Қазақстанда «жала жапқанды» қатаң жазалайды

«Голос Республики» газетінің журналистері Алматы қалалық сотының дәлізінде акция өткізіп тұр. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан қылмыстық кодексінің жаңа редакциясын құрастырып жатқан жұмыс тобы «жала жабу» мен «қорлау» баптарында көрсетілген жазаны жеңілдетуге келіспеді.
Билік өкілдерінің пікірінше, көрінеу жалған ақпарат тарату әрекеті болғандықтан, бұл қылмыстар қоғамға қауіпті. «Бұл баптардан қылмыстық сипатты алып тастасақ, азаматтардың ар-ұжданына қасақана қол сұғу әрекеттері көбейеді» дейтіндер де бар. Журналистерді қорғау ұйымының өкілдері «қылмыстық сипатты алып тастамасақ, сөз еркіндігі шектеледі» дейді.

АЙЫППҰЛ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСҚА ЖЕГУ

Guljan.org сайтының журналисі Валерий Сургановқа жала жапқаны үшін 2011 жылдың қараша айында бір жарым жылға бас еркіндігінен айыру жазасы тағайындалып, ақшалай айыппұл салынды. Қылмыстық іс қаржы полициясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент бастығының орынбасары Санжар Әлиевтің жеке айыптауы негізінде қозғалды.

Қазір Валерий Сурганов өзінің жеке меншік Insiderman.kz интернет-жобасында Қазақстандағы билік өкілдерінің қызметі жайында хабар таратады. Оның ойынша, жала жабу туралы баптан қылмыстық сипатты алып тастау Қазақстанда қазір мүмкін емес.

Валерий Сурганов Алматы қаласының Медеу аудандық сотында тұр. Алматы, 7 қараша 2011 жыл.

- Бұл бап бұқаралық ақпарат құралдарын тоқпақтайтын таяқ сияқты. Бұл баптан бас бостандығынан айыру немесе бостандығын шектеу сияқты жаза түрін алып тастап, оны жеңілдету қажет. Айыппұл мен қоғамдық жұмысқа жегу сияқты шараны қалдырса да жетеді, - дейді Валерий Сурганов.

Оның айтуынша, «жала жапты» немесе «ар-ұжданды қорлады» деген айыптармен журналистер ғана емес, қарапайым азаматтар да жауапқа тартылып жатады. Мемлекеттік органға жазған кез-келген хат немесе белгілі бір адам туралы жазылған мақала әлгі хат пен мақала иесін сот алдынан бір-ақ шығаруы мүмкін.

- Қоғамда бұл үлкен проблемаға айналды. Оны бұқаралық ақпарат құралдарына ғана қатысты деп қарамау керек. Бұл бапты баяғыда жеңілдету керек еді. Өйткені жол апатында кісі өлімі болса, яғни мас күйінде көлігімен соғып, кісі өлтірген адам бес жылға еркіндігінен айырылады. Бірақ ол көбінесе үш жылмен немесе шартты мерзіммен құтылады. Екеуін салыстыруға болмайды ғой. Тіпті әдейі жала жабу мен адам өлтіріп, қашып кетуді қалай салыстыруға болады? – дейді Валерий Сурганов.

«ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ ҚЫЛМЫС»

Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын жасап жатқан жұмыс тобының мүшелері диффамация (біреуді масқаралайтын ақпаратты жариялау) бабынан қылмыстық сипатты алып тастауды қолдамады. Бұл жайында Астанада наурыздың 27-сі күні өткен «ҚР медиа заңнамасын реформалау перспективалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде бас прокуратураның қылмыстық кодекстің жобасын жасау жөніндегі жұмыс тобының сарапшысы Руслан Тоқтағұлов айтты.

Азаттықтың «Құқық қорғау органдары, түрлі министрліктер мен соттардың өкілдерінен тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы неліктен бұл баптардан қылмыстық сипатты алып тастауды мақұлдамады?» деген сауалға ол «Көрінеу жалған ақпарат тарату қоғамдық қауіпті әрекет болып табылатындықтан, жұмыс тобының мүшелері декриминализацияны қабылдамады» деді.

Қазақстан бас прокуратурасының қылмыстық кодекс жобасын жасау жөніндегі жұмыс тобының сарапшысы Руслан Тоқтағұлов. Астана, 27 наурыз 2013 жыл.

- Жеке адамның пікір білдіруі мен бұқаралық ақпарат құралының еркіндігі тұрғысынан алғанда, сөз еркіндігін басқа адамның беделіне нұсқан келтіретін көрінеу жалған мәліметті әдейі тарату сияқты қоғамға қауіпті қылмыспен салыстыру дұрыс емес, - дейді Тоқтағұлов.

Бас прокуратура 2010 жылы әзірлеген қылмыстық заңдарды ізгілендіру жөніндегі заң жобасында «жала жабу» және «қорлау» баптарында көрсетілген жазаны жеңілдетуді қарастырған еді. Бірақ бұл бастама қолдау таппады.

- Біз оларды жаңа категорияға ауыстырып, қамауға алмай-ақ, айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа жегу сияқты шараларды қалдыруды ұсындық. Бірақ жұмыс тобы бұл бастамамызды құптамады. Бас прократура мен жоғарғы сот «жала жабуды» декриминализациялауды ұсынып еді, бірақ бізді көпшілік қолдамады, - дейді Руслан Тоқтағұлов.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛДЫ ҰСЫНАДЫ

Дөңгелек үстелде құқық қорғаушылар мен халықаралық сарапшылар «Қазақстан заңдарын реформалау барысында озық тәжірибеден үлгі алуы тиіс» деп мәлімдеді.

«Егер қоғамдық ұйымдар билік өкілдерін қорлағаны үшін айыптайтын баптарды алып тастауды ұсынса, билік өкілдері керісінше, бұл баптарды қалдыруды жақтайды» деген сын айтылды. Жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған елдер мысал ретінде аталды. Бірақ ол елдерде қарапайым адам ба, шенеунік пе - айырмасы жоқ, заң алдында бірдей жауап береді. Оның үстіне, бұл елдердің заңдарында билік өкілдері сынға төзімдірек болуы тиіс деген ереже бар.

Парламент отырысына келген Украина журналистері "жала жабу" туралы баптағы қатаң жазаларға наразылықтарын білдіріп отыр. Киев, 2 қазан 2012 жыл.

- Украина заңы бойынша, лауазымды тұлға ар-ұжданын қорғау жөніндегі азаматтық процесте жеңіп шығуы үшін сотта жала жапқан адамның теріс пиғылы болғанын дәлелдеуі тиіс. Егер «теріс пиғылы» болғаны дәлелденбесе, журналист ақпараттың жалған екені туралы екінші рет ақпарат таратуға міндеттеледі. Ал ақшалай өтемақыны журналистің немесе ақпарат құралының теріс пиғылы болғаны дәлелденсе ғана алады, - дейді ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) өкілдігі кеңсесінің БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі сарапшысы және Киев медиа құқығы институтының директоры Тарас Шевченко.

Қазақстанда адамның жеке өміріне қол сұққаны үшін тағайындалатын жаза түрлерінің тым көп екенін айтқан ол:

- Егер «қорлағаны» және «жала жапқаны» үшін көп болса екі-үш жыл берсе, жеке өмірге қол сұққаны үшін бес жылға дейін бас еркінен айырып, кәсіби жұмыспен айналысуына тыйым салынады. Жалпы, «жеке өмір» деген ұғымға нақты сипаттама бере алмайсың. Бұл мәселе бойынша біржақты, субъективті шешімдер қабылданып жатады. Мысалы, ұлан-асыр үйлену тойын жасады немесе туған күнін тойлады деп жазылған мақаланы жеке өмірге қол сұғу деп тануға болады. Бұл үшін бірден бес жыл түрмеге жібереді, өйткені ешқандай критерий жоқ, - дейді Тарас Шевченко.

Тарас Шевченко Украинада парламент депутаттарының СМС-хабарламасын таспаға түсіріп алып, жариялаған интернет-порталдың журналистерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға тырысқан жағдайдың болғанын айтты. Қоғамдық пікірталастардан кейін бұл іс сотқа жетпей жабылыпты.

«Әділ сөз» сөз еркіндігін қорғау ұйымының президенті Тамара Калееваның айтуынша, «Қазақстан бұл мәселеде «жала жапқаны» үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған кейбір еуропалық елдерді үлгі еткісі келеді, бірақ шенеуніктер дәл сол елдерде бұл үшін ешкімді соттамайтыны туралы жақ ашпай келеді».
Меніңше, қылмыстық кодекстен әлгі баптарды алып тастауды қолдамайтындар – өз мүддесін ойлаған және көлеңкесінен қорқатын жекелеген шенділер ғана.

Калееваның дерегіне қарағанда, Қазақстанда «жала жапты, ар-ожданымды қорлады» деген айыппен жылына 20 шақты іс сотқа түседі.

- «Жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды әлгі жұмыс тобының құрамындағы кімдер жақтайды екен?» деген ой келді маған. Меніңше, қылмыстық кодекстен әлгі баптарды алып тастауды қолдамайтындар – өз мүддесін ойлаған және көлеңкесінен қорқатын жекелеген шенділер ғана, - дейді Тамара Калеева.

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, заңға енгізілетін маңызды шешімдер мен түзетулер жабық жұмыс топтарында асығыс қабылданады.

— Қазақстанда сөз еркіндігі көп пе? Мына әрекетке қарасаң, құдды журналистер әбден дандайсып, бетімен кеткендей, ал бейшара мемлекет олардың еркіндігінен бас көтере алмай отырған сияқты көрінеді, - дейді Сергей Уткин.

Жаңа қылмыстық кодекстің жобасы парламент талқылауына биыл тамыз айында түседі деп жоспарланған. Бас прокуратураның дерегі бойынша, ол 2014 жылдың шілдесінде күшіне енбек.