Қазақстандағы алғашқы жанкешті, 2011 жылы мамыр айының 17-сі күні Ақтөбедегі ҰҚК департаментінде өзін-өзі жарған Рахымжан Мақатовтың ата-анасы «ұлымыздың теріс жолға түсуіне келін кінәлі» дейді. Жанкештінің жесірі Мейрамгүл Сатаева «күйеуімнің әрекетін түсіне алмадым, бәріне төреші - Аллаһ» деп біледі.
2011 жылғы мамыр айының алғашқы күндері ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ақтөбе облыстық департаменті тергей бастаған азаматтардың бірі – Рахымжан Мақатов болатын. Олар ҰҚК-нің «экстремистік топ құрды» деген күдігіне ілінген еді.
«ЖИҺАД»
Тергеушіге «қаладан ешқайда шықпаймын» деп қолхат берген Рахымжан мамырдың 6-сы күні Шұбарқұдық кентіне төркіндеп кеткен әйелін шақыртыпты. Жесірі Мейрамгүлдің айтуынша, сол күні ол күйеуіне жеке көліктері «Опель-Вектраны» сатып, адвокат жалдайық» деп кеңес берген екен. Жұбайы бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартыпты.
Мейрамгүл мамырдың 4-і күні тергеу басталғалы күйеуінің күрт өзгеріп кеткенін байқаған. Бірақ «өзін-өзі жарады деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірген емес» дейді ол.
Исламды қабылдаса, мамаммен келісіп, бірге тұрыңдар. Егер исламды қабылдамаса, онда бөлек тұрыңдар. Менен үмітіңді үз.
– Жиһад туралы, Кавказға барып, мұсылман бауырларға көмектесу туралы Рахымжан айтқан екен Асат ағаға («Рахымжан Мақатовтың сыбайласы» деген айыппен 2011 жылы 14 желтоқсанда сотталған 12 адамның бірі, 17 жыл түрме жазасын алған Есет Мақуовты айтады – ред.). Рахымжан: «Мен оны дағуаттап (оған уағыз айтып – ред.) келіп, енді ұсталып қалған кезде бауырымды сатып кете алмаймын. Не де болса, бірге көреміз. Мен сотталып кеткен соң туыстарым сені кінәлайды. Сен барынша сабырлы бол. Сөйлеме. Исламды қабылдаса, мамаммен келісіп, бірге тұрыңдар. Егер исламды қабылдамаса, онда бөлек тұрыңдар. Менен үмітіңді үз» деді, – дейді Рахымжан Мақатовтың жесірі Мейрамгүл Сатаева.
Мейрамгүл 2009 жылы, тұңғышына аяғы ауыр кезде күйеуінің өзіне бір диск көрсеткенін еске алды.
– Кавказдағы жарылыс, атыс, аяқ-қолы жоқ, қиналып жатқан адамдар. Зорланып жатқан екіқабат әйелдер. Шошып кеттім. Құрсағымда жеті айлық бала бар болатын. Қатты ауырып қалдым. «Маған мұндайды енді қайтып көрсетпеші»
Рахымжан Мақатов ҰҚК Ақтөбе департаментінде жарылыс жасаған мамырдың 17-сі күні оның әйелі Мейрамгүл Сатаева да тұтқынға алынған еді.
Бес айлық Нусайбасымен тоғыз күн қамауда отырған оның айтуынша, ҰҚК қызметкерлері күйеуінің жарылыс жасап, қаза болғанын мамырдың 18-і күні кешке естірткен.
«ШАРИҒАТТЫҢ ТАЛАБЫ»
– Күйеуімнің жарылысты қандай оймен жасағанын әлі күнге түсінбеймін. Қайдан білейін, қандай оймен барғанын онда? Қорқытуға барды ма? Мен ол жайттан хабарсызбын. Сөйте тұра менен бәрі теріс айналды. Ата-енем теріс айналды. Ағайын-туыс теріс айналды. Көрші-көлем теріс айналып жатыр. Ешкімге ренжімеймін. Бұл – менің тағдырым. Бұл – маған Аллаһтың беріп тұрған сынағы, – дейді Рахымжан Мақатовтың жесірі Мейрамгүл Сатаева.
Рахымжан Мақатов пен Мейрамгүл Сатаева үш жыл бір ай отасыпты. Ол күйеуі қаза болғанша ата-енесімен бірге Ақтөбенің оңтүстік-батыс ауданындағы екі қабатты коттеджде тұрған. «Ол кісілермен алғашқы күннен-ақ діни көзқарастарымыз қайшы болатын» дейді Мейрамгүл ата-енесі жайлы.
Кавказдағы жарылыс, атыс, аяқ-қолы жоқ, қиналып жатқан адамдар... Шошып кеттім. Құрсағымда бала бар болатын. «Маған мұндайды енді қайтып көрсетпеші» дедім.
Ол күйеуінің «дін жолын қатты ұстанғанын», «ислам қалай айтса, солай жасағанын» айтады.
– [Күйеуім] өзінен басқа ер адамның көзіне көрінбеуімді талап ететін. Қайынағам мен отырған бөлмеге рұқсатсыз кіріп келсе, екеуі керісіп қалатын еді. Қайын жұртымнан ер адамдар қонақ боп келсе, оларға шай құйғызбайтын. Үйімізде осы орайда келіспеушіліктер көп болды. Әйтсе де мен оны теріс көрмеймін. Ислам әйелді сұқ көзден, жамандықтан алдын-ала сақтайды, – дейді Рахымжан Мақатовтың жесірі.
«АЛЛАҺТЫҢ СЫНАҒЫ»
Мамырдың 17-сі күнгі оқиға – Рақымжанның өзін-өзі жаруы Мақатовтар отбасының өмірін күрт өзгертіпті.
Рақымжан Мақатовтың әкесі, отставкадағы полиция полковнигі Орынбасар Мақатов пен жанкештінің анасы, медицина саласының қызметкері Баян апай қазір бөлек тұрады.
Бұл туралы Азаттық тілшісіне Орынбасар Мақатов айтты. Ол кісінің сөзінше, денсаулығы күрт нашарлап кеткен, қазір жүріп-тұруы қиындап қалған.
– Бұлар дінге кіріп, мені құртты, – деп күрсінді Орынбасар Мақатов.
Орынбасар Мақатов Ақтөбенің оңтүстік-батыс ауданындағы екі қабатты коттеджін сатып, үш пәтер алғандарын айтты. Оның бірінде Орынбасардың әйелі,
– Мейрамгүл ол үйге барғысы келмей отыр, – дейді Орынбасар Мақатов.
Азаттық тілшісі Рахымжан Мақатовтың жұбайы Мейрамгүл Сатаевадан пәтерден бас тарту себебін сұраған еді, ол «ойланып отырмын» деп қысқа қайырды.
Мейрамгүл Сатаева бес айдан бері Ақтөбеге іргелес Кірпішті ауылында тұрып жатыр. Өз айтуынша, оған дейін үш баласымен бірге бірнеше пәтерде жүрген.
– Бұл үйдің иесі – Орынтай ахи (ахи – «аға» деген сөздің арабшасы – ред.). Туыстығымыз жоқ. Бірақ әйелі де, өзі де – дін жолын ұстанатын мұсылман бауырымыз, – дейді Мейрамгүл.
Ол бос тұрған үйін паналатқан отбасының пәтерақы алмайтынын айтады.
– Өзге де «браттар» мен «сестралар» қол ұшын беріп тұрады. Жұрттың бәрі «ваххабист» деп теріс айналғанда, далада қалдырмаған – солар, – дейді хиджаб киген келіншек.
Рақымжан Мақатовтың жесірі сұқбат барысында «ахи», «брат», «сестра» деген сөздерді тек дінге қатысы бар адамдарға байланысты айтып отырды.
Үйелмелі-сүйелмелі үш қызымен (үлкені үш жаста) жесір қалған келіншектің қазір сеніп отырғаны – асыраушысынан айрылғандығы үшін берілетін 22 мың теңге. Үш
Бірақ Мейрамгүл Сатаева:
– Аллаһтың сынағына сабыр көрсеткендерге жәннаттан үй тұрғызылады, – дейді.
«Адамның өзіне қол жұмсауына тыйым салған ислам діні талабы тұрғысынан қарағанда, Рахымжан Мақатовтың өзін өлтіргеніне, тіпті, басқа жазықсыз адамдардың өмірлеріне қауіп төндіргеніне байланысты не ойлайсыз?» деп сұрады Азаттық тілшісі ол кісіден.
– Сіздің сауалыңызға жауабым жоқ. Өмірден өтіп кеткен адамды айыптап қайтемін? Көптің көкейіндегі сауалдар менің де көкейімде жүр. Бірақ одан не пайда? Әр нәрсенің төрешісі – Аллаh, – деп жауап берді Мейрамгүл Сатаева.
Ол «күйеуімнің әрекетін түсіне алмадым және оған ешкімді де кінәламаймын» дейді.
P.S. Мейрамгүл Сатаева өзі мен балаларының фотосын жариялау «исламға қарсы» деген уәж айтып, суреттерді шығаруға рұқсат етпеді.