Үйқамақтан қашқан Сұлтан Махмадов ұсталып, сот жүріп жатқан Тараз қаласына жеткізілді

7 тамызда Сұлтан Махмадов үйқамақтан қашып кеткендігі жөнінде ақпарат тарады. Кәсіпкерді халықаралық «Манас» әуежайында Мәскеу рейсімен ұшқалы тұрған жерінде қырғыз арнайы қызметі қолға түсірді деп мәлімделді. Ол қазір Таразда ұсталып отыр.

ҚАШАМЫН ДЕП ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
9 ай бойы арнайы қызметтің бақылауымен үйқамақта отырған «БМ» компаниясының директоры Сұлтан Махмадов "салық төлеуден жалтарғаны және жариялау мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құпия мәліметтерін ұрлағаны үшін" деп айыпталған, оған Тараздағы №2 қалалық сотта қылмыстық ісі бойынша жақын күндері айыптау үкімі шығарылуға тиіс болатын.

ҰҚК баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаровтың 7 тамыз күні «КазТАГ» агенттігіне берген түсініктемесі бойынша, «Арнайы қызмет пен құқық қорғау органдары бірлесіп, «Перехват» операциясын жариялайды, осының нәтижесінде оны қырғыз сақшылары ұстаған».

«БМ» компаниясының директоры Сұлтан Махмадов тамыздың 6-сында түстен кейін демаламын деп, екінші қабаттағы бөлмесіне кіріп кетеді. Есіктің сыртында, дәлізде отырған күзетші 60 жастағы кәсіпкердің екінші қабаттан секіріп, белгісіз жаққа қашып кеткенін білмей қалады.

Сұлтан Махмадовтың қащқаны жөніндегі ақпаратты "Журналистер қауіп-қатерде" баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Розлана Таукина да Тараз қалалық сотының төрағасына сілтеме жасай отырып, растады.

"Тараздағы №2 қалалық соттың төрағасы Абидов ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаменті Сұлтан Махмадовтың үйқамағынан қашып кетуіне байланысты кәсіпкерді қамауда ұстау жөнінде ұсыныс түсірді, сот ҰҚК-нің бұл ұсынысын қанағаттандырды деп хабарлады",- деді Розлана Таукина.

Сұлтан Махмадовтың бұл әрекетінен кейін жазалау шарасы өзгеруіне қатысты қандай да бір ақпарат алу мақсатында, оның адвокаты Мұсатай Бектасовқа хабарласқан болатынбыз. Алайда адвокат өз телефонын сөндіріп тастапты.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Тараз қаласындағы №2 сотта жабық жағдайда өтіп жатқан процесте прокурор судьядан «БМ» компаниясының директоры Сұлтан Махмадовқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған.


"ВМ" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫНАН БІРЕР ДЕРЕК

«БМ» компаниясы «Вайнах» өндірістік кооперативі негізінде құрылған. Сұлтан Махмадов еңбек жолын кеңестік одақ тұсында аудандық тұрмыстық комбинатта банкі қақпағын шығаратын цехта жұмыс істеуден бастаған. Тоқсаныншы жылдардың басында, өндірістік кооперативтер құруға жол ашылған кезде, ол осы цехты сатып алып, банкі қақпақтарын өзі шығара бастаған. Банктен несие алып, арақ-шарап өнімдерін шығаруды қолға алған дейді білетіндер.

Тоқсаныншы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы ауыр еді, арақ өнімдері қатты сұранысқа ие болып, Махмадовтың тасы өрге домалады.

Осы кезге дейін өнімнің 38 түрі шығарылып келді. Өнімдер қатарында түрлі тамақ қоспалары болса, мал азықтандыруға арналған биоэтанол және тағы басқа өндірістер де жұмыс істеп тұрды.

Ұзақ уақыт Сұлтан Махмадов президент Назарбаевпен достық қатынаста болғандықтан, оның бизнесі тез өркендеді дейтіндер де бар.