Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқарма бастығының орынбасары Еркін Түгелбайұлы Азаттық тілшісімен сұхбатында жаңа өзгерістерге қатысты әңгімелеп берді.
Азаттық радиосы: – Еркін Түгелбайұлы, бүгіннен бастап күшіне еніп жатқан «Жол жүрісі» туралы ережедегі өзгерістердің жаңалығы неде?
Еркін Түгелбайұлы: – Бұл жолы жүргізушінің көлік құралын пайдалану немесе иелік ету құқығын растайтын құжатты (сенімхат) өзімен бірге алып жүру міндеті алынып тасталды. Яғни бұған дейін автокөлікті сенімхат арқылы жүргізіп жүрсеңіз,бұдан кейін жол-патрульдік полиция қызметкерлері сол құжатты сізден сұрамайды.
Your browser doesn’t support HTML5
Екіншіден, бұған дейін автокөліктерді елді-мекендерде арнайы бөлінген орындардан басқа жолдарда тоқтауға тиым салынған болатын. Осы норма да алынып тасталынды. Бұдан кейін нақты шектеу белгілері жоқ тұста басқа көліктерге кедергі келтірмейтін болса, жол бойына тоқтап тұруға болады.
Үшінші өзгеріс - жеке тұлғалардың автокөліктерін техникалық байқаудан өтетін мерзімі бұрын төрт жыл болса, бұдан кейін өзгеріс жеті жалға дейін ұзартылды.
Төртінші өзгеріс - қоғамдық көліктердің жолаушыларды отырғызу-мінгізу тәртібі нақтыланды. Бұған дейін қоғамдық көліктер жолаушыларды жол қиылыстарында түсіріп-мінгізе беретін. Бұдан кейін оған мүлдем тиым салынды.
Азаттық радиосы: – Бұған дейін кейбір ақпараттарда «көліктін жақын қашықтықтағы шамын күндіз жағып жүру» тармағы алынып тасталатыны айтылған болатын. Бірақ сіз бұл өзгеріс туралы айтпадыңыз. Сонда көлік шамын жағып жүруге қатысты норма қалпында қалды ма?
Еркін Түгелбайұлы: – Бұл нормаға тиым салынған жоқ. Өйткені осы норма заңдық күшіне енгеннен кейін елді-мекендердегі жол апаты бірнеше есеге азайды. Себебі жаяу жүргінші өздеріне арналған арнайы жолақпен өтіп бара жатқан сәтте жан-жағына қарап, келе жатқан көліктің жарығына орай бағдар жасап үлгереді. Елді-мекендерде жақын қашықтықтықтағы жарықты жағып жүру нормасы жол апатын болдырмаудың алдын алуда жақсы нәтиже беріп отыр. Сондықтан бұған тиым салынған жоқ.
Азаттық радиосы: – Көліктердің жақын қашықтықтағы шам жарығын жағып жүруі жол апаттарын азайтты дедіңіз ғой. Нақты қанша пайызға азайғаны туралы айта аласыз ба?
Еркін Түгелбайұлы: – Бізде көрсеткіштері он күн сайын нақтыланып есепке алынатын жол апаттары бар. Сол себепті бүгінге дейінгі нақты көрсеткіш прокуратурамен сәйкестендіріліп бүгін дайын болады.
Азаттық радиосы: – Жыл басында заңдық күшіне енген нормаларға қайтадан өзгеріс енгізудің себебі неде?
Еркін Түгелбайұлы: – Бұл нормалар алдында да талқыланған. Бұған дейін жүргізушілердің арасында да келіспеушіліктер болып, депутаттардың сараптамасынан өткен. Бұл заң бірінші қаңтардан бастап іске асып жатты ғой. Бұл жолы соның арасындағы кейбір заңнамалық актілерге ғана өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.
Азаттық радиосы: – Сұхбатыңызға рахмет.