Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жұртшылыққа өзінің әмбебап өнерпаз һәм әнші екендігін паш етуге кірісті. Алайда оның әріптесі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін бірнеше әннің сөзін жазып, мемлекеттік әнұран авторларының біріне айналып үлгірген еді.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің 54 жасқа толуына орай таяуда өткен арнайы телешоуда түркімен халқы өз президентінің «ақындық, композиторлық және әншілік қабілетіне» куә болды.
«ПРЕЗИДЕНТ АЛДАДЫ МА, ӘЛДЕ ПРЕЗИДЕНТТІ АЛДАДЫ МА?»
Музыкалық топ ішінде бірде аккордеон, бірде гитара тартып, ән салған президент Бердімұхамедовті көрген көрермен ән біткенше тікесінен тік тұрып қол соқты. Махаббатты, ғашықтықты жырлайтын «Ақ гүлім саған арналады» дейтін бұл әннің сөзін жазып, әнін шығарған түркімен президентінің өзі екен. Мемлекеттік телеарна көрсеткен кадрлерде президенттің әнін тікесінен тік "тебірене тыңдап тұрған" аудиторияның ішінен шетелдік қонақтар мен дипломатиялық корпус өкілдерін көруге болады.
«Өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші» Түркіменстан президентінің бұл клипі Ашғабадтағы 3500 орындық концерт залының үлкен экранынан да көрсетілді.
http://www.youtube.com/embed/GSBXcfvwDXQ
Кейін түркімен мемлекеттік телеарнасы Гурбангулы Бердімұхамедов ұстаған аккордеон мен гитара «ұлттың байлығы мен ұлы қазынасы» ретінде мұражайға қойылғанын хабарлады.
2009 жылы маусымда Гурбангулы Бердімұхамедовтің туған күні қарсаңында Түркіменстанның орталық мұражайы ішінен мейлінше сән-салтанатымен президент мұражайы ашылған еді.
Алайда таяуда Азаттық радиосы Түркімен қызметінің azathabar.com сайты әні мен сөзі біріне-бірі «қатты ұқсайтын» екі әнді – Түркіменстан президентінің 2011 жылғы клипі мен жас түрікмен әншісі Доулет Аманлыковтың 2009 жылы-ақ жариялаған клипін қатар көрсетіп, «президент алдады ма, әлде президентті алдады ма?» деген сауал қойды.
http://www.youtube.com/embed/b2mM1kasyLM
«НҰРЕКЕҢ МЕН ТҰМЕКЕҢ...»
Дәл осыған ұқсас, «Тұмекең Нұрекеңнен ұрлады ма, әлде Нұрекең Тұмекеңнен ұрлады ма?» деген сұрақты 1998 жылы Қазақстанның тәуелсіз ақпарат құралдарының бірі «Дат» газеті де қойған еді.
«Дат» газетіндегі «Нұрекең мен Тұмекең... өлеңнің авторы кім екен?» деген шағын мақалада әнші, қазіргі парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның айтуында Қазақстанда танымал әндердің біріне айналған «Елім менің» әнінің «сөзін жазған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев» дегенге күмән келтірілген.
Бұл пікірге дәлел ретінде Тұманбай Молдағалиевтің «Елім менің» («Егемен Қазақстан» газетінің 1996 жылы 6 наурыздағы нөмірінде жарияланған) деп аталатын өлеңін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазағым менің» (1998 жылы
Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңі туралы "Дат" газетінде жарияланған мақаланың көшірмесі, 2 қараша 1998 жыл.
«Ана тілі» баспасынан жарық көрген кітапта жарияланған) деген өлеңімен қатар қойып салыстырды. Айырмашылық – жалғыз шумақ болып шықты.
«ЖҮРЕК ҚАЛАУЫНАН ТУҒАН ӘН...»
Қазақстанға кең тараған бұл ән кейін мемлекеттің «әнұранына айналып кете жаздады». 2000 жылы мамырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған кезде қабылданған әнұранды өзгерту жөнінде сөз қозғасымен парламент депутаты Нұрбах Рүстемов «Қазақстан Республикасының әнұранын өзгерту туралы» заң жобасын парламентке ұсынып, Нұрсұлтан Назарбаевтың «өлеңіне» жазылған «Елім менің» әнін қабылдау жөнінде бастама көтерді.
– Шешуші сәтке келгенде «Дат» газетінде көрсетілген мәліметтерді парламенттің алдына қоюға мәжбүр болдым» дейді сол кездегі мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин жуырда komparty.kz сайтына берген сұқбатында. – Өлеңнің көшірме екені айдан анық. Осы кезде өз өлеңін талқылаудан алып тастау туралы Нұрсұлтан Назарбаевтан хат келді. Мәжіліс депутаттары тағы да бір кісідей дауыс беріп, күн тәртібінен алды да тастады. Бәрінен Нұрбах қатты қуанды.
Алайда Серікболсын Әбділдиннің пікірі президенттің хатында айтылған оймен сай келмейді. «Бұл өлең әнұран үшін емес, жүрек қалауы бойынша, өскелең ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін ояту, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында жазылған» деп көрсетілген еді президенттің «Егемен Қазақстан» газетінде 2001 жылы жарияланған ұсыныс хатында.
Бірақ Қазақстаның мемлекеттік әнұраны бәрібір өзгерді. 2006 жылы қаңтарда өткен Қазақстан президентінің инаугурациясында Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік әнұран ретінде ойналып, оның сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденовтің қатарына Нұрсұлтан Назарбаевтың да аты қосылды.
Қазақстандық «Музарт», «Бәйтерек» топтарының орындауындағы «Үшқоңыр», «Сарыарқа» әндерінің де сөзін жазған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев деседі. Бұл екі әннің авторы Алтынбек Қоразбаев жергілікті баспасөзге «Елбасымен бірігіп осындай екі ән жазғаныма бақыттымын» деп мәлімдеген еді.