорлық банктерге аударылып тұрған. Осы Мұрат төңірегінде де «газ кеніштерін игеруге ниет білдірген шетелдік компаниялардан пара алды» деген күдіктер айтылды. Ол сондай-ақ алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатудан түсетін табыстарды қалт жібермей қадағалап тұрды.
Түркіменстанның өмірлік президенті деген мәртебесі бар Сапармұрат Ниязов өлген соң үш жылдан кейін түркімен үкіметі оның жемқорлыққа батқан жүйесін құртпақ болды. Алайда Түркіменстанның қазіргі президенті Гурбанқұлы Бердімұхаммедовтың отбасы мен айналасы дәл сол орынға қалай қонжия кеткеніне бәріміз куә болып отырмыз. Бір заманда ресейлік ескі көлікпен жүрген бұрынғы тіс дәрігері Бердімұхаммедов соңғы кездері шалқып өмір сүруге бел буғандай. Өз кланының мүшелері мен достарын үкіметтегі аса маңызды қызметтерге тағайындаудан тартынбайтын президенттің бір қызы қазір Лондонда, екіншісі Парижде тұрады.
Орталық Азияның бірде-бір президенті Қырғызстан оқиғаларынан сабақ алмаған сыңайлы. Олар «шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынатынын» қаперге алғысы келмейді.
(Эмиграцияға кеткен қырғыз журналисі Чолпон Орозобекова Швейцарияда тұрады. Ол Азат Еуропа/Азаттық, Би-Би-Си радиоларында, Соғыс және бейбітшілік институтында жұмыс істеді, тәуелсіз «Де Факто» газетінің редакторы болды. Аутордың бұл мақалада айтылған ой-пікірлері Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.)