Дариға Назарбаеваның «Бөбектен» вице-премьерлікке дейін карьерасы

Дариға Назарбаева мен әкесі Нұрсұлтан Назарбаев оның президент сайлауындағы жеңісін тойлап тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева жұрт алдындағы жиырма шақты жылында саясат сахнасын да, театр сахнасын да көрді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің 11-і күні үлкен қызын – парламент мәжілісінің вице-спикері әрі ондағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваны премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

НАЗАРБАЕВАНЫҢ МЕДИА-МЕНЕДЖЕР БОЛУЫ

52 жастағы Дариға Назарбаеваның қоғамдық өмірі 1992 жылы «Бөбек» қайырымдылық қорына вице-президент болып келуден басталды.

Дариға Назарбаева 1994 жылы жаңадан құрылған «Хабар» агенттігінің директоры атанды. Ол сол жылы қазан айында баспасөзге бергенде сұхбатында телеарнаға басшы болуын «Әкеме көмектесуге келдім» деп сипаттады. Ол «Хабарға» басшы болғаннан кейін оппозициялық ұстанымдағы «ТелеМ», «Тотем», «Семейный канал», «Рик» секілді телеарналар тендерден өте алмай жабыла бастады.

Дариға Назарбаева 1999 жылы қаңтардың 10-ы күні өтетін президент сайлауы қарсаңында мемлекеттік арнаны басқарудан уақытша кететінін мәлімдеді. Бұл кезде президент сайлауына қатысуды көздеген бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинге қарсы ақпараттық шабуылдар басталып кеткен еді.

Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев. 2005 жыл.

Бұл оқиғалар тұсында оппозиция «ақпараттық ресурстар Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Рахат Әлиевтің қолына шоғырланғанын» айтып, наразы бола бастаған. «Хабар» агенттігіне қоса «Қазақстан-1» телеарнасын да басқаруға кіріскен Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ықпалы туралы 2001 жылдың қазан айында парламент депутаты Төлен Тоқтасынов арнайы мәлімдеме де жасаған. Бірақ Дариға Назарбаева іле-шала «Хабар» арнасы мен «Караван» арқылы оны теріске шығарған. Рахат Әлиев те «бұқаралық ақпарат құралдарында ешбір активі жоқ екенін» деп мәлімдеген.

Арада ай өтпей-ақ Рахат Әлиевке қарсы басталып, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына ұласқан істі Дариға Назарбаева «кейбір шенеуніктер мен бизнес элитаның бүлігі» ретінде бағалаған. Бұл оқиғадан кейін Әлиев ЕҚЫҰ-ға елшілікке жіберілген соң да Назарбаеваның белсенділігі толастаған жоқ. Ол 2002 жылдың басында адам құқығы мен бостандығын қорғайтын «Қоғамдық қорғау» қорын құрып, Қазақстан журналистерінің 1-конгресі мен мен халықаралық 1-медиафорумын өткізді.

НАЗАРБАЕВАНЫҢ САЯСАТКЕР АТАНУЫ

Дариға Назарбаева 2003 жылы көктемінде жаңа саяси жобаға кірісті. Ол қозғалысын сол жылы күзде «Асар» партиясына айналдырып, қазанның 25-і күні өткен съезінде «Алланың қолдауы, әруақтардың жебеуімен тірлігін бастағанын» баяндады. Бірақ сол съезге келген президент әкімшілігінің басшысы Марат Тәжин бұл бастаманы президент Нұрсұлтан Назарбаев та қолдап отырғанын айтып, оның құттықтауын оқып берген.

Тәуелсіз саясаттанушылар «Асарды» Дариға Назарбаеваның «өзінің бар екенін көрсету үшін ойлап тапқан кезекті амалы және «Ақжол» оппозициялық партиясына балама» деп сипаттаған. Саясаткер Нұрболат Масанов «Асар» партиясын «қажет болған жағдайда Дариға Назарбаеваны мұрагерлікке ыңғайлау үшін жасалған Назарбаевтың жобасы» деп түсіндірген.

Дариға Назарбаева "Асар" партиясының жиынында тұр. 2005 жылдың қарашасы.

2004 жылғы парламент сайлауында «Асар» партиясы атынан мәжіліс депутаты болып сайланған Дариға Назарбаева сол кездегі оппозиция өкілдері туралы айтқан оғаш пікірлерімен де есте қалды.

Ол 2005 жылы қарашада қастандықтан қаза болған Заманбек Нұрқаділовті жерлейтін күні «президент сайлауы қарсаңындағы Нұрқаділовтің өлімі – оппозицияға тиімді» деп мәлімдеген. Дариға Назарбаева 2006 жылы кісі қолынан қаза тапқан оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін «Президентке жасалған қастандық» деп бағалаған. Назарбаева сол тұста жариялаған «Дежавю» атты мақаласында ҰҚК төрағасы Нартай Дүтбаевтың президентке «Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктеріне қастандық жасағандар президент Назарбаевтың жақын туыстары Рахат Әлиев, Тимур Құлыбаев немесе Қайрат Сатыбалдиев болуы мүмкін» деп мәлімдегенін жазған. Бірақ ол көп ұзамай «бұл пікірді ет қызумен байқамай айтып жібергенін» түсіндіріп, ондағы мағлұматынан бас тартқан.

НАЗАРБАЕВАНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ МЕН ҚАЙТА ӨРЛЕУІ

2006 жылы шілденің 4-і күні «Асар» партиясы өзге бірнеше партиямен бірге биліктегі «Отан» (қазіргі «Нұр Отан») партиясына қосылып кетті. Сарапшылар мұны Дариға Назарбаеваның саяси өрісі тарыла бастағаны деп сипаттаған. Көп ұзамай Рахат Әлиев Дариға Назарбаева екеуінің «Хабар» мен КТК арналарында, «Караван» газетінде және Kazakhstan Today ақпарат агенттіктерінде акциялары бар екендігін ашық мойындаған. Бір қызығы, содан небәрі екі жыл бұрын ғана оппозиция өкілі Алтынбек Сәрсенбайұлы ол ақпарат құралдарының Әлиев пен Назарбаеваға тиесілі екенін сотта «дәлелдей алмай», жеңілген еді.

Дариға Назарбаеваның парламент депутаты кезінде Теміртау политехникалық колледжіне барған суреті. 2012 жылдың сәуірі.

2007 жылдың көктеміне қарай «Нұрбанктің» топ-менеджерлері мен Рахат Әлиевке қатысты шулы оқиға болды. Сол тұста Дариға Назарбаева «Нұрбанктің» жоғалып кеткен топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті «жауапкершіліктен қашып жүрген қылмыскерлер» деп сипаттаған. Кейін олардың сүйегі табылған соң Қазақстан билігі екеуінің өліміне Рахат Әлиевті айыптаған.

Қазақстан прокуратурасы 2007 жылы мамыр айында Рахат Әлиевті тұтқындауға санкция берген соң бір ай өте Назарбаеваның Әлиевтен сырттай ажырасқаны, одан қалған мүлікке иелік ете бастағаны мәлім болды. 2008 жылы наурызда Назарбаева мен Әлиевтің үлесі бар делінген «Хабар» медиахолдингі 100 миллион долларға бағаланып, оның 49,9 пайыз акциясын мемлекет сатып алды.

Ері Рахат Әлиев 2007 жылы шетелге қашқан соң өзі де саясаттан шеттей бастаған Дариға Назарбаева «билікке құмар емес» екенін бірнеше рет мәлімдеді. Ол 2008 жылы сәуірде «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында: «Билікке соншалықты құмарлығым жоқ екенін бірнеше жыл бойы шегелеп келемін. Бірақ осы сұрақ алдымнан шыға береді. Неге екенін түсінбеймін» деген.

Бірақ Дариға Назарбаева төрт жыл үзілістен кейін – 2011 жылы қайтадан саяси және концерттік сахнаға шыға келген. 2011 жылы желтоқсанда Мәскеуде концерт берген ол 2012 жылдың қаңтар айында «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша парламент депутаты атанған.

Дариға Назарбаева «Алма-Ата – менің алғашқы махаббатым» ретрофестивалінде ән айтып тұр. Алматы, 7 қыркүйек 2013 жыл.

Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі - өз атына айтылған айыптауларды жоққа шығарып, олардың «саяси астары бар» деп мәлімдеп келген Рахат Әлиев 2015 жылы ақпанда Венада қаза тапты. Оның жансыз денесі жалғыз кісілік камерада асылып тұрған жерінен табылды.

Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің үлкен ұлдары Нұрәлі Әлиев – қазір Астана қаласы әкімінің орынбасары. Назарбаева мен Әлиевтің өзге екі баласы Айсұлтан мен Венера Назарбаевтың тегіне жазылған.