Accessibility links

Дариға Назарбаеваның сөзі интернеттегі жұртты шошытты


Қазақстан президентінің қызы, парламент депутаты Дариға Назарбаева. Алматы, 11 қараша 2011 жыл.
Қазақстан президентінің қызы, парламент депутаты Дариға Назарбаева. Алматы, 11 қараша 2011 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі балалар туралы сөзі Қазақстан президентінің қызы, парламент депутаты Дариға Назарбаеваны Қазнетте ең көп талқыланған тұлғаға айналдырды.

Vlast.kz интернет-басылымының болжамы бойынша, Қазақстандағы ең ықпалды әйел Дариға Назарбаева 2011 жылы саясатқа оралғаннан бері талай сөзі жұрт сынына ілікті. Бірақ оның «білім беру саласындағы реформалардан жүрек айниды» деген соңғы сөзінің өзі мүгедек балалар туралы айтқан сөздеріндей үлкен қоғамдық пікір тудырған жоқ.

Желтоқсанның 10-ы күні Астанада парламенттің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында сөз сөйлеген Дариға Назарбаева жасөспірімдердің адамгершілік-жыныстық тәрбиесі тақырыбын қозғады. Депутаттар Қазақстанда жыл сайын ерте жүктілік, мерез және ВИЧ дертін жұқтырудың 22 мың оқиғасы тіркеледі деген статистика келтірді.

Дариға Назарбаева осы отырыста «Меніңше, жасынан ерте жауапсыз жыныстық қатынасқа түсудің қандай салдары болатынын көрсету үшін балаларды ара-тұра жетімдер үйіне, мүгедек балаларға арналған интернаттарға экскурсияға апарып тұру керек. Оларға әлгі кемтарлардың балаларын, мүгедектерді көрсету керек, көрсін! (Орысшасы: «И детей этих уродов показать, инвалидов, пусть смотрят» – ред.). Мұндай әдіс 10 сағат лекция оқудан да күшті әсер етеді» деп мәлімдеген.


Депутаттың бұл сөзі Қазақстан интернет-қоғамдастығы тарапынан наразылық тудырды. Көптеген интернет қолданушылар Дариға Назарбаеваны жазғырды.

Сапа Мекебаев: «Отбасының қайдан шыққанын есіне түсіріп, тәубесіне келтіру үшін өзбек президенті Ислам Каримов әбден есіріп кеткен үлкен қызының басынан қойып қалғаны туралы жазылып жатыр. Президент те пенде екені түсінікті. Бүкіл ғұмырын халыққа арнағаны да түсінікті. Мемлекеттік шаруалардан қолы тимей, балаларына тиісті тәрбие бере алмағанын да түсінуге болады. Бірақ өздері де елуге келген балалары әкесін жер қылмау керектігін түсінуі тиіс сияқты» дейді.
Баланың мүгедек болып тууына нашақорлық пен маскүнемдік 100 пайыз себеп болса да, балалардың жазығы не?
Ann Nell есімді интернет қолданушы.

Комментарийінда мүгедек балалардың да құрметке лайықты екенін ескерткен Ann Nell «Мүгедек баланың бәрі әке-шешесінің қылығынан кемтар болып тумайды немесе мұндай халге түспейді. Дені сау анадан да ауру бала тууы мүмкін. Ал ең маскүнем деген әйелдің өзі бірнеше дені сау бала тууы мүмкін. Тіпті баланың мүгедек болып тууына нашақорлық пен маскүнемдік 100 пайыз себеп болса да, балалардың жазығы не? Бұл – олардың әке-шешесінің күнәсі. Жарымжан балалардан фрикшоу жасағаны несі. Мұндай депутаттар қалай жер басып жүр?..» деп жазады.

YouTube желісінде жарияланған видеоға көптеген қолданушы осы сарында пікір білдірген. Gul Nur есімді қолданушы биыл ресейлік зымыран тасығыштың Байқоңырдан ұша бере жарылып, зяинды гептилдің төгелгенін еске салады.
Полигон жабылса да, оның іргесіндегі аудандарда сынақ өткізуге рұқсат берген адам – кемтар.
Gul Nur есімді интернет қолданушы.

Gul Nur: «Дариға, егер сіз сондай «ақылды әрі сұлу» болсаңыз, депутаттар мен спикерлеріңізді қазақ даласының бейбіт аспанынан гептил төгіліп жатқан Байқоңырға экскурсияға апарыңыз. Жазықсыз балалардың мутацияға ұшырау себебін сол жақтан іздеңіз. Жоғарыда отырып алып, полигон жабылса да оның іргесіндегі аудандарда сынақ өткізуге рұқсат берген адам – кемтар. Әлгі сынақ полигондарынан түскен капиталдың игілігін кім көріп жатыр? Ал бейшара халық біреулердің күнәсінен зардап шегіп отыр».

Бірақ Дариға Назарбаеваға араша түскендер де табылды.

Nurlan Mukhanov: «Контекстен жұлып алынған сөзге жабыспаңдар. Іштен мерезге шалдығып туған балалардың фотосуреттеріне қараңдаршы. Балалардың кемтар болып туатыны өтірік пе?! Дариға жосықсыз жыныстық қатынастар жайында және соның кесірінен кемтар болып туатын балалар туралы айтып отыр» дейді.

Интернеттегі мұндай пікірталасқа Дариға Назарбаева әзірше пікір білдірген жоқ.
XS
SM
MD
LG